Мәселе • 02 Қараша, 2023

Ауған ардагерлерінің жесірлері арнайы мәртебе сұрайды

800 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ауған соғысы – ел тарихындағы қаралы парақтардың бірі. 10 жыл­ға созылған сол зұлмат күн­дердің аяқталғанына отыз жылдан аса уақыт өтсе де, оның зардабын тартып отырған отба­сылар арамызда әлі де бар.

Ауған ардагерлерінің жесірлері арнайы мәртебе сұрайды

Бейбітшілік орнату деген мақ­сат­пен ауған жеріндегі ұрыс іс-қи­мылдарына елімізден 22 269 жауынгер қатысқан. 924 адам жат жерде қалса, жар құшып, бала сүйіп үлгермеген 1015 жас елге мүгедек күйде оралды. 21 сарбаз іс-түзсіз жоғалған.

Жуырда редакциямызға «Ауған ар­дагерінің жесірі» ұйымы мүшелерінің Мемлекет басшысының атына жол­даған үндеуі келіп түсті. Олар бүгінгі әлеуметтік ахуалды ескере отырып, ауған ар­да­герлерінің жесірлеріне арнайы мәр­те­бе берілуін және әлеуметтік жеңіл­діктер қарастырылуын сұраған. «Қазір елімізде 10 мыңға жуық ауған арда­гері бар. Олардың шамамен 3 мыңы мүгедек. Жыл өткен сайын арамызда жүрген ауған ардагерлері мен соғыс мү­гедектерінің қатары азайып барады. Әйтсе де олардың артындағы от­ба­сыларының тұрмыстық жағдайы еске­русіз қалып отыр», делінген үндеуде.

«Қайтыс болған ауған ардагер­ле­рінің жесірлері әділдік кү­теді. Неге? Бұл сұраққа жауап беру үшін ауған соғысына қатысқан жауын­герлердің жесірлерінің күннен-күн­ге ушығып бара жатқан зарына назар аударып, тыңдауымыз қажет. Республикамыздың түкпір-түкпірінде ауған соғысы ардагерлерінің мың­да­ған жесірі мемлекет тарапынан қам­қорлықты, әлеуметтік тұрмыс жағ­­дайын жақсартуға көмек көрсе­ту­ді сұрайды. Ауған соғысы ардагер­лерінің отбасы бүгінгі заманға лайық­ты өмір сүруге құқылы. Түйіні шешіл­меген көптеген әлеуметтік мәсе­леге жанұшырған аналардың жанай­қайын жан-жақты тексеріп, шешім қабыл­дауды ұсынамыз», дейді олар.

«Ауған ардагерлері соғыстан кейін де ел игілігі үшін қызмет етті. Қа­зіргі таңда олардың жұбайлары мен бала-шағасы да әділетті Қазақстан құруды мақсат еткен отандастарымен бірге әр салада маңдай терін тө­гіп жүр». Осылай деген үндеу автор­лары тұрғын үй мәселесін шешу, әлеуметтік жәрдемақы мен зей­нет­ақыны қайта қарау, тұрғын үй ком­муналдық қызметі тарапынан жеңіл­діктер беруге қатысты бірқатар талабын білдірген.

Біз үндеу жасағандардың өздерімен хабарласып, мән-жайды тереңірек білуге тырыстық. Ауған ардагерінің жесірі Талдыгүл Жолаеваның айтуынша, оның жұбайы соғыстан мүгедек болып оралған. Алайда тірі кезінде де, қайтқаннан кейін де мемлекет тарапынан ешқандай жәрдем көрмеген. «Жұбайым тірі кезде үй кезегіне тұрған едік. Ол қайтыс болғаннан кейін бізді кезектен шығарып тастады. Қазіргі таңда ауған ардагерлерінің жесірлері мемлекет тарапынан мүлде ескерусіз қалды. Еліміздің түкпір-түк­пірінде мен секілді мыңдаған әйел зар жылап отыр», дейді ол.

Оның айтуынша, көрші Ресейде, Қырғызстанда ауған ардагерлерінің жесірлеріне мемлекет тарапынан жеңілдіктер жасалған көрінеді. Еліміз­дің кейбір өңірлерінде де (Батыс Қазақ­стан, Солтүстік Қа­зақ­стан облыстары, т.б.) белгілі бір дең­гейде қолдаулар болған. Ал Ал­маты, Жамбыл облыстарында ауған ардагерлерінің жесірлеріне еш­қан­дай әлеуметтік жеңілдіктер қарас­тырылмаған.

Біз осы мәселе бойынша «Qazaqstan ardagerleri» қауымдастығының төр­ағасы Бақытбек Смағұлға хабарласып, пікірін білдік. Оның айтуынша, «Ардагерлер туралы» заңға сәйкес Ауғанстандағы немесе басқа да мем­ле­кеттердегі ұрыс қимылдары кезін­де қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен немесе қайтыс болған әске­ри қызметшілердің отбасылары 4,59 АЕК мөлшерінде арнаулы мем­лекеттік жәрдемақы алуға құқылы. Бұл сома биыл шамамен 15 836 тең­гені құрайды.

– Егер Ауған соғысында қай­тыс болса, сол адамдардың отбасыла­ры 4,59 АЕК мөлшерінде жәрдемақы алуға тиіс. Сондай-ақ тірі болғанда Екінші дүниежүзілік соғыс мүгедекте­ріне теңестірілген мәртебесі бойынша жәрдемақы алып жүрген азаматтар қайтыс болғаннан кейін олардың екінші рет некеге тұрмаған әйелдері 2,56 АЕК, яғни 8 832 теңге мөлшерінде жәрдемақы алады, – дейді ол.

Оның айтуынша, «Ардагерлер туралы» заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға жергілікті атқа­рушы органдар тарапынан қосымша әлеуметтік қолдау шаралары көрсе­тіледі. «Жергілікті атқарушы орган көрсететін көмектің түрлері, алушылар санаттарының тізбесі, атаулы және мереке күндерінің тізбесі, көмектің мөлшері әр аймақта жеке бюджеттің мүмкіндігіне қарай жергілікті өкілді органдардың шешімдерімен өңірлік қағидаларда бекітіледі. Мысалы, Ас­тана қаласында аталған санаттағы азаматтарға атаулы күнге 11 АЕК мөл­шерінде біржолғы материалдық көмек беріледі», дейді қауымдастық төрағасы.

Бақытбек Смағұл алдағы 9-11 қа­ра­ша күндері Жезқазған қаласында «Әді­летті Қазақстан. Әлеуметтік жауап­кершілік. Азаматтық борыш» тақы­рыбында Ауған соғысы мен Чернобыль апаты ардагерлерінің кон­ференциясы өтетінін жеткізді. «Біз, «Qazaqstan ardagerleri» қауымдас­тығының атынан ауған ардагерлерінің жесірлері көтеріп отырған барлық мәселені күн тәртібіне шығарамыз. Әйелдердің айтып отырған талабы орынды. Бұл – оңтайлы шешімін табуға тиіс ұсыныс», деді ол.

Жалпы, қазіргі күні елімізде Ауған соғысы ардагерлеріне, олардың отбасыларына және жесірлеріне мемлекет тарапынан қандай көмек пен жеңілдіктер қарастырылған? Біз осы сауалды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жол­даған болатынбыз. Вице-министр Е.Оспановтың жауабына сүйенсек, 1999 жылы заттай жеңілдіктер берудің ескі жүйесін нарықтық экономикаға сәйкес келтіру мақсатында жеңілдіктер беру саласындағы заңнамаға реформа жүргізіліп, барлық жеңілдік мөлшері алушылардың санатына және бұрын берілген жеңілдіктерге қарай сараланып белгіленген арнаулы әлеуметтік жәрдемақы төлемімен ауыстырылған.

«Бұл ретте, заттай жеңілдіктерді ақшалайға ауыстыру алушылардың барлық санатының мемлекеттік көмек­ке тең қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылды (қалада, ауылда тұратындар үшін). Ауған со­ғы­сына қатысқан азамат­тарға және олар­дың отбасыларына ұсынылатын құқық­тар мен әлеуметтік кепілдіктер Әлеу­меттік кодекс, «Ардагерлер туралы» заң және өзге де заңнамалық актілермен реттеледі», делінген жауапта.

Министрлік берген мәліметке қа­рағанда, қазіргі уақытта Ауған соғы­сы ардагерлерін әлеуметтік қол­дауға бағытталған шаралар жүйесі бар. Атап айтқанда, олар – арнаулы мем­ле­к­еттік жәрдемақы төлеу (қол­да­ныс­тағы заңнамаға сәйкес Ауған­стан­дағы соғыс ардагерлері үшін жәр­демақы мөлшері 6,19 АЕК (2023 жылы 21 356 теңге), мүгедектігі бар ардагерлер үшін – 7,55 АЕК (2023 жылы 26 048 теңге); жергілікті бюджет қаражаты есебінен ақшалай немесе заттай түрде әлеуметтік көмек көрсету (жыл сайын жергілікті атқарушы органдар атаулы күндерге өңірлік ережелерде белгіленген мөлшерде ұсынылатын әлеуметтік көмек); тұрғын үй заң­на­масына сәйкес тұрғын үймен қам­та­масыз ету; амбулаторлық-емха­налық көмек көрсететін ұйымдарда артықшылықпен қызмет көрсету және ауруханаға кезектен тыс жатқызу; бi­лiктi медициналық көмек алу; жұмыс iстеп жүрген кезінде тіркелген емха­наларды зейнеткерлiкке шық­қан кезде де пайдалану құқығы; жеңіл­дікті салық салу т.б. Бұдан басқа, «Арда­герлер туралы» заңның 11-ба­бының 4-тармағына сәйкес мүге­дектігі бар адамдарға мүгедекті оңал­­ту­дың жеке бағдарламасы бойын­ша заңнамада көзделген қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ұсыны­лады.

Сондай-ақ «Ардагерлер туралы» заңның күші қолданылатын басқа адам­дарға ұсынылатын әлеуметтік қол­дау шаралары бар. Оның ішінде арнау­лы мемлекеттік жәрдемақы төлеу, жер­гілікті бюджет қаражаты есебінен ақшалай немесе заттай түрде әлеуметтік көмек көрсету, т.б.

«Ауған ардагерінің жесірлері» ұйымының көтеріп отырған мәселесі – оларға арнайы мәртебе беру. Біз осы сауалды да Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігіне қой­ған едік. Олар жоғарыда аталған заң­дар негізінде тиісті адамдарға мәртебе беріліп, мемлекеттік жәрдем­ақы төленіп жатқанын, оған басқа да санаттарды қосуға негіз жоқ еке­нін хабарлады. Тағы да еске салып өтсек, барлық жеңілдік «Екін­ші дү­ниежүзілік соғысқа қатысу­шылары мен мүгедектерiне және со­ларға теңестiрiлген адамдарға берiле­тiн жеңiл­дiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы», «Ардагерлер туралы» заңдарда, Әлеуметтік кодексте қарастырылған. Ал ауған ардагерлері жесірлерінің ұсыныстары жуырда Ұлытау облысында өтетін ардагерлер конференциясында көтеріліп, оң шешім табады деп үміттенеміз.