Басылым • 06 Қараша, 2023

Жәнібектің жаңа жыр жинағы

268 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі, бірқатар республикалық мүшәйраның жүлдегері, талантты жас ақын Жәнібек Әлиманның Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен «Жұлдызымның жорығы» атты жыр жинағы жарық көрді.

Жәнібектің жаңа жыр жинағы

Бұған дейін ақынның сезім­ге толы сыршыл өлеңдері енген «Серт» атты алғашқы кітабы оқырманға жол тартқан еді. Оны поэ­зияны сүйіп оқитын қауым жылы қа­был­дады.  Біз сөз етіп отырған екін­ші жинаққа Жә­ні­бектің  кейінгі жаз­ған жырлары топ­тастырыл­ған. Дәстүрлі қазақ өле­ңінің үлгісін бұзбай, жаңаша жазуға ұмтылған ақынның ойлы, отты өлеңдері ешкімді бейжай қал­дырмайды.

Мәселен, мына бір шумаққа зер салыңыз:

«Жыр тілінде кісінеген

құлын қырат,

Түлкі іңірге тұтылды

күнім құлап,

Кеше жазып жұбанған

жібек көңіл,

Тағы мазам болмады

бүгін бірақ...»

Осы төрт қатар жолда  сурет дейсіз бе, көңілдің назы дейсіз бе, сөздің сазы дейсіз бе – бәрі бар. Ақынның жаңа жинағынан осындай бір деммен құйылып түскен өлеңдерді жиі кездестіресіз. Бұған дәлелімізді осы кітапқа жазған алғысөзінде белгілі ақын Дәурен Берікқажыұлы түйіндей түседі.  «Отызға енді шыққан Жәнібекте шаң басқан жадыңды дүр сілкінтіп жіберетін этнографиялық өлең де, «мынау қайтеді, ей» деп еріксіз бас шайқататын табиғат лирикалары да жетіп-артылады. Біздің мақсат – солардың бәрін жеке-жеке талдап, Жәнібекті «өткізу» емес, көлгір кеңістікте мөлдір жүрекпен өлең жазып жүрген оғланға көңіліміздің ілтипатын жеткізу ғана...», депті ол. Осыған біздің де алып-қосарымыз жоқ. Жыр бәйгесінде жұлдызың жоғары болсын, Жәнібек!