Тарих • 09 Қараша, 2023

Тұғырыл ханның ордасы

404 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Орта ғасырда Орталық Азияда орын алған тарихи оқиғалар тізбегі күллі адамзаттың назарын әлі күнге өзіне аударумен келеді. Әсіресе ұлы қаған Шыңғыстың өмір тарихына қатысты мате­риалдарда керей, найман, қоңырат, меркіт, оңғыт (уақ), жалайыр тайпалары хақында дерек көп. Соның бірі – керей тайпасының билеушісі Тұғырыл хан туралы мәліметтер.

Тұғырыл ханның ордасы

Қаратүңке қонысы

Орта ғасырдағы моңғол үстіртін ме­кендеген көшпелі тайпалардың басын қосу арқылы аса қуатты ұлыс құрған Шыңғыс хан туралы жазылған «Моң­ғолдың құпия шежіресі» атты көне жазбада атақты Тұғырыл ханның ордасы Тула дариясының сағасы Қаратүңке (кейбір деректерде Қарашілік) деген қоныста орналасқаны жөнінде нақты баяндалса, аталған шежіренің 224-та­рауында «Тұғырыл жеңілген (1203 жы­лы) соң, оның ордасын Темүжин өзінің үшінші тоқалы Есүйге сыйға тартты. Жас тоқал онда 22 жыл өмір сүрді. Шыңғыс хан Таңғыт елін бағындыру жорығына (1225 жылы) осы ордадан аттанды» делінген.

Жоғарыда айтылған Қаратүңке қо­ны­­сын орыс-моңғол ғалымдары 1940 жыл­дан бастап іздеді. Ақыры академик Х.Пэрлээ мен орыс оқымыстысы С.В.Киселев басқарған топ көне жазба­ларға сүйене отырып, 1944 жылы Ұлан­батыр қаласын жанай ағып жатқан Тула өзенінің жоғары сағасындағы 20 шақырым жерден хан ордасының орнын тапты. Бұл нысан Шыңғыс иелігіне өткен соң, «Қағанның ІІІ ордасы» деп те аталады екен. Ал астана іргесіндегі Боғда тауы бертінге дейін Тұғырыл ханның құрметіне «Хан тауы» аталып келгенін білеміз.

Жоғарыдағы орда-қонысқа 60-жылдардан бастап танымал археолог Д.На­ваан барлау жүргізіп, нәтижесінде 2006 жылы қоныстың орнын анықтай отырып, қазба жұмысын жүргізді. Бір өкінерлік жағдай, қоныс Ұланбатыр қаласына іргелес болғандық­тан, тұрғындар тарихи нысанды қоршай қора-жай, бау-бақша салып, жаппай қоныстанып жатқан көрінеді. Қысқасы, нысанның тынысы тарылып келеді. Мамандар: «Орта ғасырда атағы аспандап, тіпті еуропалықтардың назарын аударған Тұғырыл хан орда тіккен қоныс құрып кетудің алдында», деп алаңдаушылық білдіріп отыр.

Қонысқа осыдан 17 жыл бұрын жүр­гізілген қазба жұмысы кезінде ежел­гі көшпелілердің дәстүрлі титулдық хайуан­­дар: мешін, барыс, піл, ұлу және көне аңыз-әпсана кейіпкері бейнеленген жәдігерлер, сондай-ақ шығыстық жыл санаудағы дәстүрлі 12 жануардың мүсіні шекілген дөңгелек формалы, ортасы тесік, алтын жалатылған «Уақыт есептегіш құрал» табылған болатын. Бұған дейін еуропалық тарихшылар Тұғырыл хан несториан дінін ұстанған деген пікір айтып келген болса, қазба кезінде жоғарыдағы пікірді дәлелдейтін ешқандай артефакт табылмады.

Тарихи нысанға өткен жылы «Тула – Қаратүңке» жобасы аясында жүйелі зерттеу жүргізіліп, маман­дар орда құрылысы 34х18,5 см тұғыры бар, биік­тігі 4 метр, ені 70 см қоршау-қор­ған­ның ішіне орналасқанын анық­тады. Со­нымен қатар қорғанның сырты су ағатын каналмен қоршалған. Осындағы зерттеу жұмыстарының нәтижесіне қарағанда, хан ордасының сәулеттік құрылымы аса шебер салынған көрінеді. Әсіресе қазба жұмысы барысында табылған заттар Тұғырыл ханның Батыстағы Еуропа және Шығыстағы Қытай мәдениетінің жетістіктерін толық пайдаланғанын дәлелдейді. Хан сарайының ортаңғы бөлігі 15х35 метр алаңды алып жатыр. Төрт үлкен бағана тіреудің сұлбасы сақталған. Биіктігі 6-7 метр шамасында.

Құрылыстың архитектурасы шы­ғыс үлгісінің мәнерінде жасалған. Жоға­ры шатырдан аққан суды пайдаланатын кәріз жүйесінің сорабы жақсы сақ­талған. Сарайдың ішкі жағының төбесі шығыстық мәнермен безен­дірілген. Дала аңдарының бейнесі көр­кем түрде нақышталып, қабырғаларға қашалған. Айдаһар, мешін, пілдің мү­сіндері, гүлдердің әсем оюлары бейнеленген заттар көптеп табылып жатыр. Мұндағы ою-өрнектер стилдік жағынан үнді-қытай зергерлерінің қолынан шыққан туынды деген тоқтам жасалуда. Бұл заттар Тұғырыл ханның будда мәдениетінің ошағы болған елдермен де сауда-саттық, барыс-келіс қарым-қатынаста болғанын айғақтайды. Осы орайда мақаламызға өзек болған Тұғырыл бабамыз туралы айта кеткен жөн.

 

Тұғырыл хан кім?

Моңғол империясының тарихын зерттеушілер Шыңғыс қағанның алғаш адам болып, ат жалын тартып мініп, күйзелген елін бүтіндеп, күйреген жұр­тын жинағанда дем беріп, демеу болған осы Тұғырыл хан дейді. Атақ­ты Көкеш бақсының хан Шыңғысқа қара­тып айтатын:

«Тәңірден суат алдың,

Тұғырылдан қуат алдың,

Найманнан хатшы алдың,

Керейден бақсы алдың,

Қоңыраттан ақыл алдың,

Жалайырдан батыр алдың,

Меркіттен қатын алдың», – дейтін толғауында дүйім тарихтың сыры жатыр.

 Тұғырыл хан 1130 жылы туған. Шың­­ғыстан 32 жас үлкен. Темүжиннің әкесі Есукейдің серт байласқан досы. Себебі Есукейдің атасы Амбығайды, Тұ­ғы­рылдың атасы Марғұзды татарлар мен жүржіндер ұстап алып, Алтын елінің патшасының қолына тапсырған. Алтын ханы оларды ағаш есекке шегелеп өлтірген. Оның сыртында Тұғырылдың әкесі Құршақұз Бұйрық пен Есукейдің әкесі Қабыл дос болған.

Тұғырылдың да көрмегені жоқ. Он үш жасында татардың Ажай ханы тұтқынға түсіреді. Одан қашып шығып еліне келіп, қайырымсыз аға-інілері Тайтемір мен Бұқатемірді ығыстырып, хан тағына отырады. Осылай тозған елінің аузын аққа жеткізіп, алыс-жуыққа атағы шығып дүркіреп тұрған шағында, бір күні жылап-еңіреп алдына Есукей досының баласы Темүжин келеді.

– Қарағым, саған не болды? – деп сұрайды Тұғырыл хан.

– Хан әке, қоңырат Дай шешеннің қызы Бөрте менің қалыңдығым еді. Соны әйелдікке әкеліп отау көтеріп едім. Тұқымы құрғыр меркіттер қатынымды тартып әкетті, – дейді Темүжин.

– Саспа, балам, – дейді Тұғырыл хан. – Әкең жақсы адам еді, аруағы ри­за бол­сын, мына менің ұлым Сенгүн ішім­нен шықса, сен сыртымнан шыққан ұлым емессің бе. Қайда ол қаңғыған меркіттер! Сақалынан сүйреп сабасына түсірейін! – деп атқа қонып, Те­мүжиннің шайқалған шаңырағын тік­теп берген екен. Осы оқиға жайлы моңғолдың «Құпия шежіресінде», «Алтын шежіресінде», Рашид-ад-диннің тарихи шығармаларында айтылады. Бұл оқиға 1180 жылы болған.

1190 жылы Тұғырыл хан, Темүжин, Жамуқа үштігі атқа қонып, татар-мер­кітті тыныштандырады. Осы жо­рықта Жа­муқа мен Темүжин барлық бұ­қарасын сарқып жүріп, 20 мың әс­кер әрең шығарғанда, Тұғырыл хан қинал­май-ақ бір өзі 20 мың қолды бас­тап келген. Осы жолы Алтын елінің императоры Тұғырылға «Уаң хан» деген атақ береді. Бұл атақ артынан ханның есіміне айналып кеткен жайы бар. Тегі италиялық жиһангер Марко Поло: «Әлемге әйгілі, әсіресе еуропалықтар қатты әсерленетін Шығыстағы «Иоан поп» дегеніміз осы «Уаң хан», деп жазады. Орыс жылнамаларында «Ван хан» деген атпен белгілі.

сыс

Заман өте келе Тұғырыл хан да Шың­ғыспен шайқасып жеңіледі. Жан сау­ғалап батыстағы Найман хандығына бара жатқанда, шекара күзетінде тұрған қарауылдар қолынан қаза табады. Өлі бастың атақты керей Тұғырыл хан екенін таныған найманның Дайын ханы оны күміспен күптетіп, өзінің алтын тағының үстіне қойып аза тұтады. Бұл – 1204 жылы болған оқиға. Сол кезден бүгінге жеткен жоқтау бар. Онда:

«Уа, Тұғырыл, Тұғырыл,

Айбатты алып хан едің,

Даңқың кеткен әлемге,

Атағы зор жан едің,

Құтлық әже өсірген,

Бұйрықтан туған дана едің...», – деген жыр жолдары бар.

Құдайдың құдіреті-ай, күллі найман аза тұтып жатса, әлгі өлген ханның басы ыржың-ыржың етіп күліпті. Бұны жаман ырымға жорыған екен. Ақыры ол да рас болды... Тұғырылдың інісі Жақа батырдың асқан сұлу төрт қызы болған. Осының үшінші қызы Сұртоқтыға Шыңғыстың кіші ұлы Төле үйленеді. Сұртоқтыдан атақты хандар Мөңке, Құбылай, Құлағу, Арық-бұқа төртеуі туған.