Денсаулық • 08 Қараша, 2023

Көз ауруын анықтайтын нейрожелі

118 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Отандық ғалымдар сирек кездесе­тін көз ауруларын анықтайтын нейро­желі ойлап тапты. ZebraEye меди­циналық суретті пайдаланып, жасанды интеллект арқылы дәрігерлерге диагностика жасауға көмектеседі. Осылайша, мыңдаған қате диагноз жойылмақ.

Көз ауруын анықтайтын нейрожелі

Гаджетке байланған заманда бірінші зардап шегетін – көз. «Екі көзің – шы­рағың» дейді қазақ. Осы шырақты бей­қам­дықтың немесе біліксіз мамандардың кесірінен өшіріп алып жатқандар қаншама? Ғалымдардың болжамынша, жақын арада адамзат «көз аурулары» індетіне тап болады. Әлемде көру қабілеті бұзылған 2,2 миллиард адам бар. Оның ішінде сирек кездесетін көз ауруларынан 500 миллион адам зардап шегіп жатыр. Ең өкініштісі – бұл ауруларға 40 пайызына дұрыс емес ­диагноз қойылады. Ал ZebraEye осы індетпен күресуге бел шеше кірісіп отыр. Бүгінде отандық стартап аурудың 6 түрін 99 пайыз дәлдікпен анықтайды.

– Офтальмология – күрделі бағыт. Біз сирек кездесетін ауруларға назар салдық. Сирек кездесетін аурулардың 80 пайызы тұқым қуалайды. Науқас емделсе де, ол ауру ұрпағына берілуі мүмкін. Әлем халқының демографиялық өсімімен қатар, патологиялар ықтималдылығы да артады. Сондықтан біз дәрігерге көмек болатын пайдалы құрал жасағымыз келді. 2023 жылдың наурызында MVP әзірлеуге кірістік те, оны сынақтан сәтті өткіздік. Жұмыс тобын тез жасақтадық. Қазір оның құрамында ML-инженер, бір frontend пен тағы бір backend-әзірлеуші бар, – деді стартап негізін қалаушы Яна Тен.

Жоба дәрігерлер жұмысын барынша же­ңіл­детіп, медицинаны сапалы ете түседі. Көз ауруын анықтайтын жоба қалай жұ­мыс істейді? Сайтқа кіріп, фотодеректі жүк­тесе болды, жүйе нәтижесін шығарып береді. Клиникаларға ZebraEye-ні қолдану үшін ештеңе орнатудың қажеті жоқ. Тек ға­лам­торға қосылу керек. Жоба негізін қалау­шылардың айтуынша, нарық пісіп-же­тіл­геннен кейін, дәрігерлер мұндай техно­логияға дайын болған кезде жүйені меди­циналық жабдықтармен кіріктіретін болады.

Жанашыр команда АҚШ нарығына шығуды жоспарлап отыр. Ол үшін амери­калық суреттер қоры қажет. Қазір ZebraEye қолында Сан-Диегодағы Калифорния университетінің 100 мың фото дерегі бар. Қазақстанда осыған ұқсас жоба бар, ол тек бір патологияны анықтай алады. Шетелдік шешімдердің де хал-ахуалы сондай. Негізі MedTech-ті коммерциялау өте қиын. Мұндай стартаптар қаншама жыл табыс таппауы мүмкін. Бірақ Яна мен оның командасы қазірдің өзінде екі мәміле жасап, Astana Vision жеке клиника желісімен интеграция мәселесін талқылап жүр. Мысалы, АҚШ-қа MedTech стартапымен кіру біздің елдікінен де қиын. Өйткені ол жақта медицинаға қойылатын талап қатаң. Дегенмен отандастарымыз қазір Stanford Health Care профессорымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Болашақта отандық жоба АҚШ-та да қызмет көрсетіп жүрсе, қуанарлық жайт.

 – Әзірге жобамыз бізге берілетін деректерге тәуелді. Жуырда біз оптикалық когерент томографиясын назар салатын боламыз. Оның көмегімен дәрігерлер көз тіндерін инфрақызыл сәулемен егжей-тегжейлі сканерлейді. Мұндай жабдық көптеген көз клиникасында бар. Біз сон­дай-ақ эндотелий микроскопынан алын­ған деректерді талдаймыз, бірақ ол ТМД елдерінде жиі кездеспейді. Мысалы, елі­мізде мұндай құрылғы бесеу ғана, – деп түсіндірді Яна.

Қазір жас өнертапқыштар мемлекеттік емханалармен бірігіп, жобаны кең көлемдегі нарыққа шығарып жатыр. Тіпті өңірлерге шығып, жергілікті ауруханалармен жұмыс істеу жоспарларында болған. Бірақ шағын қалалар мен ауылдық жерде медициналық жабдықтар тапшы. Бұл тұрғыда Яна «Өңірлік ауруханаларды жабдықпен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында Денсаулық сақтау министрлігімен жұмыс істесек тамаша болар еді. Біз оларға дәрігердің цифрлық көмекшісі ретінде өз софтымызды ұсынар едік. Стартапты жеке қаржыға, негізінен Арман Оспанов пен Досжан Жүсіповтің ақшасына дамытып жатырмыз. Жыл соңына шейін ғылыми жұмыс, деректерді сатып алу және технологияны жетілдіру үшін раунд көтеруді жоспарлап отырмыз. Жалақы қорын түскен табыстан жауып отырамыз», деді.

Бір қарағанда, стартаптың атауы медицинамен байланысты еместей көрінеді. Яна өмірде өзімізге таныс нұсқаны ғана таңдаймыз, ықтималдығы төмен нұс­қаны жіберіп аламыз дейді. Яғни ұсақ мәселелерге көңіл бөлмейміз дейді. Рас, медицинада да солай. Ауру қарапайым белгілердің ішіне жасырынғанда оны анықтау қиынға соғады. Мұны Яна «зебра әсері» деп атады. Демек жоба қалыптан тыс ойлап, басқа дәрігерлердің нені жіберіп алғанын байқайтын болады.