Экономика • 06 Қараша, 2023

Экономикалық кооперацияны дамытудың маңызы зор

116 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Шанхайға жұмыс сапары барысында Қазақстан Республи­касының Премьер-министрі Әлихан Смайылов ҚХР Мемле­кеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесу өткізіп, онда екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Экономикалық кооперацияны дамытудың маңызы зор

Әлихан Смайылов Қазақстан Қытаймен достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік байланыстарын нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.

«Екі мемлекет басшылары ара­сындағы жеке достық байланыстар біз­дің өзара ықпалдасуымыздың бар­лық бағыттарына оң әсерін бере­ді. Жақында Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Төраға­сы Си Цзиньпинмен және Сіз­бен өткен келіс­сөздері «алтын 30 жыл­дық­тың» кезекті дәуірін­де Қазақ­стан-Қытай ынтымақ­тас­ты­ғын жаңа мазмұнмен толықтыруға мүм­кіндік берді»,  деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы атап өткендей, Қытай – Қазақстанның ірі сауда серік­тестерінің бірі. Мәселен, өт­кен жылы екі ел арасында тауар айналымы 35%-ға артып, рекордтық 24,2 млрд долларға жетті. Биыл да қарқынды өсім жалғасуда, өткен айларда өзара сауда айналымы тағы 21%-ға өсті.

«Осындай қарқынмен біз жақын арада елдеріміздің көшбасшылары алға қойған екіжақты сауда көле­мін 40 млрд долларға дейін жет­кізу жөніндегі міндетті орындай аламыз деп санаймын. Біз қытай­лық әріптестерімізбен бірге бұл көр­сет­кішке жету үшін жұмыс істеуге да­йынбыз»,  деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, өзара байла­ныс­тардың маңызды бағыты – инвес­тициялық ынтымақтастық. Бү­гін­де Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойын­ша Қытай ТОП–5 инвестор–елдері­нің қатарына кіреді. Соңғы 18 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 24 млрд долларға жетті. Сонымен қатар осы жылдың бірінші жарты­жылдығында қытайлық инвестиция көлемі 30%-ға өсіп, 750 млн долларды құрады.

апр

«Бүгінгі таңда еліміздің аумағында 4 700-ге жуық Қазақ­стан-Қытай кәсіпорыны жұмыс істейді, олардың 730-ы өткен жылы ғана іске қосылды. Бұл көр­сеткіштер біз­дің инвестициялық өзара бай­ла­­ныс­тарымыздың тұрақты әрі табыс­­ты екенін растайды. Қытай инвес­торларын бірлескен жобаларға қатысуын кеңейтуге шақырамыз», деп атап өтті Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің пікірін­ше, қазіргі таңда енгізіліп жат­қан визасыз режім екі ел ар­асын­дағы іскерлік байланыстарды ынта­ландыруға, сауданы жеңіл­детуге, өзара инвестицияларды ұлғайтуға және Қазақстан мен Қытай ар­асын­дағы туризмді дамытуға айтар­лықтай ықпал етеді.

«Визасыз режімнің 10 қараша­дан бастап күшіне енуі біздің қа­рым-қатынастарымызды жаңа деңгейге көтереді. Бұл әсіресе алдағы «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» аясында өте өзек­ті. Менің ойымша, бұл шара аза­мат­тарымыздың саяхатын қол­жетімді етіп, біздің байланыстарымызды одан әрі нығайта түседі»,  деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр Қазақ­стан Үкіметі Қытаймен ынтымақ­тас­тықтың орнықты дамуын қам­тамасыз ету үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін айтты.

«Осы орайда Сізді келесі жылы Қазақстанға ресми сапармен келіп қайтуға шақырамын. Бұл біздің ел­дері­міз арасындағы достық қа­рым-қатынастарды одан әрі нығайта түсетініне сенімдімін»,  деп атап өтті Үкімет басшысы.

Өз тарапынан ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Қытай мен Қазақстан арасында қарқынды өзгеріп жатқан халықаралық жағ­дай­дың сынақтарынан сәтті өткен өнімді көпқырлы ынтымақтастық орнағанын атап өтті.

«Мемлекеттеріміздің басшылары қарым-қатынасымызды одан әрі дамытудың басым міндеттері мен бағыттарын белгіледі. Біз қазақ­стандық әріптестерімізбен осы жоғары деңгейдегі келісімдерді іс жү­зінде жүзеге асыру үшін күш-жігер жұмсауға дайынбыз. Мұн­д­ай ынтымақтастық біздің халқы­мыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді»,  деді Ли Цян.

Премьер-министр Әлихан Сма­йылов кездесуден кейін қатысушы ел делега­ция­­сының басшысы ретінде Шанхайда өткен Қытайдың 6-шы халықаралық импорттық көрмесінің (ҚХИК) ресми ашылу салтанатында сөз сөйледі.

Үкімет басшысы қазіргі таңда бұл ауқымды көрме жыл сайын әлемнің 130-дан астам елінің өкіл­дері қатысатын жаһандық іскерлік алаңға айналғанын атап өтті.

«Еліміздің көрмеге мәртебелі қонақ ретінде қатысуы Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының жаңа кезеңі аясында өтіп отыр. Кезекті 30 жылдық циклде біздің елдеріміздің экономикалық коо­перация аясындағы өзара іс-қимылы маңызды рөл атқаратын болады. Осы тұрғыда біз үлкен мүмкіндіктерді көріп отырмыз»,  деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр болашақта бірлескен кәсіпорындардың өнім көлемі мен тауар айналымындағы үлесі арта түсетініне сенім білдірді.

«Осыған байланысты, біз бар­лық мүдделі қытайлық кәсіпорын­дарды ынтымақтастықты кеңейтуге шақырамыз. Қазақстан Үкіметі қажетті қолдау көрсетуге және бір­лес­кен жұмыс үшін қолайлы жағ­дай­лар жасауға дайын», деп атап өтті Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов атап өткен­дей, қазіргі геосаяси ахуал жағда­йы­н­да елдеріміздің тұрақты эко­но­ми­калық дамуы үшін күш-жігері­мізді біріктіру бұрынғыдан да зор маңызға ие болмақ.

Ол Қазақстан, басқа елдер сияқты әлемдік экономиканың алдында тұрған сын-қатерлердің салдарын сезінетінін айтты. Олардың ішінде сауда кедергілері, өндірістік тізбектердің үзілуі және қаржылық тұрақсыздық бар.

«Біз серіктестермен бірлесіп, болашақта жаһандық қауіптердің әсерін барынша азайтуға қабілетті эко­но­микалық кооперацияның прак­­­тикалық механизмдерін әзір­леу­­ге және іске асыруға дайынбыз», деп атап өтті Үкімет басшысы.

Бұл тұрғыда Әлихан Смайылов сауда мен трансшекаралық элект­рон­дық коммерцияны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, 10 жыл ішінде Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бойында орналасқан елдермен тауар айналымының жалпы көлемі 19,5 трлн долларға, ал инвестициялардың жиынтық көлемі 380 млрд долларға жеткен.

«Орталық Азия өңірінің Қытай­мен сауда көлемі де қарқынды өсіп келеді. Өткен жылдың қорытын­дысы бойынша бұл көрсеткіш 70 млрд долларға  жетті, оның 45-і Қазақстанға тиесілі. Осы серпінді сақтау және 2030 жылға қарай тауар айналымын біздің өнімдер 100 млрд долларға дейін жеткізу үшін қажетті жағдайлар бар деп санаймыз», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысының пікірінше, бұл ретте сауда номенклатурасын кеңей­ту арқылы экспортты ұлғайту маңыз­ды. Сондай-ақ әкімшілік рәсім­дерді, оның ішінде цифрландыру үдерістерін қолдана отырып, жеңілдету қажет.

Әлихан Смайылов іс-шараға қатысушы­лардың назарын еліміз­дің өзара электрондық алаңдарды кеңінен пайдалануға және бүкіл Еура­зия кеңістігінде өнімді бірле­сіп жылжытуға мүдделі екеніне аударды.

«Бізде осы бағытта табысты кейс­тер бар. Біз «Alibaba Group» ком­­па­ниясымен тығыз жұмыс іс­теп келеміз, осы жылдың мамыр айын­­да «JD.com» платформасында Қазақ­станның Ұлттық павильоны іске қосылды. Логистиканы өзара тиімді негізде оңтайландыру үшін біз Қазақстанда бонд қойма­лары­ның құрылысын дамытуға дайынбыз»,  деді Үкімет басшысы.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз ету де – маңызды бағыт. Қазақ­­стан әлемдегі ең ірі бидай мен ұн өндірушілердің алғаш­қы ондығына кіреді. Бүгінде Қазақ­стан­ның экологиялық таза майлы дақылдары, ет және басқа да өнім­дері Қытайға экспортталып келеді.

«Қазақстан аграрлық саладағы нақты жобаларды іске асыруға, аймақтық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және азық-түлік даму бағдарламаларын қабылдауға да­йын»,  деді Премьер-министр.

Үкімет басшысының айтуын­ша, қазіргі геосаяси жағдайда сауданы дамыту жаңа және стандарттан тыс тәсілдерді қажет етеді. Сон­дықтан көлік-логистикалық байланыстарды дамыту маңызды.

Қазақстан бүгінде Еуразия кон­ти­нентін Азия-Тынық мұхиты өңірі­­мен байланыстыратын негізгі буын­ға айнала отырып, өңірлік көлік-ло­гис­тикалық хаб ретінде маңы­зды стратегиялық рөл атқа­рып отыр.

«Қазір Қытайдан Еуропаға бағыт алған барлық құрлықтық-транзиттік тасымалдардың 85%-ға жуығы Қазақстанға тиесілі»,  деп атап көрсетті Әлихан Смайылов.

Ол Қазақстан Қытаймен бірле­сіп «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автодәлізі, Ляньюньган портындағы логисти­ка­лық орталығы, «Қорғас» халық­аралық шекара маңы сауда орта­лығы, «Қорғас – Шығыс қақпа­сы» аймағындағы бірлескен құрғақ порт, «Қытай – Қазақстан – Түрік­менстан – Иран» жаңа темір­жол дәлізі сияқты ірі инфрақұ­ры­лым­дық жобаларды іске асырып жатқанын атап өтті.

«Контейнерлік тасымалдарды «Қытай – Еуропа» бағыты бойынша одан әрі ұлғайту үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді пайдалануды ұсынамыз. Бұл тауар тасымалдау уақытын екі есеге қысқартуға мүмкіндік береді»,  деді Премьер-министр.

Сонымен қатар Сиань қаласын­да және Грузияның Поти портында қазақстандық терминалдардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазақстан-Қытай шекарасын­да 3-теміржол өткізу пунктін, «Бақты» және «Қалжат» өткел­дерін­де «құрғақ порттарды», Ақтау­да контейнерлік хаб салу және Орта дәліз бойында Қара теңіз­дегі порт қуаттарын кеңейту көзделген.

«Қытайлық көлік компанияларын аталған жобаларға қатысуға, ал көлік-логистикалық операторларды Қазақстандағы трансшекаралық көлік инфрақұрылымын белсен­ді қолдануға шақырамыз», деді Әлихан Смайылов.

Осылай дей келе Премьер-министр биыл Шанхай көрмесіне Қазақ­станның 30-дан аса өндіруші­сі қатысып жатқанын атап өтті, көрменің Made in Kazakhstan бренді мен жоғары сапалы тауарларды әрі қарай ауқымды Қытай нарығына шығаруға септігін тигізетініне сенім білдірді.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды Қазақ­­станның павильондарына ша­қырамын. Онда біз түрлі сала­лар­дағы еліміздің озық жетістіктерін ұсынып отырмыз», деп қорытын­дылады Үкімет басшысы.

Қытай халықаралық импорт көрмесінің ашылу салтанатына Аустралия Үкімет басшысы Энтони Албанезе, Сербия Премьер-министрі – Ана Брнабич, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян және Куба Үкімет басшысы Мануэль Марреро Крус, Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбер қатысты.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Шанхайдағы Қытайдың 6-халықаралық импорт көрме­сіне (ҚХИК) қатысушы елдер делегацияларының басшыларымен бірге, онда ұсынылған Ұлттық павильондармен танысты.

Ұлттық павильон шеңберінде Қазақстан ауыл шаруашылығы, туризм, логистика, экспорт және инновация салаларындағы компаниялар мен жобалар арқылы кең ауқымды келушілерге өзінің инвес­тициялық, сауда және өнеркәсіптік мүмкіндіктерін таныстырады.

Құрметті қонақтарға респуб­ликаның астық, май және басқа да азық-түлік өнімдерінің экс­порт­тық әлеуеті, келешегі зор инвес­ти­циялық жобалар, темір­жол ба­ғыттарының желісі және туристік көрікті жерлер таныстырылды.

«Бүгінде еліміз бен ҚХР ара­сында қазақстандық ауыл шаруа­шылығы және азық-түлік өнім­дерін экспорттау бойынша 21 хат­тамаға қол қойылды, бұл АӨК тауар­ларын Қытайға жеткізуді едәуір арттыруға мүмкіндік бер­ді. Бұл ретте Қазақстан Қытай нары­ғына экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты көлемін кеңейте алады. Тек өсімдік майы мен күнжара бо­йынша экспорттық әлеует 300 млн долларды құрайды», деді сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Ұлттық павильонның тұсаукесері барысында.

Оның айтуынша, отандық мал ша­руашылығы өнімдерін, атап айт­қанда, ірі қара, қой және құс етін өндірушілердің мүмкіндіктері зор.

Қазақстан мен Қытай арасында сауда логистикасы да табысты дамып келеді. Бүгінде теміржол және автокөлік жолдарын, авиа­цияны қамтитын маршруттық желі құрылды. Мысалы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік жол дәлізі жүктерді Еуропаға 10-12 күнде жеткізуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Қазақстан халықаралық маңызы бар көлік-логистикалық торапқа айналуға күш салып жатыр. 2014 жылдан бері Ляньюньган портында қытайлық серіктестермен бірлесіп құрылған логистикалық терминал жұмыс істейді. 2023 жылдың мамыр айында Сиань құрғақ портында Қазақстан терминалының құрылысы басталды.

Елімізде алдағы үш жылда 1 300 ша­­қы­­рым жаңа теміржол салу, Қы­тай­­­мен шекарада 3-темір­жол өт­к­ізу пунктін ашу, «Бақты» және «Қал­жат» жаңа құрғақ порттарын салу жоспарланып отыр. Яғни Қа­зақ­стан Еуропа мен Таяу Шығыс ба­ғы­тында жүк тасы­мал­дауға белсен­ді түрде қолайлы жағ­дайлар жасап отыр.

Сонымен қатар делегация басшылары «Kazakh Invest» және «Kazakh Export» компания­лары, «Қорғас» шекара маңы ынты­мақ­тастығы халықаралық орталығы, «Астана» халықаралық қаржы орта­лығы, Astana Hub тех­но­паркі­нің және т.б. қызметі­мен танысты.

«АӨК-тен инновацияға дейін» коммерциялық павильоны аясында көрмеге 30-дан астам қазақстандық кәсіпорын, оның ішінде азық-түлік, ұн, сүт және алкоголь, кондитерлік және макарон өнімдерін, бал, тұз, ауыл шаруашылығы жануарларына арналған аралас қоспаларды өндірушілер қатысуда. Олардың қатарында «Баян Сұлу», «Маревен Фуд Тянь-Шань», «Мибеко», «Ал­маты продукт», «Сұлтан Мар­кетинг», «Евразия Инвест», «Өске­мен май зауыты», «ДЕП», Бахус» сияқты және т.б. компаниялар бар.

«Маревен Фуд Тянь-Шань» компаниясы жылына 47 мың тоннадан астам дайын өнім шығарады, оның ішінде тез дайындалатын кеспе, макарон өнімдері, картоп пюресі, дәмдеуіштер, сусындар мен тағамдар бар.

Компания өкілі Мирас Қилы­баев­тың айтуынша, отандық азық-түлік өнімдері ел ішінде де, жалпы Орталық Азияда да танымал. Сонымен қатар қытай нарығы кәсіпорын үшін стратегиялық қызығушылық тудырып отыр.

«Біз осындай ауқымды шараға қатысқанымызға қуаныштымыз. Бізде Қытаймен сауда қарым-қаты­настарын табысты дамыту үшін барлық ресурстар: қысқа логис­тикалық қашықтық, жоға­ры сапалы өнімдердің лайық­ты ассортименті бар және инфра­құрылымға инвес­тиция салуға дайынбыз»,  деді ол.

«Евразия Инвест» көрмеге алтыншы жыл қатарынан өз өнім­дерін – кептірілген түйе және бие сүтін ұсынып отыр. Компания өкілі Меруерт Рахымбердиева атап өт­кендей, ЭКСПО көрмесінің арқа­сында компания Қытайда тұрақты серіктестермен іскерлік бай­ланыс орнатты.

«Қытайда түйе сүтіне сұраныс жоғары. Қытайлық тұтынушылар өнім сапасына жоғары талаптар қояды. Неміс кептіру техноло­гиясы сүттің барлық пайдалы қасиет­терін сақтауға және өнім­нің сапасын қамтамасыз етуге мүмкін­дік береді»,  деді ол.

Отандық коммерциялық стендті аралау барысында делега­ция басшылары отандық кәсіп­орын­дардың өнімдерімен және ұсы­ныс­тарымен жан-жақты танысты.

Айта кету керек, соңғы 5 жылда Қытайдың халықаралық импорт көрмесіне Қазақстаннан 133 компания қатысып, соның арқасында құны 260 млн доллардан астам сомаға тиімді экспорттық келісімшарттар жасалды.