Үш ауданның жұртшылығы ала таңнан тұрып, сайлау учаскелеріне шұбырды. Мысал үшін Ақтоғай ауданында 28 сайлау учаскесі ашылса, мұндағы сайлаушылар саны 8 480 адамды құрады. Оның ішінде 108 тұрғын алғаш рет дауыс берді. Халық саны бойынша төрт ірі сайлау пункті тіркелсе, ең алысы Шолақсор ауылы аудан орталығынан 164 шақырым жерде орналасқан.
Железин ауданының халқы да бұл күні ерекше белсенділік танытты. Әкім сайлауында барлығы 10 443 азаматтың дауыс беруге мүмкіндігі болса, сағат он бірлер шамасында 2,5 мыңға жуық адам сайлау учаскелеріне барғаны тіркелді. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Алтын Кәрімова атап өткендей, өңірде 242 тұрғын үйден дауыс беруге өтініш түсірген. Олар үшін барлық оңтайлы жағдай жасалды. Ал Шарбақты ауданында бұл күні 12 897 дауыс беруші үшін 26 сайлау учаскесі жұмыс істеді.
Атап өтейік, бұл күні Железин ауданында – үш, Ақтоғайда – үш және Шарбақты ауданында екі кандидат дауысқа түсті.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолова хабарлағандай, сағат 16.00-де үш өңір бойынша дауыс берушілердің 46,6 пайызы өз таңдауларын жүзеге асырып үлгерді.
Торайғыров университетінің профессоры, саяси ғылымдар кандидаты Ильдар Қалиевтің пікірінше, аудан әкімі лауазымы – жергілікті мемлекеттік аппараттың тірегі және негізгі буыны. «Халық жергілікті атқарушы биліктің басшысының өз қалауымен сайлаған соң өңірлерде Мемлекет басшысы жариялаған салық және бюджет саясатын орталықсыздандыру есебінен экономикалық дербестік пайда болады», деп есептейді маман.
Павлодар облысы