Қоғам • 07 Қараша, 2023

Эндаумент қорлардың даму келешегі

214 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде эндаументтер қауымдастығы құрылып, «Мақсатты капитал қорлары туралы» заң жобасы дайындалды. Бұл туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған III халықаралық эндаументтер конференциясында мәлім болды.

Эндаумент қорлардың  даму келешегі

Форум мемлекеттік органдардың, мақсатты капитал және қаржы секторы қорларының, эндаумент қорлардың және Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан жоғары оқу орындарының өкілдерін бір алаңға біріктірді. Жиынға қатысушылар Қазақстандағы эндаумент қорлардың бүгінгі ахуалы мен даму басымдықтарын, олардың қызметін қолдау мен реттеудегі мемлекеттік органдардың рөлін, эндаумент активтерін басқарудағы инновациялар мен технологияларды талқылады әрі ТМД елдеріндегі эндаумент тәжірибесін қарастырды.

Форум барысында ұлттық универси­тет­тің ректоры Ерлан Сыдықов эндау­мент­тің білім беру мекемелерінің тұрақ­тылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қам­тамасыз етудегі негізгі рөліне тоқтал­ды. Ол университет 2022 жылы өткіз­ген «Қа­зақстанның эндаументтері» бірін­ші форумы эндау­мент қорларының қыз­ме­тіне қажетті нормативтік-құқықтық ба­за­ны әзірлеудің негізіне айналғанын атап өтті.

– 2021 жылы біздің түлектер ENU Endowment Fund құрып, дарынды сту­денттерімізге табысты қолдау көрсе­тіп келеді. Қор әлемдік тәжірибені қолданады, мұнда негізгі капиталға қол сұғылмайды және студенттерге көмек тек инвестициялық кіріс арқылы көрсетіледі. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Жолдауда университеттердегі эндау­мент қорлары білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс екенін атап өтті. Бүгінгі таңда әлем­дік білім беру мекемелері эндаумент қор­ла­рының қолдауының нәтижесінде сер­пінді жобаларды жүзеге асыра алады. Қорлар академиялық әлем мен бизнес қауымдастық арасындағы, университеттің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы көпірге айналады, – деді Е.Сыдықов.

Ғылым және жоғары білім министрі­нің кеңесшісі Фархад Қуанғанов Еуразия ұлттық университеті еліміздегі эндаумент қорлары қозғалысының алғашқы бастамашысы болғанын жеткізді. Оның айтуынша, заң жобасын дайындау кезін­де эндаумент қорлары құрылған елдердің халықаралық тәжірибесі зерделенген.

– Бір жыл бұрын конференцияға қа­­тысушылар ұсыныстар дайындап, эн­дау­­мент қорлары туралы жеке заң әзір­­­леуді ұсынды. Бүгінде бұл мәселе прак­тика­лық деңгейге көшті. Жеке заң жо­ба­сын қабылдау қажеттілігі қазір­гі заңна­ма­­да эндаумент қорларына әлеуетті са­лым­шы­­ларды ынталандыру, дұ­рыс инвестициялау және салымшылар қаража­тының жұмсалуын бақылау бойынша нор­малардың жоқтығынан туындап отыр. Табысты эндаумент қорлары бар елдер­дегідей жеке заң қажет. Қазақстанда эндау­­мент қорлары заңды тұлғаны кор­пора­тив­тік, инвестициялық немесе басқа да қор түрінде тіркеуге мәжбүр. Бұл қайы­рым­дылық туралы заңда көзделген қыз­мет­ті қиындатады және салықтық даулар тудырады. Заң жобасының құрылымы Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес жасалған. Оны әзірлеу кезінде эн­дау­мент қорлары туралы қолда бар нор­ма­­­ларды сақтауға және барынша пай­да­­­ла­­­н­уға тырыстық, – деп түсіндірді Ф.Қуанғанов.

Ұлттық эндаументтер қауымдасты­ғының басқарма төрағасы Светлана Лаврова Ресейдегі мақсатты капитал қорларының қызметіне кеңінен тоқталды. «Университеттерді қаржыландырудың әртүрлі көздері ішінен тек эндаументтер ғана университеттің ұзақмерзімді тұрақтылығы мен тәуелсіздігін қамтама­сыз ете алады. Стратегиялық перспектива тұрғысынан ойлаған кезде эндаументтің қажеттілігі туындайды. Егер сіз 3-5 жылды жоспарласаңыз, онда қысқамерзімді қаржыландыру көздері жеткілікті. Эн­даумент-қорлардың қызметі 3 бө­лік­тен тұрады: ақша жинау, оны қаржы на­рығына салып, кіріс алу және кірісті пайдалану. Эндаументтің екі негізі бар: университет және қаржыны университетке табыс әкелу үшін инвестициялайтын қаржылық компания, яғни басқарушы компания», деді сарапшы.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдасты­ғының басқарушы директоры Ерлан Бурабаев қаржы нарығы еліміздің эндау­мент-қорлар жүйесін құруға биыл ғана белсенді түрде қатысқанын атап өтті. «Біз Қазақстандағы эндаумент қорларды дамыту бойынша ұсыныстарды қызығу­шылықпен қабылдадық. Әрине, қаржы нарығы экономикадағы капиталды қайта бөлумен айналысатын жүйе ретінде эндау­мент қорларында қалыптасатын ақшаның экономика үшін ұзақмерзімді екендігіне қызығушылық танытады. Бұл – қаржы нарығы үшін ең маңызды элемент», деп толықтырды қаржыгер.

Конференция қорытындысы бойынша резолюция қабылданды. Оның аясында қатысушылар әдістемелерді стандарттау және үздіксіз білім алу мен диалог алаңын қамтамасыз ету үшін Қазақстан қорларының қауымдастығын құру туралы шешім қабылдады. «Мақсатты капитал қорлары (эндаумент қорлары) туралы» Заңның жобасына да сарапшылар оң бағасын берді.