Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Таяуда әлеуметтік желідегі бір бейнежазбада Риддердегі оқушының автобусты күтіп тұрып, жақындағанда алдынан жүгіріп өткені көпті алаңдатқан еді. Өйткені көпшілік жолға әдейі шығып, апаттық жағдай тудырған баланың жүзінен қорқыныш емес, әлдебір келеке қылықты байқаған. Содан бейнежазбаның астына ой-пікірлерін білдірген жұрттың біразы: «Бұл «Жүгіріп өт немесе өл» деген ойын», деп даурықты. Өйткені қатыгез ойынның ережесіне сәйкес қатысушы бағдаршамның қызыл белгісі жанып тұрған кезде жүріп бара жатқан көліктің тұсынан жүгіріп өтуге тиіс. Бірақ жергілікті полиция қызметі жасөспірімдерді анықтап, олардың жай ойнап жүргенін айтып, түсініктеме берді.
«Бейнежазбаға түсіп қалған балаларды анықтап, таптық. Балалар жай ойнап жүргенін, ол ойынға қатысы жоқтығын жеткізді. Алдымен бір бала жүгіріп өткен, кейін екінші бала жүгірген. Ал шеттен көрген адам оны түсіріп алып, «Жүгіріп өт немесе өл» деген ойынға келтіріп айтқан. Әр мектепте осы ойынға қатысты алдын алу шарасы жүріп жатыр. Мұғалімдермен, балалармен кездесіп, мән-жайды түсіндірдік. Облыста әзірге мұндай дерек тіркелген жоқ», деді Шығыс Қазақстан облысы ПД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Әділжан Хамитов.
Расымен, елімізде Ресей, Беларусь, Украина секілді елден келген бұл ойынға қатысты тіркелген дерек әзірге кездеспейді. Алайда осыған ұқсас бейнежазбалар әлеуметтік желіде қаптап жүр. Мәселен, жуырда Ақтау қаласында жылдамдықпен келе жатқан көліктің алдынан киікше атқып шығып, істеген істеріне дән риза болған бір топ жеткіншек кадрға ілікті. Психологтер мұндай қадамға балалар қоғамда өз орнын тауып, мойындату үшін баратынын айтады.
«Бұл ойын адамның мүмкіндігін, қандай жағдайда тәуекел ете алатынын және өзін жеңу қабілетін зерттеумен және өзін-өзі дәлелдеумен байланысты. Тұлғалық дағдарысқа ұшыраған баланың бойында міндетті түрде дәлелдеу стимулы белең алады. Ойын – жасөспірімдер үшін өзінің батылдығы мен күшін таныту, сол арқылы мәртебесін көтеріп, жаңа бедел жинап, өзіне деген сенімін арттырып, топ мүшелері немесе қоғамға өзін қабылдатып, мойындатуының ең сорақы жолы. Қанша білімді, тапқыр болса да, егер әлеуметтенуі төмен болса, қоғамға енудің оңай жолы осындай әрекеттерге бару деп ойлауы ғажап емес. Ақыры мақсатына жеткізетін жолды қате таңдап, осындай түрлі арандатуға еріп кетеді. Сондықтан ойын қоғамда өз орнын табудың қарапайым құралына айналып отыр. Балалар бұл ойынды жаңа әсер алу үшін де ойнауы ықтимал. Интернет жайлаған, бірқалыпты «сұрғылт» тартқан тіршілікте балалар сезім мен әсердің жетіспейтінін байқайды. Ал адреналин түрлі сезімді бастан өткеруге мүмкіндік беріп, энергияны арттырады. Өзіндік шекарадан шығу стимулына алып келеді. Бір айта кетерлігі, қазіргі балаларда өзімшілдік, эгоцентризм синдромы бар. Ең өкініштісі, ата-аналардың стандартты ой-өрісінен баланың жапа шегуі көп. Яғни баланың бойында «жақсы оқушы» синдромын дамыта келе (перфекционизм), тұлғалық сезім рецепторларын бейғам қалдыру», деді психолог Шолпан Әбілова.
Отандық «Касперский» зертханасы жүргізген зерттеуге зер салсақ, еліміздегі әр бесінші ата-ана балаларына 4 жастан асқанда гаджет алып береді екен. Тіпті респонденттердің 50 пайыздан астамы олардың интернетте күнделікті төрт сағаттан көп отыратынын, 23 пайызы балалары бос уақытының бәрін интернетте өткізетінін айтқан. Сауалнамаға қатысушылардың тек 65 пайызы ғана уақыт бойынша шектеу қойғанын алға тартады. Демек бұл қараусыз жеткіншектердің есерсоқ ойынға еліру ықтималдылығы жоғары дегенді білдіреді. Жағдайдың алдын алу үшін білім басқармасындағылар, құқық қорғау органдары ата-аналарға үндеу жолдады. Өйткені биыл жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан балалар саны 14 пайызға артқан.
«Биылғы 10 айда жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалардың саны 3 пайызға артты. Зардап шеккен балалардың жартысынан көбі – жолаушылар, ал қалғандары – жаяу жүргіншілер. Көп жағдайда балалар ересектер тарапынан тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін зардап шегеді. Себебі олар автоорындықтар, бустерлер және адаптерлер сияқты балаларды ұстайтын құрылғыларды пайдаланбайды. Жаяу жүргіншілердің әдетте белгіленбеген жерден жолды кесіп өтіп, жақындап қалған көліктің алдынан жүгіріп өту кезінде және бағдаршамның тыйым салынған сигналына мән бермеген жағдайда жол-көлік оқиғасына ұшырайтыны белгілі. Сол үшін балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алу шаралары жүргізіліп, оқу орындарында тұрақты негізде жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қағидаларын сақтауына және балаларды тасымалдау кезінде балалардың ұстау құрылғыларын пайдалануға бағытталған құқықтық түсіндірулер мен насихат жұмыстары жүргізіледі. Кейінгі 2 аптада жаяу жүргіншілер өткелдерінің жол белгілері, жол таңбалар, қоршаулар және басқа да жол жүрісін реттеу құралдарымен жабдықталуын тексеру мақсатында мектеп аумағында жол және коммуналдық қызмет өкілдері 1 700-ден астам тексеру жүргізді. Нәтижесінде, табылған кемшіліктерді жою үшін 200-ден астам нұсқама берілді. Мектептердің тек 65 пайызында ғана жол жүрісі қауіпсіздігі сыныптары бар және мектептердің тек 40 пайызы жол жүрісі қағидаларын зерделеу үшін арнайы алаңдармен жабдықталған. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін білім ошақтарында мектептің жас инспекторлары жасағын ұйымдастыру қажет. Олардың басты міндеттері – балалар мен жасөспірімдер арасында жол жүрісі қағидаларын сақтауды насихаттау және жолдағы балалар жарақатының алдын алу», деді Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Біз қаласақ та, қаламасақ та әлеуметтік желінің әлегін әлі көретініміз анық. Үйдегі бала да «зиян» екен деп, қолындағы телефонын бір шетке ысырып қоймайды. Сондықтан ең алдымен ата-ана цифрлы ортада баланың қауіпсіздігіне баса мән беруі қажет.
«Бірінші кезекте қате және тиімсіз тыйымдардан, қорқытудан және үгіт-насихат жүргізуден аулақ болу керек. Мұндайда баланың «үйдегілер мені түсінбейді, қабылдамайды» деген ойы бекіп, керісінше, кез келген әдіс арқылы өзге ұжымның бір бөлігі болуға ұмтылысын арттырады. Тыйым салудың орнына оған сұрақ қойып, мәселені талқылаған жөн. Мысалы, «Бұл қандай ойын? Онда қауіпке, тәуекелге бас тігуге тура келе ме? Ол тиімді жол ма? Жасөспірімдер өзін мойындату үшін неге осындай жолды таңдайды?» Немесе баланы мұқият тыңдап, оның ұғымындағы дүниенің мәнін түсінуге тырысу қажет: ол үшін керемет болу нені білдіреді, көліктің жолын кесіп өту арқылы адам қандай қабілетін дәлелдей алады, бұл қабілетті өзге жолмен дәлелдеуге бола ма, батылдық деген не, батылдық пен ессіздіктің қандай айырмасы бар, жасөспірімдер осындай арандатуға еру арқылы не көрсеткісі келеді. Осы секілді сұрақтар қойып, баланың жауабын тыңдап, өз ойыңызды ортаға салыңыз. Қысым көрсетуден, өз пікіріңізді тықпалаудан, «дұрыс және бұрыс» деп нақты бөлуден бас тартыңыз. Бала міндетсініп, құлықсыз сөйлессе де, оның сізді тыңдап отырғанын ұмытпаңыз. Кейде ойынға қатысу бала үшін қарсылық танытудың, бас көтерудің, ереже бұзудың бір жолы болуы мүмкін. Түрлі тыйымды бұзу – жасөспірім шақта кездесетін жағдай. Ондайда ата-ана елеусіз жағдайларда оны байқамауына болады. Мысалы, жай тұру, бөлмені жинамау сынды әрекеттер. Бұл баланың билік пен еркіндікті сезінуіне мүмкіндік береді. Балаңызды жақын тануға, жақсырақ білуге тырысыңыз. Ол үшін түрлі әдіс қолданыңыз. Қыз баламен анасы, ұлымен әкесі сөйлескен жөн. Өйткені гендерлік түсінік әңгіменің жайлы өтуіне ықпал етеді. Тәрбие стилі: авторитарлы болу да өз көмегін тигізеді. Отбасында ең бастысы – сөйлесу арқылы балаға не жетпейтінін түсініп, оны алудың қауіпсіз жолын табу», деді Ш.Әбілова.
Ескерту: егер – көшенің жиегінде стартта тұрған бала көрсеңіз, абайлаңыз! Сақтықта қорлық жоқ.