Спорт • 07 Қараша, 2023

Жазғы Азия ойындары: таудай уәде, түймедей нәтиже

225 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2023 жылдың басты додасы саналған жазғы Азия ойындарындағы спортшылардың көрсеткіші көңіл көншітпейді. Мұны Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев әр  спорт түрінен федерация басшыларын қабылдау кезінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жазғы Азия ойындары: таудай уәде, түймедей нәтиже

Фото: Turizm_jane_sport_ministrligi

Есеп беру кезегі семсерлесу мен таэквондо федерацияларының басшыларына да келді. Осы екі спорт түрінен федерация президенттерін һәм бапкерлерді жинаған министр жеткен жетістік мақтанарлық емес деді.

Семсерлесу спортынан бапкерлер Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында кемінде 1 алтын, 1 қола медаль еншімізге бұйырады деп сендірген еді.  Сайыс үстінде тек 1 күміс, 2 қола жүлде тиді.

Таэквондодан да 1 алтын, 1 күміс, 2 қола ұзын-ырғасы 4 медаль түсуі тиіс еді жоспар бойынша. Спортшылар финалға шыға алмады, тек 2 қола медальді қанағат тұтты.

«Екі федерацияға бағынышты спорт түрінен  алған олжамыз тым аз, сәтсіздік сабақ болуы тиіс. Қорытынды шығарып, алдағы сегіз айда Париж жазғы Олимпиадасына  дайындықты күшейту қажет», деді министр.

Федерация басшылары бүгінгі есеп беру жиынынан тағы да бос  шыққан жоқ, жүктеме арқалай кетті.  Е.Маржықпаев семсерлесушілерге Париж жазғы Олимпиадасының  5 жолдамасын,  таэквондошыларға 2 жолдама олжалауды  міндеттеді.