Халықтың саяси мәдениеті артады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалар бағдарламасы аясында кейінгі екі жылда ауыл әкімдерін халықтың өзі тікелей сайлайтын болды. Осы уақытқа дейін 1 668 ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала әкімдері сайланды.
Әкімдерді сайлау – дауыс беру жүйесі мен жергілікті атқарушы билікті демократияландырудың эволюциялық тәсілі. 2021 жылы ауылдар мен ауылдық округтер әкімдерінің алғашқы сайлауы, ал 2023 жылы аудан әкімдерінің алғашқы сайлауы өтті. Бұл елдегі дәйекті және маңызды реформалардың сабақтастығын көрсетеді.
Аудан әкімдерінің сайлауы аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдері деңгейінде апробациядан өтті. Мәселен, екі жыл ішінде ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің, аудандық маңызы бар қалалардың 1 668 әкімі сайланды. Оның 75 пайызын саяси партиялар ұсынса, қалған 25 пайызы – өзін-өзі ұсынушылар. Сондай-ақ сайланған әкімдердің 57,4 пайызы бұрын бұл қызметте жұмыс істемеген. Бұл ауыл әкімдерінің корпусы айтарлықтай жаңарды дегенді білдіреді.
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау азаматтар үшін өз елді мекендерінің дамуына тікелей ықпал етудің жаңа мүмкіндіктерін ашады. Олар мемлекеттік басқару жүйесінің жұмыс істеуінің жаңа ұзақмерзімді қағидаттарын қалыптастырады, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастардың сипатын сапалы өзгертеді.
Бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң қабылдау, сайлау және саяси партиялар туралы заңнаманы либерализациялау, сондай-ақ Конституциялық реформа есебінен саяси модельді түбегейлі жаңарту, әкімдердің тікелей сайлануын енгізу – мұның барлығы ел тұрғындарының саяси мәдениеті мен сауатын арттыруға ықпал етеді.
Сайлау – азаматтардың конституциялық құқығы
Өткен сайлау – Президент белгілеген мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыруға, уақыт талаптарына сәйкес мемлекеттік аппарат жұмысындағы тәсілдерді жетілдіруге бағытталған үрдістің заңды жалғасы. Осы тұрғыда бұл сайлау әкімдер корпусының белгілі бір жаңаруына, мемлекеттік қызметке жаңа тұлғалардың келуіне ықпал етпек. Мұның бәрі жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінің одан әрі дамуына оң серпін береді, елдегі прогрессивті өзгерістер факторларының біріне айналады.
Аудан әкімдерінің сайлауы жергілікті мемлекеттік басқару жүйесіндегі елеулі институционалдық өзгерістерге әкеледі. Ол ұзақмерзімді келешекте мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастардың сипатын анықтайтын сапалы жаңа ортаның негізін қалайды.
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Кешегі сайлау – еліміздегі сайлау жүйесін дамытудың маңызды кезеңі, ауқымды өңірлік сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізудің жаңа тәжірибесін жинақтау үшін негіз болады. Жалпы, тікелей сайлау азаматтардың конституциялық құқықтарын толыққанды іске асырудағы белсенділігін арттыруға, халықтың билікке деген сенімін және әкімнің халық алдында есеп беруін күшейтуге, әкімнің халықтың қажеттіліктері мен проблемаларына ден қою жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Әкімдерді сайлауды енгізу біртіндеп меритократия қағидатының үстемдігіне әкеледі. Яғни билікке әлеуметтік шығу тегі мен материалдық байлығына қарамастан қабілетті басқарушылар келеді. Сайлау арқылы азаматтар өздерінің қалауларын, мүдделері мен қажеттіліктерін білдіреді, бұл аймақты тиімді басқаруға ықпал етеді.
Тұрғындар өз ауданының әкімдерін сайлауға тікелей қатысуға мүмкіндік алды. Азаматтар өз дауыстарын бере отырып, әкімге ауданның мәселелерін шешуге құқық беретіндерін түсінуі керек. Сайланған әкім өз сайлаушыларының сенімін ақтауға тиіс.
10 әйел үміткер тіркелді
Сайлауға барлығы 164 үміткер тіркелді. Оның 42 пайызы немесе 69 үміткер саяси партиялардан, 57,92 пайызы немесе 95 үміткер өзін-өзі ұсыну арқылы сайлауға түсті. Үміткерлердің үштен екісіне жуығы өзін-өзі ұсыну құқығын пайдаланғанын ескерсек, бұл азаматтық қоғамның белсенділігін көрсетеді және әртүрлі идея мен көзқарасты кеңінен талқылауға ықпал етеді. Айта кету керек, бұған дейін аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, кенттер мен ауылдар әкімдерінің сайлауында өзін-өзі ұсынғандар небәрі 25 пайызды құраған еді. Сонымен қатар ол кездегі сайлау барысында барлық тіркелген 7 саяси партия да белсенді болды. Олар: «Ақ жол» ҚДП, «Amanat», «Ауыл» ХДПП, «Байтақ», ЖСДП, ҚКП және «Respublica».
Тіркелген үміткерлердің орташа жасы 46,4 жасты құрайды. Үміткерлердің 68,27 пайызы 35 пен 55 жас аралығында. Ең үлкені – Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы 61 жастағы үміткер, ең жасы Түркістан облысының Мақтаарал ауданында тіркелді. Үміткер 29 жаста.
Барлығы 10 әйел кандидат тіркелді. Оның ішінде үміткер әйелдер Абай және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында өздерінің саяси белсенділігін көрсетті. Әкім лауазымына үміткерлердің ең көп саны Абай және Қарағанды облыстарында тіркелген. Негізінен әйел кандидаттар мемлекеттік қызметте жұмыс істейді, ал олардың жасы 39-дан 59 жасқа дейін. Айта кету керек, әйелдер де әкім лауазымында өте жақсы жұмыс істейді. Мысалы, Атырау облысының Қамысқала ауылдық округінің әкімі – әйел, ол әкімдер рейтингінде бірінші орынға ие болған.
Тіркелген үміткерлердің 20,73%-ы – экономист, 19,51%-ы – заңгер, 16,46%-ы – оқытушы, 12,2%-ы – инженер, 11,59%-ы – ауылшаруашылық маманы және 19,51%-ы – басқа мамандық өкілдері. Бұл көрсеткіштер әкімдер корпусының алдағы жаңаруы мен мемлекеттік қызметке жаңа тұлғалардың келуін көрсетеді.
Сайлау алдындағы үгіт-насихатты жүргізу кезінде сайлау органдары тарапынан үміткерлер үшін БАҚ-қа, сондай-ақ сайлау туралы ақпаратқа түрлі коммуникация арналары арқылы қол жеткізуге жан-жақты жағдай жасалды. Сондай-ақ сайлау органдарына тиісті уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар тиісті қолдау көрсетті.