Сенат • 06 Қараша, 2023

Қазір әлем үшін дін көшбасшыларының рөлі аса қажет – М.Әшімбаев

133 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қаласында өткен «Сенімдердің тоғысуы: рухани лидерлердің жаһандық жаңғыру жолында бірігуі» атты халықаралық конференцияға қатысты, деп хабарлайды  Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Қазір әлем үшін дін көшбасшыларының рөлі аса қажет – М.Әшімбаев

senate_kz

Мәулен Әшімбаев бүгінгідей геосаяси тұрақсыздық жағдайында және халықаралық ұйымдардың жұмыс тиімділігі төмендеген кезеңде аталған конференцияны өткізудің маңыздылығын атап өтті.  

«Таяу Шығыста және басқа да аймақтарда қақтығыстар ушығып тұрған кезде рухани лидерлердің кездесіп, сұхбат құруы өзара түсіністік пен құрметке негізделген диалогты дамытуға үлкен үлес қосады. Қазіргі таңда әлем үшін дін көшбасшыларының жасампаз рөлі аса қажет. Осы орайда бүгінгі конференция барша халықтың игілігі үшін және ортақ сын-қатерлерді еңсеру жолында шынайы ынтымақтастықты дәріптейді. Мұндай кездесулер конфессияаралық диалогты нығайтып, әлемді алаңдатып отырған өзекті проблемаларды шешудің тиімді жолдарын іздеуге ықпал етеді деп сенемін» деген  Сенат Төрағасы Қазақстан дінаралық диалогтың белсенді қатысушысы екенін де айтты. Қазан айында Астанада өткен Съезд Хатшылығының отырысында қабылданған Съезді 2033 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасының негізгі тармақтарын да тарқатты.

«Біздің Съезд алдағы жылдарда ең өзекті проблемаларды шешу үшін дін лидерлерінің күш-жігерін және рухани дипломатияның жасампаз әлеуетін тиімді пайдалануды мақсат тұтып отыр. Әлемдік рухани көшбасшылар бірлесе отырып, адамзат алдында тұрған экзистенциалды түйткілдерді шешуге айтарлықтай үлес қоса алады. Оның ішінде климаттық сын-қатерлерді еңсеру, кедейлік пен теңсіздікті төмендету, экстремизмге қарсы күрес, қақтығыстарды тоқтату сияқты маңызды мәселелер бар», деді   Сенат Төрағасы. 

Мәулен Әшімбаев сапар барысында  әріптесі – Біріккен Араб Әмірліктері Федералды Ұлттық Кеңесінің Төрағасы Сакр Әл-Гобашпен, Қасиетті Тақтың Мемлекеттік хатшысы Кардинал Пьетро Паролинмен, Дүниежүзілік шіркеулер кеңесінің Бас хатшысы Джерри Пиллэймен кездесті. Дидарласу сәтінде 2023-2033 жылдарға арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезін дамыту тұжырымдамасын талқылады. Сенат Төрағасы  дінаралық диалогты дамыту және адамгершілік құндылықтарды нығайту бойынша бірлескен күш-жігерді әрі қарай жандандырудың маңызы  зор екенін айтты.