Мәселе • 08 Қараша, 2023

Каспий тайызданып барады

230 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ғалымдардың зерттеуінше, Каспий теңізі қазіргіден 18 метр­ге дейін тартылуы мүмкін. Осыған орай енді елімізде Каспий теңізін қадағалайтын ғылыми-зерттеу институты құрылатын болды. Бұл жаңалықты аймақ жұртшылығы екі жыл күтті.

Каспий тайызданып барады

Суретті түсірген – Серік МАЙЕМЕРОВ

2021 жылы Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына барған жұмыс сапарында Каспий теңізін кешенді зерттеумен айналыса­тын мемлекеттік институт құруды тап­сырған еді. Кешенді жұмыстың кешеуілдеп қалғаны Маңғыстау жұртын ғана емес, эколог мамандарды да алаңдатып отырғаны рас. Мәселен, Ақтау тұрғындарының айтуынша, Каспий жағалауындағы қаулай өскен қамысты аумақты бұрын теңіз толқыны шайып жататын. Қазір теңіздің тереңіне бару үшін шамамен 100 метрдей жер жүру қажет. Кейінгі жылдары теңіздің қаншалықты тартылғанын осыдан-ақ көруге болады.

Эколог Кирилл Осин Маңғыс­таудағы экологиялық жағдайға алаңдаулы екенін айтады. Оның пайымдауынша, Каспийдің тартылу себептерін зерттеу жұмыстары кешіктіріліп келеді. Өйткені бұл бастама аймақта алғаш рет 2012 жылы көтерілген екен.

– 1979 жылдары Каспий те­ңізі Балтық жүйесі бойынша жа­ғалаудан 29 метр қашықтыққа шегініп кеткен. Судың қазіргі деңгейі сол көрсеткішке жақын, яғни 28,5 метрге шейін тартылғаны анықталды. Өзекті мәселені шешу жолында елімізде ғылыми институт құрылғанына қуаныштымын. Енді халықаралық ғылыми қауым­дастықтармен бірлесіп жұмыс жасалады деп сенемін, – дейді К.Осин.

Каспий теңізінде су деңгейінің тұрақсыздығына жаһандық кли­маттың өзгеруі де әсер етті дей­ді ресми орындар. Экология ми­нистр­лігінің мәліметінше, өткен ғасыр­дың 30-жылдарынан бастап Каспий деңгейінің төмендеуі байқалған. 1977 жылға қарай теңіз деңгейі 3 метрге төмендеп, минус 26-дан 29 метрге дейін жетті. Кейін су деңгейі қайта көтеріле бастайды. Осылайша, 1995 жылы 3 метрге жоғарылап, минус 26,62 метр болған. Осы аралықта су деңгейінің көтерілуі жылына шамамен 14 см болды, ал кей жылдары 36 см-ге жеткен. 2005 жылдан бастап циклдік төмендеу кезеңі қайтада басталған.

Каспийде желдің әсерінен мез­гілсіз ауытқу болып тұрады. Мы­салы, Каспийдің солтүстік бөлі­гінде «Жанбай» теңіз гидро­посты ауданында осындай маусым­дық көрініс анық байқалады. Әсіре­се, көктем, күзде. Ал жазда, жел қатты емес кезде мұндай жағдай байқалмайды. Теңіз деңгейінің көтерілуі желдің жылдамдығы 10-15 м/с және ұзақтығы 10-12 сағаттан 1-2 күнге дейін жалғасса ғана байқалады. Ал жел секун­дына 15-25 м-ге жеткенде биік­тігі 1,5-2 м немесе одан да жо­ғары болады. Кейінгі жылдары Каспий теңізі деңгейінің ауыт­қуы климаттың антропогендік құ­былуы әсерінен өзгеретін су балансы сипаттамаларының арақа­тынасына байланысты.

Сарапшылардың дерегіне сү­йен­сек, 2006-2020 жылдар ара­лы­ғында Каспий теңізінің аквато­рия­сына жауын-шашынның аз мөл­шері түскен, ал булану үдерісі керісінше қарқынды болған. Сондай-ақ Еділ (Волга) өзенінің бассейнінде су аз болғандықтан келетін су мөлшері көп болмапты. Басты себебі – климаттың жылынуы. Каспий деңгейінің тө­мендеуі мен жоғарылауы бұрын да болған және ол ұзақмерзімді та­биғи циклдік сипатқа ие.

Голланд және неміс ғалымдары 2100 жылға қарай Каспий теңізі қазіргіден 18 метрге дейін тартылуы мүмкін деп отыр. Бұл өзгеріс теңіздің биоортасына орасан залал әкелуі ықтимал екенін айтады. Болжамды пікірмен отан­дық эколог мамандар да келіседі. Осыған орай ғылыми институт базасында 2019 жылы Каспий эндемигін зерттеу орталығы құ­­рыл­ғаны мәлім. Ақтаудағы ор­та­лық қызметкерлері су айдынында 7 рет экспедициялық зерттеу жүргізген. Аталған Орталық Азия эко­логиялық зерттеулер инс­­­титу­тының негізін қалаушы эко­лог Әсел Тасмағамбетованың ай­­туын­ша, зерттеу жұмыстары­ның нәтижесі теңіздегі эндемиг жа­нуар­ларды қорғауға септігі тиген.

– Экспедициялық зерттеу жұ­­мыстарының қорытындысы Кас­­пий итбалығы Қазақстан «Қы­зыл кітабына» қосылуына себеп­кер бол­ды. Біздің ғылыми қызмет­кер­лер Каспий мәселелерін зерттеу институтымен бірлесе жұмыс іс­теуге дайын. Су ресурстары және ир­ригация министрлігінің мәліме­тін­ше, жаңа институттың қызметі ­­ 2 не­гіз­гі бағыт бойынша жал­ға­са­ды, – дей­ді Ә.Тасмағамбетова.

«Кәрі Каспий Арал теңізінің кебін құшпай ма?» деген сауал – көп­­шілікті көптен толғандырып келе жатқан мәселе. Бұған қа­тыс­ты Су ресурстары және ирри­га­ция бірінші вице-министрі Болат Бек­нияздың да өз айтары бар. Ол осы мақсатта қазынадан 300 млн теңге жұмсау жоспарланғанын жеткізді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде жаңа ғылыми институт құрылады. Оның атқаратын қызметі Каспийдің экологиялық проблемаларын, атап айтсақ, деңгейінің төмендеуіне, ит­балықтар мен балықтардың жаппай қырылуына, олардың популяциясын сақтап қалуға қатысты болады. Сонымен қатар теңіз жағасындағы мемлекеттердегі әріп­тестерімізбен өзара іс-қимыл­ды күшейтуге бағытталады. Бел­гілі болғандай, мемлекет Каспий теңізін зерттейтін ғылыми-зерттеу институтының жарғылық капиталын толықтай қамтамасыз етеді, – дейді Б.Бекнияз.

Бұл ретте су саласына қатысты елімізде тағы бір кешенді мәселе­нің қолға алынып жатқанын айта кеткен жөн шығар. Мәселен, енді Су ресурстары және ирригация министрлігінің жанынан екі жаңа басқарма құрылатын болды. Оның бірі Орталық Азия елдерімен қа­рым-қатынас мәселелерімен шұ­ғылданса, екінші басқарма Қытай және Ресеймен тіршілік нәріне қатысты байланысты нығайта­ды. Еліміздегі суармалы жердің 80%-ы оңтүстік өңірге тиесілі. Ен­деше жер емген диқандардың суға деген зәрулігін тудырмаудың бір жо­лы – Орталық Азия елдерімен ын­тымақтастықты жаңа деңгейге көтеру. Жаңадан құрыла­тын қос басқармаға артылар жүктің бір парасы әзірше осындай болмақ.