Аймақтар • 06 Қараша, 2023

«Ауыл» үміткері – аудан әкімі

154 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысының 4 ауданы – Созақ, Мақтаарал, Шар­дара, Бәйдібек аудандарында әкім сайлауы өтті. Аталған елді мекендердің барлығында сайлау­шылар белсенділік танытып, өз таңдауын жасады. Әсіресе аға буын өкілдері таңсәріден келіп, жастарға үлгі көрсетті.

«Ауыл» үміткері – аудан әкімі

Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыс­тың ардагері Мырзахмет Жылыс­баев алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасады. Саналы ғұмырын Созақ ауданының дамуына арнап, елге қызмет еткен ақсақал Сызған ауыл округіндегі №701 сайлау учаскесінде дауыс берді. «Еліміздің, ауданымыздың болашағы үшін әрбір азаматтың дауысы маңызды. Сондықтан мен де жасым 90-нан асқанына қарамастан таң сәріден келіп, өз таңдауымды жасадым. Саяси науқаннан шет қалмадым. Қашанда еліміз аман, бейбітшілік заман болсын», деді қария. Жастарға үлгі көрсеткен Мақтаарал ауданына қарасты Достық ауылдық округі Гүлістан ауылының тұрғыны Түрікмен Кенжеев – 80 жас­та. Тәжік этносының өкілі осындай бейбіт елде тұрып жатқаны үшін қазақ ағайындарына алғысы шексіз екенін білдірді. Мақтаарал ауданында 1 160 сайлаушы – бірінші рет дауыс беру құқығына ие болғандар. Сонымен қатар 11 307 көпбалалы ана мен 100 жастан асқан 4 мақтааралдық та өз таңдауын жасады.

Жалпы, Созақ ауданында 35 715 азамат сайлау құқығына ие, ал Мақтаарал ауданында – 70 648, Бәйдібек ауданында – 28 807, Шардара ауданында 44 109 сайлаушы бар. Түркістан аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, Бәйдібек ауданында дауыс беруге қа­тыс­қан 16 729 сайлаушының 9 379-ы, яғни басым бөлігі үш кандидаттың ара­сынан «Ауыл» партиясынан түскен Ерлан Нұрмахановқа дауыс берген. Ал Мақтаарал ауданы бойынша сайлаушылардың 29 338-і қолдап дауыс берген, осыған дейін Мақтаарал ауданының әкімі болып қызмет атқарып келген Бахыт Асанов сайланды. Созақ ауданы бойынша Созақ ауданының әкім болып қызмет атқарып келген Мұхит Тұрысбеков сайланды. Оны қолдап 16 016 сайлаушы дауыс берген. Шардара ауданы бойынша есімі елге мәлім, қол күресінен жүздеген әлем чемпионын дайындаған Арман Қарсыбаевқа сайлаушылардың 18 259-ы дауыс берген. Сөйтіп, үш үміткердің арасынан озық шыққан аудандық мәслихатының төрағасы қызметін атқарып келген Арман Қарсыбаев Шардара ауданының әкімі болып сайланды.

 

Түркістан облысы