Әлем • 09 Қараша, 2023

Пенсильваниядан бұйырған грант

336 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

АҚШ-тағы Пенсильвания университеті отандық 19 студентке 1 млн 300 мың доллар сомасында грант бөлді.

Пенсильваниядан бұйырған грант

Отандық және америкалық тарап­тар­дың ынтымақтастық жоспары 2022 жылдың қазан айында жоспарға енген. Осы жылдың тамызында жеті студент әртүрлі себеппен гранттар­дан бас тартты. Қалған 12 студент оқу­ды бастады. Біздің тараптың шақыруы бойынша Пенсильвания мемлекеттік уни­­верситетінің өкілі Стефен Барнс елімізге келген еді. Сапар барысында ол Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларындағы төрт уни­верситеттің басшыларымен кездесті.

«Еліміздегі жоғары оқу орын­­дары мен Пенсильвания мем­ле­кет­тік университеті арасындағы ынты­мақ­тас­тық білім мен ғылым үшін жаңа көкжиек ашады. Бөлінген гранттар мен бірлескен білім беру бағдарламалары студенттер мен оқытушыларға әлемдік білім беру және ғылыми кеңістікке енуге, оны дамытып, өзін ба­йытуға мүмкіндік береді. Бұл – еліміздің болашағына, ер­тең­гі күнімізді қалыптастыратын ұр­­­пақ­қа салынған инвестиция», деді Саясат Нұрбек.

Биыл Пенсильвания мемле­кет­тік университеті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті, Maqsut Narikbayev University және Нархоз универ­си­тетімен меморандумға қол қойды. Бүгінде бұл ынты­мақ­тас­тық өзінің нақты нәти­же­ле­рін беріп жатыр. 13 қаңтарда АҚШ-та Ғылым және жоғары білім министрі университет басшылығымен екінші рет кездескен еді. Атап айтқанда, вице-президент Джастин Шварцпен, вице-провост Роджер Бринд­леймен, Пенсильвания уни­вер­ситеті заң мек­тебінің декандарымен жүздескен. Жиын­да америкалық тарап толы­ғы­мен қолдаған филиал ашу мүм­кін­дігін тал­қы­ланды.

«Пен­сильвания мемлекеттік уни­вер­сите­­тінің бір ғана Заң мектебі серіктес уни­­вер­си­тет­тердің студенттеріне, док­­­­торанттарына, ғылыми қыз­мет­керлеріне гранттар түрінде 2 млн долларға жуық тікелей инвестиция бөлді. Бұл одан әрі ынтымақтастық үшін жақ­сы үлгі әрі өз нәтижелерін көр­сет­ті де. Келесі оқу жылында біз басқа маман­дықтар бойынша қосымша осындай бағдарламаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз», деді Стефен Барнс.

Келесі оқу жылында тек бір ма­ман­дық бойынша қосымша 2 млн доллар бөліп, 8 мамандық бойынша тікелей инвестицияны үш есе арттыру жоспарланып отыр. Бұл маман­дық­тар қатарында материал­тану, кибер­қауіпсіздік, геология, мұнай инженериясы, аэроғарыштық инженерия, құқықтану, халық­аралық қатынастар бар. Атал­ған ма­ман­дық­тар бойынша Satbayev University және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесіп, «3+1» бағдарламасын әзірлеп жатыр. Яғни отандық студенттер елде 3 жыл, АҚШ-та 1 жыл оқиды, толық 4 жыл оқу барысында Қазақстан уни­верситетінің бакалавры және «PennState» магистр дипломын алады.