Отырыс ашылғанға дейін қадағалау ведомстволары басшыларын Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Саяси бюро мүшесі, Саяси-заң комиссиясының хатшысы Чэнь Вэньцин қарсы алды. Еліміздің Бас прокуроры өз сөзінде Қазақстан мен Қытай прокуратура органдары арасында ынтымақтастығының артып келе жатқанын және екі ел көшбасшыларының арасындағы қарым-қатынасты үндестіретінін атап өтті.
Отырыс барысында Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Қытай, Ресей Федерациясы, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия елдері прокуратураларының басшылары мемлекеттік жаңғырту, өңірлік қауіпсіздік, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және прокурорлардың біліктілігін арттыру мәселелерін талқылады. Мүше мемлекеттердің қадағалау органдарының басшылары қатысушы елдердің даму үрдісінде халықаралық қауіпсіздік пен құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз ету мақсатында осы ұйымның ықпалын кеңейту, қаржы-экономикалық саладағы қылмыстарға, терроризм мен экстремизмге байланысты есірткі мен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастықты арттыру, прокурорлық білім беру ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды дамыту мақсатында келісімге келді.
Кездесу қорытындысы бойынша прокуратура басшылары бұдан әрі өзара ынтымақтастықтың басым бағыттары мен тетіктерін айқындайтын хаттамаға қол қойды. Сонымен қатар ШЫҰ алаңында еліміздің Бас прокуроры ҚХР Жоғарғы Халық прокуратурасының Бас прокуроры Ин Юнмен екіжақты кездесу өткізіп, қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетудің, сотталғандарды берудің, сондай-ақ заңсыз шығарылған активтерді қайтарудың өзекті мәселелерін талқылады.