Батыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының дерегінше, өңірдегі газ тапшылығы Атырау мұнай өңдеу зауыты күрделі жөндеуге жабылған соң қалыптасқан. Биылғы 1 қазан мен 3 қараша аралығында Атырау зауыты жұмысын тоқтатқандықтан, Батыс Қазақстан облысына қажетті 3240 тонна сұйық отын «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясынан бөлінген.
– 1 қараша күнгі мәлімет бойынша Ақтөбеден бөлінген сұйық отын толық көлемде теміржол бөшкелеріне тиеліп, Оралға аттандырылған. Екі арадағы іркіліс жүктің Тұзтөбе (Сол-Илецк) стансасында тұрып қалуына байланысты болып тұр. Оларды Оралға жеткізетін тепловоз болмай қалған. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы және Энергетика министрлігі сұйық отынды Оралға кідіртпей жеткізу үшін күнделікті әрекет етуде. Соның нәтижесінде, қазір кідіріс жойылды. Қазан айының 31-інде тиелген 5 вагон Батыс Қазақстан облысына бүгін жетуі керек, – деп түсіндірді бізге Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Миржан Нұртазиев. Бұл әңгіме 1 қараша күні болды.
Басқарманың мәліметінше, 30 қазан күні Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысына қайта кірісіп, Батыс Қазақстан облысына қажетті сұйық отынды бере бастаған. Қараша айында облысқа барлығы 3522 тонна сұйық отын бөлінген.
«Өңірде қазір 400 тонна сұйытылған отын қоры бар. Бұл 3 күнге есептелген. Ал облыстың айлық тұтыну көлемі – 4,0 мың тонна». Бұл – басқарма берген соңғы ақпарат.
Жанармай құю бекеттерінде қазір сұйық отынның бағасы литріне 64 теңгеден сатылып жатыр. Бірақ газ тапшылығы, ұзын сонар кезек әзірге әлі де бар. «Бізді WhatsApp желісіндегі «Газ қайда бар?» атты топ құтқарып тұр. Көлігі газбен жүретін жүргізушілер қажетті соңғы ақпаратты осы жерде бөлісіп отырамыз», дейді оралдық Еркін Қарин.