Сайлау • 05 Қараша, 2023

Екі үміткер – саяси партиядан

264 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау облысының Исатай және Қызылқоға ауданында әкім сайлауы өтті. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовтың мәліметінше, Исатай ауданында – 15 883, ал Қызылқоға ауданында 18 614 сайлаушы тіркелген.

Екі үміткер – саяси партиядан

«Екі аудандағы әкім сайлауында дауыс беретіндер санатына 34 487 сайлаушы енгізілді. Бұл облыстағы сайлаушылардың жалпы санының 8,5 пайызын құ­рай­ды. Екі аудан әкімінің сайлауына 6 үміткер тіркелді. Сайлау учаскелерінде дауыс беру барысын 11 қоғамдық ұйымның 80-нен астам байқаушысы қадағалады. Заң бұзушылық анықталған жоқ», деді А.Айманакумов.

Аудандардағы сайлау учаскеле­рінде мүмкіндігі шектеулі жан­дар­дың кедергісіз дауыс беруі үшін қолайлы жағдай жасалған. Мәселен, Исатай ауданындағы – 15, Қызылқоға ауданының 16 сайлау учаскесінде пандус орна­тыл­ған. Сайлау учаскелері тактильді жолақ, моноблок пен құлаққап, брайль шрифт, лупа секілді құрал­дармен қамтылған.

Аудан әкімінің лауазымын ие­ленуге ниет білдірген 6 үміткердің екеуін саяси партиялар ұсынды. Үміткердің бірі – «Amanat» пар­тия­сының өкілі. Қазақстан халық партиясы да сайлау додасына бір үміткерін қосты. Өзін-өзі ұсын­ған үш кандидат ауылдық округ­тің әкімі болып жұмыс істей­ді. Кандидаттардың арасында аудан­дық мәслихаттың төрағасы, аудан әкімінің орынбасары бар.

Бұл сайлаудан екі ауданның тұр­ғындары зор үміт күтіп отыр. Со­лар­дың қатарында Исатай ауда­нындағы Аққыстау ауылында тұра­тын Әбежановтар әулеті де бар. Ауыл­дастары оларды «Дәрігерлер динас­тиясы» деп атайды. Өйткені әу­лет­тегі 11 адам осы саланы таң­да­ған.

Ұзақ жыл аудандық жедел жәр­дем бригадасында фельдшер қыз­метін атқарған зейнеткер Қадыржан Әбежанов дауыс беруге зайыбын, бала-келінін, немерелерін ерте келді. Оның зайыбы Меңсұлу Есен­ғалиева рентгент медбикесі болып жұмыс істеген. Ал ұлы Жеңісбек аудандық орталық ауру­ха­нада хирург, келіні Мәриям Сергейқызы учаскелік дәрігер ре­тінде тұр­ғындар денсаулығын сақ­тау­ға үлес қосып жүр.

«Аудан әкімінің сайлауы ал­ғаш рет өткізіліп отыр. Демек мұны елдегі демократиялық үрдіс­тің жемісі ретінде бағалау қажет. Өйткені халық сайлаған аудан әкіміне жүктелетін жауап­кер­ші­лік­тің жүгі жеңіл емес. Жаңа әкім бұқараның әлеуметтік тұрмысын жақсарту, әсіресе жұмыс­сыз­дықты азайту, ауылдарды ин­же­нер­лік инфрақұрылыммен қамту, құм көшкінінен қорғау секілді түйінді мәселелерге көңіл бөлуі керек», дейді Қ.Әбежанов.

Ал Қызылқоға ауданында тұра­тын зейнеткер Тілекбай Шөке­нов­тің айтуынша, аудан әкімінің сайлауы – нағыз демократияның көрінісі. Сол себептен, халықтың таңдауына ерік беріліп отыр.

«Халықтың еркін таңдау жасауына мүмкіндік берілгені – демо­кра­тияға бет бұрғанымыздың бір дәлелі. Аудан әкімінің сайлауы алғаш рет өткендіктен, таңдау жасау оңай болмады. Бірақ мұның алдағы сайлауда сабақ боларына сенемін», дейді Т.Шөкенов.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар

Жетісуда мал саны өскен

Жануарлар • Бүгін, 19:50