Мәселе • 09 Қараша, 2023

Жылқы неден қырылды?

219 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Павлодар облысында қос ауылдың 50-ден астам жылқысы қырылып қалды. Үйірде жүрген жануарлар қарабидай егістігінде оттыққан. Ветеринарлар малдың әбден тойынып немесе шөптен уланып өлуі мүмкін деген болжам жасап отыр.

Жылқы неден қырылды?

Рождественка ауылдық ок­ру­гіне қарайтын Максимов және Розовка ауылдарының тұрғын­дары мен «Киров» ЖШС-ның жылқылары бір үйірде бағы­лып келген. Жалпы саны 375 мал­дың 37-сі жоғарыда аталған серік­тестікке тиесілі. Жергілікті тұр­ғындардың айтуынша, оқиға 6 қа­­раша күні орын алған. Түлік­терінің бірінен соң бірі тырапай асып өліп жатқанын көрген Мак­симов тұрғындары дабыл қа­ғып, ветеринарлық органға хабар түсірген. Ветеринарлар алғашқыда 27 жылқының өлексесін анықтаған екен. Уақыт өте қырылған малдың саны 51-ге жетіп жығылды.

– Шығын болған жылқылардың жетеуі «Киров» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен қосылғаны анықталды. Өзгесі 13 тұрғынға тиесілі. Барлық жылқылар егілген, жұқпалы аурулар тарады дейтін емес. Біздің ойымызша, мал тойынып өлген болуы мүмкін, – дейді ауылдық округтің әкімі Рашид Галеев.

Павлодар облысының бас ветеринары Айдар Уәлиевтің айтуынша, қос ауылдың үйірін жергілік­ті жылқышы біраз күн қашықта ұс­таған. Жануарлар ашығып қал­са керек. Одан соң топ жылқы Мак­симовтағы шаруа қожалығына қа­расты егістікке түсірілген.

– Бұл аумақта қарабидай өсі­ріледі. Биыл қара күз аймағымыз­да ерекше жылы болып тұруына байланысты қарабидайдың сабағы 10-15 сантиметрге көтеріліп, қау­лап өсіп кеткен. Әрі шаруашылық жер танабында күзгі өңдеу іс-шараларын жүргізген. Ашығып тұрған мал егістікте түскен соң қатты тойынған. Асқазаны бірден нәрлі азыққа толып қалған соң жануардың ас қорыту жүйелері дұрыс жұмыс істемей, жағдайлары қиындаған. Малдың іші кеуіп, ісініп кеткен. Ветеринарлардың тілімен айтқанда, өткір метеоризм жүрген. Жылқылар содан қиналып өлген сияқты. Біздің ветеринарларымыз қазір жылқылардың күйін тұрақты бақылап, күніне бірнеше мәрте температурасын өлшеп жатыр. Дене температурасы 38 градустан асқан жоқ. Егер мал арасында жұқпалы дерт тараса, жануарлардың дене қызуы әлдеқашан 40 градустан асып кетер еді. Оның үстіне мамандар ішкі ағзаларын кесіп, зерттеулер жүргізді. Органдары зақымданбаған, көкталағында өзгеріс жоқ. Аман қалған малдың күйлері тұрақты, –дейді ол.

Қазіргі уақытта өлген малдың ұшаларынан арнайы сынамалар алынып, зертханаларға жіберіл­ген. Ал аман қалғандарынан ветеринарлар қан алып, жұқпалы ауру­лардың бар-жоғын тексеру үшін елордадағы зертханаға жө­нелтті. Өңірдің бас мемлекет­тік ве­­­теринариялық-санитариялық инспекторы Рашид Нұрбеков жыл­­қылардың ағзасы әлденеден улануы мүмкін екенін жеткізді. Әйтпегенде барлық мал күйдіргі мен пастереллезге қарсы вакциналаудан өткен. Ветеринар­лық құжаттары да дұрыс. Ал мал ­жа­йылған қарабидай алқапта­рын жергілікті шаруашылық өкілдері химиялық пестицидпен өңдеген жоқпыз деп отыр.

Арам өлген малдың барлығы бүгінде орға құлатылып, өртелген. Мамандар қауіпті дерт тараса, оның белгілері көзге ұрып тұратын еді, тірі қалған жануарларда ондай байқалмайды деп сендіріп отыр.

Айтып өтейік, Павлодар облысында малдың жаппай қырылу оқиғалары жалғыз бұл емес. Биыл­ғы шілде айында Железин ауда­нындағы «Асан» шаруа қожалы­ғы айдың-күннің аманында 37 бас қара малынан айырылып қал­ды. Былтыр несиеге сатып алған асыл тұқымды қымбат түлік айналасы бір сағаттың ішінде бірінен соң бірі сұлап, арам қатқан. Кейін жануарлардың нитратты тыңайтқыштармен өңдел­ген жерде жайылғаны мәлім бол­ған. Яғни уланып өлген. Былтыр «Демеу» несие серіктестігінен он жылға 30 млн теңге несие алған шаруа осылайша аяқ астынан шы­ғынға батты. Жергілікті жерлерде мал табындарының улану оқиғалары көбіне бақташылар­дың салғырттығынан орын алатыны да жасырын емес. Сондықтан мал өсірушілер де, егін өсірушілер де өз қырағылықтарын күшейте түспесе болмайды.

 

Павлодар облысы,

Павлодар ауданы