Сол «Биіктікті» сахнадан тағы да тыңдадық. Елорданың төрінде Ұлттық академиялық кітапханада Табылдының тағы бір сазды кеші өтті. Қарашаның қарасұр кешінде Табылды әндерін тыңдауға ағылдық. Көрмедегі суреттеріне, сахнадағы қоңыр гитарасын ұстаған асыл бейнесіне қарап, өзін көргендей, өз даусын естігендей еліттік. Үш сағат бойы талантты тұлғаның әндері айтылды. Сонау жылдардан бері гитара тартқан әркім де Табылдыға еліктеп, Табылдыша тебіреніп шырқағысы келетіні ақиқат. Бұл кеште де бард ақынның ізінен ерген жас таланттар сахнаға шықты. Замандас құрдастары да қолына гитара алды, естен кетпес ескі жылдардағы ыстық естеліктерімен бөлісті. Ақынның өзі айтқандай:
«Оянбай қалам, бұл шындық,
ұрыспа қарғам,
Шөлмек-тірліктің белгілі
құлай сынары...
Гитарамды алып елеусіз
бұрышта қалған,
Бауырыңа басып егіліп,
жылайсың әлі...»
деп, дәл солай бұрышта қалған гитарасын алып, бірінен кейін бірі төгілген әндеріне жылап та отырмыз. Әр әні бір тарих, бір оқиға. Әр әні сырын шағып, мұңын айтады. Әр әні өмірдің елеусіз бір шындығын, жалғандығын, өткіншілігін жырлайды. Сөздері де қоңыр әуенмен қосыла сыздап, төкпелей жөнеледі. Дәл бір жастық шағыңның куәсіндей, аяулы сәтіңнің әнұранындай, сенің тағдыр-сырыңды ән қылып тұрғандай үзіледі келіп.
Аңызға бергісіз ғұмыр кешкен Табылдының әндері қаншама жүректі тербеді! Талай адам оған ұқсап, қыр баласы атанды – тауға құмартқан жоқ. Талай жас Табылдыдан кейін қолына алғаш рет гитара алып, имене тартып, «Алматыда қалған қызды» үйренді. Талай жас туған күндерде Табылдының әндерін Табылды мақамымен шырқап бақты. Талай жігіт сүйгеніне сол әндерді айтып, сырласқан болар. Талай адам оған ұқсап, өлімнен қорықпауға тырысты. Таусыз жерде туған талантты жанның бір аты – биіктік, екінші аты тау болды. Осы екі ұғым қазақ өнерінде Табылды жыры арқылы лирикалық мәнге ұласты.
Ерек талантты еске алуға арналған «Биіктік» атты әдеби-сазды кешке ақынның жары Қарлығаш Ибатова, ұлы Абыл Досымов, бірге жүріп, біте қайнасқан Бауыржан Омаров, Арман Сқабылұлы, Елена Әбдіхалықова бастаған достары, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Бауыржан Бабажанұлы, Дәулеткерей Кәпұлы қостаған ақындар, «Табылды Досымов атындағы қордың» жетекшісі Бижан Қалмағанбетов, зиялы қауым өкілдері мен шәкірттері қатысты. Мәдени іс-шара Табылды Досымовтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликпен ашылды. Кеште ақынның «Із тастап аққан бір жұлдыз....» кітабының тұсауы кесілді. Жинақта бард ақынның өлеңдері мен ол жайында естеліктер топтастырылған.
Сондай-ақ Атыраудан, Маңғыстаудан, Ақтөбеден, Алматыдан арнайы келген талантты әншілер ақын-сазгердің шығармаларын орындады, аңыз-ақынға арналған өлеңдерін оқыды.
Бард ақынның университетте бірге оқыған досы, белгілі тележурналист Арман Сқабылұлы сол жылдардағы ыстық естелігін баяндады.
«Бағанадан бері тек ән тыңдап, басқа бір әлемге еніп кеткендей болдық. Табылды екеуміз, алдымен курстас болдық. Кейін арамыздан қыл өтпейтін дос болдық. Жаңа орындалып жатқан «Биіктік» деген ән біздің Нарынқолға барған кезде Хантәңіріне тамсанғаннан туған еді. Сол екі күннің ішінде қазір қыр баласының гимніне айналып кеткен әнді шығарды. Алғашқы нұсқасында «Біздің жақта жүріп қайтса бір жаздай, Тұмағаңдар кетер еді жыр жазбай» деген жолдары болған. Кейін «Тұмағаңда нең бар?» деп өзгерткіздік. Жалпы, Табылдының сахнасы – жастар, студенттердің туған күні болатын. Табылдының сол өзі оқыған жылдары бүкіл ҚазҰУ-дың гимніне айналған «Қыпша белің-ай» деген ән болды. Кейін ол «Астананың аруы» аталып кетті. Жатақхана балконынан Табылды ән айтқанда, көрші тарих, филология, биология факультеттерінің қыз-жігіттері тегіс балконға шығып, тыңдап отыратын. Табылды әнін айтып болса, тағы сұрайтын. Осылай отырып Табылды шағын концерт беретін», дейді ақынның досы.
Бұдан бөлек әдебиетші ғалым Бауыржан Омаров, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, әнші-композитор Елена Әбдіхалықова, «Túrkistan» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы ортаға шығып, Табылдының өмірі мен шығармашылығы хақында өз естеліктерімен бөлісті.
Музыкалық кеш соңында ақынның тұяғы Абыл Табылдыұлы әулет атынан жиналғандарға ризашылығын білдіріп, келген көпшілікке әкесінің әнін орындап берді.
P.S.: Сол күні мида тек Табылдың әні ойнап тұрды. Кеш бітіп, күздің кешкі салқынын сезсек те мидағы әуен тоқтамады. Астана көшелеріндегі кептеліс те білінбеді – санада Табылдың әні. Ұйқыға да қырда жүріп кеткендейміз, түсімізде де аспанға қол созып тұрғандаймыз. Түу алыста таулар ағараңдайды.