Мектеп • 06 Қараша, 2023

Алыстағы ауылдың қуанышы

128 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыстың ауылдық жерлеріндегі ескі мектептердің мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Биыл бірнеше елді мекенде жаңадан білім беру ұйымдары салынып, соның бірі жуықта алыстағы Қаражар ауылында ашылды.

Алыстағы ауылдың қуанышы

Қаражар – облыс орталығынан 240 шақырым жерде, Мырзашоқы тау-шаңғы кешеніне жақын орын тепкен, 300-ден аса тұрғыны бар елді мекен. Республикалық жолдың бо­йында орналасқандықтан, ауылдың болашағы зор деп саналады. Мұнда кейінгі жылдары жергілікті ескі мектептің мәселесі жиі көтеріліп, ақыры ол «ERG» компаниялар тобы мен Павлодар облысы әкімдігі арасында жасалған әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырудағы өзара әріптестік туралы меморандум аясында шешімін тапты. Осылайша, демеушілер қаражатына ауылға 100 орындық заманауи мектеп салынды. Керегесі кеңейген білім беру ұйымының өзі енді негізгі мектептен орта білім беру жүйесіне ауыстырылады деп күтіліп отыр.

Жаңа нысанның ашылуына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, жергілікті ауыл тұрғын­дары мен мектеп оқушылары қа­тысты.

«Қаражар ауылындағы бұған дейін­гі ескі мектеп апаттық деп таныл­ған соң, жаңа ғимарат салуға шешім қабылданды. Нәтижесінде, қысқа ғана мерзімде осындай білім шаңырағы бой көтеріп, оқушы­ларға есігін айқара ашты. Бала мі­нез-құлқының негізі мектепте қалып­тасатыны белгілі. Сондықтан ұстаздар мен ата-аналарға еліміздің болашақ мәдениетті, білікті, еңбекқор патриоттарын тәрбиелеу жолында сәттілік тілеймін», деді А.Бай­ханов.

Ғани Бейсембаев мемлекеттің педагог мәртебесін көтеру, инфрақұры­лымды дамыту, жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау бойынша барлық міндеттемені орындап жатқанын атап өтті. «1 қазанға дейін елімізде 78 500 орындық 77 жаңа мектеп ашылды. Аталған көрсеткішті 132 мың орынға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектептің мәселесін, сондай-ақ 113 елді мекендегі оқушы орындарының тапшылығын шешуге мүмкіндік береді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 740 мың орындық 369 мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұл мәселені шешуде бизнес өкілдерінің де шетте қалмағаны қуантады», деді ол.

Жаңа мектептің құрылысына 650 млн теңге жұмсалды. Мұнда оқу кабинеттері, шеберханалар, спортзал, мәжіліс залы, шағын орталық, асхана, IT-сыныптар, ашық ойын алаңы қарастырылған. Қазіргі күні Қаражар мектебінде 72 бала білім алып жатыр. Тұрғындар заманауи ғимарат алдағы уақытта елді мекеннің зияткерлік және мәдени орталығына айналады деп мәз. Бұған дейін осындай жаңа мектептің бірі Железин ауданына қарасты Моисеевка ауылында да ашыл­ған. Алаш ардақтысы Мағжан Жұ­ма­баевтың есімін иеленген білім шаңы­рағы бұрынғы апатты мектептің орнына тұрғызылды.

Биыл Павлодар облысындағы 54 мектепті жаңарту үшін бюджеттен 6 млрд 465,4 млн теңге қарастырылған. Бұған ағым­дағы жөндеу, мектеп жиһаз­дарын, асханаларды, кітапха­на­ларды жаңар­ту, қауіпсіз­дікті қам­та­масыз ету жұмыс­тары кіреді. Ғима­раттарды жаңғырту жұмыстары толық аяқталды.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Қаражар ауылы