Алматы • 06 Қараша, 2023

Алматы: Бас жоспардан «ши шықты»

224 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Сәулетші мамандар арасында Алматының жаңа бас жоспарына қатысты пікірталас жүріп жатыр. Шаһардың қазіргі бас жоспарының бекітілгеніне 13 жыл болыпты. Құрылыс ережелеріне сәйкес бас жоспар бес жыл ­сайын түзетілуі керек. Бұған дейін 2004 жылы қалаға екі мың гектар аумақтың қосылуына байланысты түзету енгізіліпті. Қазіргі бас жоспар 2020 жылға дейін күшінде болуы керек еді. Ол кезде Алматы халқының саны бір жарым миллион тұрғынға жетуі керек болатын. Бірақ алматылықтардың нақты саны есептегі болжамға бағынбай, бас жоспарға түзету енгізу қажет болды.

Алматы: Бас жоспардан «ши шықты»

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Алматы әкімдігі мен Үкімет Алма­ты­ның бас жоспарына жоспардан тыс өзгерістер енгізу себебін осыла­й түсін­діріп отыр. Ал тәуелсіз сарап­­шы­лар бұл пікірге келіспейді. Олар Алматының жаңа жобасы құры­лы­с саласындағы мыңдаған заң бұзу­шы­лық­тар­ға жол беретін болашақ жобаларды ақ­тап алуға мүмкіндік туғызатынын айтып жатыр.

Осыған дейінгі жиындарда бас жоспардың авторы Тамара Залогина алма­тылықтардың баспанаға мұқтаж­ды­ғын өтеу үшін 2040 жылға дейін 45,6 миллион шаршы метр тұрғын үй салынуға тиіс екенін айтқан.

2040 жылға арналған жалпы саны 3 млн адам болатын Алматының Оң­түс­тік-Батыс жоспарлау аймағында 1,3 млн адам (44,6%), 0,5 млн адам (18,1%) тұра­ды. Орталық жоспарлау аймағында және 0,45 млн адам (15,2%) Шығыс жоспарлау айма­ғында қоныстанды.

«STOP застройке» тобының мүшесі Мұрат Қасеновтің айтуынша, бас жос­пар қаладағы заңсыз құрылыстарға берілген барлық егжей-тегжей жоспарлау жобаларын заңдастыру мақсатында ғана жасалған, «белгіленген тәртіпті» бұза отырып қабылданған. Басқаша айтқанда, құрылыс бизнесімен біте қайна­­сып кеткен жемқорлық әрекеттерін жасырып, заңсыздықтарға жол ашатын құжат. Қазіргі қолданыстағы бас жоспар осыдан 21 жыл бұрын бекітілгендіктен, көптеген мәселелер ескерілмей қалған. Осы уақыт аралығында қала аумағы 33 898 гектардан 70 348 гектарға дейін өсіп, халқы 2,1 млн адамға дейін көбейді. Қаланың екі есе ұлғаюы аудандардың әлеуметтік, инженерлік, көліктік және өзге де инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейіне кері әсерін тигізді.

Бірақ соған қарамастан Индустрия жә­не инфрақұрылымдық даму ми­нис­тр­­­­лігі Құрылыс және тұрғын үй-ком­му­­­налдық шаруашылық істері комитеті төрағасының бұйрығымен құрылған 27 адамнан тұратын сараптама комиссиясы бас жоспарды «Түзету» жобасына сараптама жүргізіп, осы жылдың 28 сәуірінде Сараптамалық жиынтық қорытындыны бекітіп тастапты.

Бірақ сарапшылардың айтуынша, қоғам­дық талқылауларда айтылған ұсы­ныс­тар қалалық мәслихат бекіткен бас жос­пардың нұсқасында көрсетілмеген. Бас­қаша айтқанда, бас жоспарды келісу, бекі­ту және бекітудің міндетті рәсімдерін бұзу фактілері анықталды. Бас жоспар жоба­сының мазмұнының өзі де комиссия мүше­лерінің, оның ішінде экологтердің, жетек­­ші қала сәулетшілерінің, заңгер­лер­дің, инженерлердің қолдауына ие бола алмапты.

Сәулетші, Алматы сәулетшілер ода­ғы­ның басқарма төрағасы Сергей Мар­темья­нов қазір ескі Алматы мен жаңа Алма­тының болашағы туралы пікірталастар қызу жүріп жатқанын, бас жоспардың шикі тұстары көп болса да сараптамадан өтіп, қорытынды комиссия одан ешқандай кемшіліктер таппай, бір­ауыздан мақұлдап жібергенін айтады.

1960-2000 жылдар арасында Алматы құры­лысында қолтаңбасы қалған сәулет­ші­лер жобаны біраз өзгерістермен қа­был­дау қажеттігін айтқан. Бірақ соңында үш-ақ рет талқыланып, ешбір өзгеріссіз қабылданып кеткенін естіген.

В.Мартемьянов бастаған сарапта­ма­лық топ жобаны қарауға рұқсат сұрап­ты, ұсыныстарын құжаттап, қарауға жібер­ген, бірақ жауап жоқ. Тәуелсіз сарапшы жоспарда сумен қамтамасыз ету мәселесіне де тиісті көңіл бөлінбей, 2002 жылғы жоспардағы қателіктер тағы да қайталанып отырғанын еске салып өтті. Оның айтуынша, кез келген елдің құрылыс-сәулеті заман ағымымен мың құбылса да, бастапқы қалпын сақтап қалуға басымдық береді. Қаланың өткен өмірінен сыр шертетін тарихи ғимараттар қаланың жүрегі ретінде қабылданады. Париж мен Бейжің ғана емес, ресми әкімшілік орталығы болып табылатын Мәскеудің, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары түгелдей қирап, құрылысы қайта салынған Ташкент қаласының да өткен тарихтан хабар беріп тұратын жүрегі бар. Бас жос­парда Алматыны басқа қалалардан ерекшелендіріп тұратын тарихи келбеті көмескіленіп, тек пәтермен қамтамасыз етуге ғана басымдық беріліп кетіпті. Сонымен қатар жаңа Алматы мен ескі Алматының арасында алтын арқаудай есіліп тұратын сабақтастық та естен шығып кеткен.

Сондай-ақ ол жаңа Алматының бас жо­с­парында 2002 жылдан бері қолда­нылып келе жатқан алдыңғы жоспардың қателіктерін ескеру қажеттігін атап өтті.

«2002 жылғы бас жоспардың проблемалары 11 жыл ішінде бірнеше есе көбейіп кетті. Оны қаланың тұрғындары, сол жоспарды дайындауға қатысқан сәулетшілерден артық ешкім білмейді. Демек, жаңа жоспарда қателіктерден сабақ алуға мүмкіндік берілуі керек», деді С.Мартемьянов.

Алматы қаласы әкімдігінің баспа­сөз қызметі таратқан хабарламада бас құжатта тұрғын үй, әлеуметтік, инже­нер­лік, көліктік, цифрлық, коммерциялық және рекреациялық инфрақұрылым қамтылғаны айтылған. «Мәдени-тарихи маңыздылығы сақталатын тарихи орта­лыққа да назар аударылып, кеңестік кезеңде салынған шағын аудандарды жандандыру бағдарламасы жүзеге асырылады», делінген хабарламада.

Алматы әкімдігі сараптау комис­сия­сының барлық мүшелері өздері қараған «Түзетулер» бөлімдері бо­йынша ескерту бергенін айтып отыр. Бас жоспар авторлары қарсы пікір айтушыларға биылғы 1 мамы­рда жауап беріп, қабылданған ескертулер ескерілгенін айтқан. Әкімдік өкілдері айтып өткендей, сарап­та­малық комиссияның кеңесші мүше­лерінің ұсыныстары кон­суль­та­­тивтік сипатта болыпты. Ескер­ту­лерге жауаптарды қабылдау немесе қабыл­дамау туралы шешім олардың жер­гілікті қорытындыларын әзірлеу кезінде ­сараптама комиссия мүшелерінің аттестатталған сарапшыларына тиесілі екен.

Ал осы жолғы жиынға қатысқан тәуелсіз сарапшылардың пікірі басқаша. Олар жаңа құжатта бірқатар маңызды мәселелер ескерілмегенін ашып айтып отыр. Тіпті Алматымен бірге «өмір сүріп» жатқан жол жиектеріндегі су ағарларға орын қалдыру да ұмыт қалыпты. Алматының орталығындағы хайуа­наттар паркінің шаһардың сол­түстік-батыс аумағына көшіру керек деген ұсынысты да сарапшылар құп көрмей отыр. Себебі Алматының әрбір ауданының экологиялық ерекшеліктері әртүрлі болғандықтан, «Қызыл кітапқа» енген кейбір аңдар «жаңа жерді» жерсінбей қалуы да әбден мүмкін.

Соңғы онжылдықтарда Алматыда аллергия, ентікпе тәрізді дертке шал­дық­­қандар қатарының еселеп өсуіне ішуге жарамды су қабаттарының тереңге шөгіп кетуі, әлеуметтік инфра­құ­рылым мен инженерлік желілерге ауыр жүк­теме, тоқтаусыз кептелістер де себеп болыпты.

Тәуелсіз эколог-сарапшы Абай Ереке­нов­тің айтуынша, «Қала эколо­гия­лық апат жағдайында» деп дабыл қағыла бастағанына ширек ғасыр болған. Алматының нақ ортасында бой түзеп тұрған 800-ден астам тұрғын үй кешені заңсыз салынған, оның жүзден астамы геологиялық талап­тарға сай келмейді. Экологтің ойын­ша, қаланы дамытудың бас жоспары мен Алматының 2040 жылға дейінгі бас жос­парына түзетулер қолданыстағы заңсыз ғимараттарды заңдастыру үшін ғана дайындалған. «Алматының бас жос­парын қайта да­йындау немесе түзетулер енгізбестен бұрын Төтенше жағдайлар туралы заң қабылдап, қала құрылысына қатыс­ты кейбір талаптарды сол заңға қарап бейімдеуіміз керек», дейді эколог.

 Тәуелсіз сарапшылар ескерткен ең басты мәселе – құжат Төтенше жағ­дайлар туралы заң қабылданып, барып қаралуға тиіс еді. Сәу­летші, Алматы сәулетшілер одағының бас­қарма мүшесі Павел Савранчуктің айтуынша, осы жыл­дар­ ішінде Алматының әрбір бас жос­па­­рының өзіне тән идеясы болатын, қа­ла­ның келбетіне әр беріп тұрған әр­бір құрылыс ансамблі сол идеяның төңіре­гінде алға жылжитын, дамитын. 60-жылдары жобаға полицентрлер жүйесі енгі­зіл­ді. Сарапшылар қазіргі бас жос­пардан «тұғырлы идеяны» таба алмапты.

П.Савранчук бас жоспарда қала көле­мі екі есеге ұлғайғандықтан, тұрғын үй көле­міне назар аудару қажеттігін де айтып өтті. Сарапшының айтуынша, қала жылы­на орта есеппен 50 мың адамға өсіп келе­ді. Бірақ халықтың өсімі қаланың кел­бетіне кері әсерін тигізбеуі керек. «Халық­ты тұрғын үймен қамтамасыз етеміз деп Алматының тарихи келбетін бұзып алуға болмайды. Қаланың кез кел­ген нүктесіндегі құрылыс нысаны бір-бірі­мен үйлесім тауып тұруға тиіс. Ал бас жоспарда тек тұрғын үй са­нын көбейтуге басымдық беріп отыр», дей­ді сәулетші.

Алматының миграциялық тартылыс нүктесі екенін білеміз. Бізге миграциялық толқынды тыныштандыруға басымдық беру керектігін сарапшылар да жиі айтады. «Бұл үшін қала маңындағы аумақ­тар­ды агломерацияның «поли­орта­лық­тары» ретінде дамытуға басымдық беруі­міз керек еді. Мен бас жоспар осы идеяның катализаторына айналады деп үміттенген едім. Мемлекеттік-жеке­мен­шік әріптестіктің әлеуетін пайдалана отырып, құрылыс қызметін қаланың шет­кері аймақтарына бағыттау керек. Бұл күн сайын қалаға көптеген көліктің кі­руін азайтады, бұл өз кезегінде ауаның лас­тануын айтарлықтай төмендетеді», дей­ді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, геогра­фия­лық тұрғыда қала шекарасында орналасқан аудандарды «қала» санатына жатқызуға мүмкіндік беретін біртұтас сәулеттік-жоспарлау ерекшелігі жоқ. Алматының тарихи келбетінен айырылып бара жатқанын қаланың байырғы тұрғындары жиі айтады. Қаптаған құрылыс қаланың ауа бассейнінің тазалығына сызат түсірді. Қаланың ең таза деп танылған бөлігінің өзі көлік кептелісінен көзін аша алмай қалды. Экологиялық теңгерімсіздіктен Жер-ана лас, ағын суды бойына сіңіріп алатын қабілетінен айырылып барады. «Бас жоспарда осы мәселеге ерекше көңіл бөлу керек еді. Бірақ бұл құжат трансформациялық әрекеттерге жол бермей, тау бөктерлерін одан әрі игеруге тыйым­ салу ұсынысымен ғана шектеліп отыр. Оның айтуынша, жоспар керісінше қала ішінде тұрғын үй және өнеркәсіптік құрылыстың қарқынды өсуін және соның нәтижесінде қалаға келетін тұрақты тұрғындардың шамадан тыс өсуін ынталандыру, сондай-ақ қоғамдық көлік паркін кеңейту қажеттігінен әрі аса алмай қалған», дейді П.Савранчук.

Ал инженер Василий Мартынов Алматыдағы құрылыстың беталысы жойқын жер сілкінісі болған жағдайда үйінділер астында қалатын адамдарды құтқарып қалу мүмкіндігін шектеп отыр. Себебі бір-бірімен иін тіресіп тұрған үйлердің тығыздығы құтқару машиналары жүретін жолды жауып тастаған. Сол себепті тәуелсіз сарапшылар 2023 жылдың 28 сәуір күнгі «Алматы қаласының бас жоспарына түзетулер енгізу» жобасының жиынтық сараптамалық қорытындысы және «Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі бас жоспары» жобасы бойынша №1 қоғамдық талқылау хаттамасын, Алматы қаласы мәслихатының 2023 жылғы
21 сәуірдегі «Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі бас жоспары» жобасын бекіту туралы № 6 шешімі, «Алматы қаласының бас жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 3 мамырдағы №349 қаулысын бекіту заңсыз деп танылсын», деген байламға келіп отыр.

 

АЛМАТЫ