Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Инвесторларға жайлы мемлекет атану үшін барымызды саламыз деп өзімізге де көз қырын салып жүрудің қажет екенін естен шығардық. Содан ба, қазақ бизнесінің кей өкілдері арасында «бізге дер кезінде дем беріп жібергенде, бизнес аламанының Құлагерлері өз арамыздан шығар еді» деген ащы өкініш ара-тұра айтылып қалып жатады...
Ал бүгінде «үндістандық-британдық миллиардер Лакшми Митталдың компаниясы Қазақстаннан шығып, активтерін мемлекетке өткізеді» деген хабар ақпарат кеңістігінің белін қайыстыруындай-ақ қайыстырып тұр. Сарапшылардың сөзіне ден қойсақ, қазіргі жағдай – жиырма жылдық тарихы бар түйткіл. Үкімет түйткілдің түйінін тарату үшін Лакшми Миттал ұсынған «Arcelor Mittal» компаниясымен келісімге қол қойды. Оның нәтижесінің қандай болғаны айтпаса да түсінікті шығар.
Қоғамның беталысы да, тіпті Үкімет те іштен шыққан инвесторларды құп көріп отыр. Басынан бастасақ, «үндістандық инвестордың иелігіндегі компания елден кетеді» деген хабар «оған кім иелік етеді?» деген сауалмен қатар шықты. Кейінірек Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «АрселорМиттал Теміртауды» Қазақстаннан шығару туралы саяси шешім қабылданғанын, акционерлермен келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр да тиімді жұмыс істей алатын, өндірісті дамытуға қажетті қаражаты бар инвесторларды тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Содан кейін болжалды сатып алушылардың бірі «Северсталь» ресейлік тау-кен металлургиялық компаниясы болуы мүмкін деген әңгіме тарады, бірақ кейін Скляр мырза бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Әдепкіде Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын мемлекет меншігіне беру жұмысын жалғастырып жатқанын жеткізді. Содан кейін Митталдың компаниясын сатып алуға бюджет қаражаты жұмсалмайтынын мәлімдеді. Өткен аптада оны шетелдік емес, отандық инвесторлардың сатып алатыны айтылған кезде олардың кім екенін долбарлаған пікірлер қаптап кетті. Премьер-министр Әлихан Смайылов 1 қарашада «АрселорМиттал Теміртау» активтерін беру бойынша заңды рәсімдер айдың соңына дейін аяқталатынын айтты. Активтер басқа шетелдік инвесторға берілмейтініне сендірді. Болашақ инвесторға қойылатын талап – үш жылда үш миллиард доллар инвестициялау. Бұл талапқа кімдердің жауап бере алатыны қарашаның аяғына дейін белгілі болады.
Қазір Қармет пен Үкіметтің арасындағы келіссөздердің бағыты және нәтижесі туралы қоғамдық пікір екіге жарылып тұр. Мұнай-газ сарапшысы Олжас Байділдинов Митталдан қалған кәсіпорын квазисекторға берілуі мүмкін деп тұспалдайды. Сарапшы апта басында журналистермен кездескен кезде «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның жылдық есебін қарап шығып, осындай ойға тоқтағанын айтыпты. Оның пайымдауынша, Ұлттық әл-ауқат қорының 2022 жылғы кірісі 14,8 триллион теңгені немесе шамамен 31,5 миллиард долларды құраған. Таза табыс – 1,9 трлн теңге немесе 4 млрд доллар. Ақша қаражаттары мен олардың баламалары – 2,9 трлн теңге немесе 6,2 млрд доллар. Яғни Ұлттық әл-ауқат қорының есепшотында, депозиттерінде осыншама ақша бар. «Теориялық тұрғыдан Ұлттық әл-ауқат қоры бұл активті 1,5-1,8 миллиард долларға сатып ала алады. Менің ойымша, бұл – транзакцияның нақты сомасы. Бірақ іс жүзінде заңды тұлғаның шоттарында мұндай сома жоқ. ҚМГ-ның 2022 жылға арналған жылдық есебіне сәйкес кезең соңында қолма-қол ақша 4,3 млрд долларды құрады, сондықтан Ұлттық әл-ауқат қорында «қолма-қол ақша» түрінде сатып алуға қаражат жоқ. Ақшаны тарту үшін облигациялар немесе басқа формалар шығару қажет болуы мүмкін», дейді сарапшы.
«Мемлекеттік компания қаншалықты тиімді?» деген сауалдың өзектілігі қақаған қыста Екібастұз жылусыз қалғанда қатты сезілді. Қазір де бұл мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Сол кездерде стратегиялық маңызы бар нысандар мемлекеттің иелігінде болуы керек деген ұсыныстар жиі айтылды. Бүгінде бұл пікірді Үкіметтің өзі құп көріп отыр.
Сарапшы Замир Қаражановтың сөзінше, дамыған нарықтарда біздің Қармет тәрізді немесе Екібастұздағы қиюы қашқан кәсіпорындарды нарықтық құнынан арзан бағаға сатып алып, қаржы салып, оны нарықтық құнымен саудалаумен айналысатын компаниялар бар. Ал бізде бұл міндет күні бүгінге дейін мемлекеттің мойнында. Себебі жауапкершілік жүгін көтеріп алуға дайын тұрған инвестор аз.
Үкімет ұлттық инвестордың әлеуетіне сенбей келді...
Сарапшының айтуынша, бізде отандық кәсіпорындардың болашағына сенбейтін, сөйтіп, бар тапқанын офшордағы жасырын есепшоттарына тығып ұстайтын олигархтар да, қаржылық капиталы 1 млн долларға жетпейтін орта және шағын бизнес өкілдері бар. Қазақ бизнесінің де Қобыландының Тайбурылы сияқты қырық үш күндік кемдігі бар. Ол анық. Үнді инвесторының артында қалған кәсіпорын Үкіметке оңай болмайын деп тұр. Көп жұмыс істеп, инвестиция салу, дағдарысқа қарсы байыпты менеджмент болуы керек. Бір жылда барлығын түзету айтуға ғана оңай.
Осыдан екі жыл бұрын Үкімет синдикат банктердің көмегімен инвестициялық жобаларды қаржыландыруға ниет танытқан. 2014 жылы Қазақстанның Даму банкі (ҚДБ) екінші деңгейлі банктерге инвестициялық жобаларды осы жүйе бойынша қаржыландыруды ұсынған. Бірақ банктер бұл бастамаға ықылас таныта қоймады.
Сарапшының сөзінше, мұны басқарудың ешқандай қиындығы жоқ. Бастапқыда ең ауыр мәселелер кеншілердің қауіпсіздігі, қарыздар мен салықтарды төлеу жағы шешілуі кәсіпорынның бұрынғы қожайындарының есебінен реттелуі керек. «Біз өз ішімізден шыққан инвесторлардың мүмкіндігін қажетті деңгейде пайдалана алмай отырмыз. Біздің елде біреудің бизнесін тартып алатын бағыт қана көлеңкелі жолмен дамып жатыр. Бизнесті сауықтыру арқылы пайда табу тетігін бизнестің өзіне тапсырсақ, мемлекеттің экономикадағы үлесі эволюциялық жолмен азаяды», дейді З. Қаражанов.
Оның айтуынша, мемлекеттің «АрселорМиттал» немесе Екібастұз бен Риддердегі жылу орталықтарын сатып алуға ниет танытуын нарықтық құбылыс деп бағалауға болады. Бірақ ол үшін оның бұрынғы құрылтайшыларымен арадағы келісімшарты, мемлекеттің кәсіпорынға қанша уақыт иелік ететіні және жаңа құрылтайшымен келісімшарттардағы келісімдер ашық болуы қажет.
Қысқасы, «Қармет» сияқты қиюы кеткен компанияларды мемлекеттің иелігіне қайтаруды жақтайтындар да, жеке инвестордың басқаруына беруді құп көретіндер мәселені инвестордың қай елден келгені немесе оның ұлты емес, оның мемлекетпен арадағы келісімшарты шешетінін айтады. Үкімет Митталға қатысты шешім қабылдамастан бұрын оның бұрынғы Қарметті қандай бағамен сатып алғаны туралы шындығы ашып айтылса, көп көңіліндегі күмән сейіледі.
Митталдың бізден өзге елдердегі кәсіпорнында жарылыс бола қалса, олар өтемақыны компания иелерін шырылдатып отырып, шығарып алатыны айтылып та, жазылып та жатыр. Ал біздің жағдайда жәрдемақының қай тараптан берілетінін Үкімет айта алмай отыр. Себебі осыған дейін теміртаулық журналист Олег Гусев те 2019 жылы «InBusiness» порталында Митталдың Қазақстандағы активтерді «дерлік тегін» алғанын жазған. Гусевтің айтуынша, кәсіпорын нарықтық бағадан ондаған есе төмен бағаға, 225 миллион долларға сатылғаны көп айтылды. БАҚ беттерінде Миттал Қармет үшін бюджетке төрт траншпен төлегенін айтқан мәліметтер көп. Бірінші төлем – 1996 жылы 17 мамырда 22,5 миллион доллар, екінші төлем – 17 қарашада 112,5 миллион доллар, үшінші төлем – 1997 жылы 17 мамырда 22,5 миллион доллар, төртінші төлем – 67,5 миллион долларды 1999 жылдың 17 қарашасында төлеген. Басқаша айтқанда, Қарметтің шығарған өнімдерін сатып, қарызды соның есебінен өтеп отырған.
Осы ретте сарапшы елде шетелдік инвесторларға үрке қарау тәрізді қауіпті көзқарас пайда бола бастағанын, соған алаңдайтынын, бұған 90-жылдары қол қойылып кеткен келісімшарттардың жұмбақтығы себеп болуы мүмкін екенін айтып берді. Қазір әлемдік экономиканың ішек-қарны араласып кеткен заманда өмір сүріп жатырмыз. Заң солқылдақ болмаса, нан тауып жүрген елінің заңын белден баса алмайды. «Мен отандық менеджерлердің біліктілігіне күмән келтірмеймін. Бірақ бұрынғыдай болат құйып, шахталарда жұмыс істеп, басқарушы менеджер деңгейіне жеткен инвесторлар аз. «ERG» (Eurasian Resources Group), «Қазақмыс» компаниялар тобы ұсынатын металлургиялық компаниялар нақты өндіріске маманданбаған. Мұндай кәсіпорынға стратегиялық инвестор және басқарушы компания қажет. Бізге басқарушы компанияны шетелден жалдауға тура келеді. Мендегі мәлімет бойынша «АрселорМитталдағы» құрал-жабдықтың 70 пайызы ескірген. Оны жаңартуға отандық кәсіпкердің шамасы келер-келмесін біз білмейміз. Егер дайын өнімдерді сатып, соның есебінен жаңартамыз деген келісім болса, шахтадағы жарылыс жалғаса береді. Бұл үшін болат құюға машықтанған инвесторлар керек. Мұндай инвестор АҚШ-та, Қытайда. Қармет – Қазақстандағы ең үлкен кен орны. Оны бір инвестор басқара алмайды. Сол себепті келісімшартқа отырған кезде басқарушы құрамның біліктілігіне, олардың келісімдерді жүргізе алатын іскерлігіне, қазақтың болатын әлемдік биржаларда саудалай алатын әбжілдігіне назар аудару керек», дейді қаржыгер Расул Рысмамбетов.
Р.Рысмамбетовтің пікірінше, біз үшін маңыздысы жаңа инвестордың аты-жөні немесе уәдесі емес, Үкімет пен Митталдың екі тараптың арадағы келісімінің қандай шарттармен басталып, немен аяқталғаны туралы мәліметтер ашық жариялануы, екі тараптың да шындықты бүгіп қалуына жол бермеу керек. 2021 жылдың қыркүйегінде AрселорМиттал Теміртауда» Қазақстан Үкіметімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Оның шарттарына сәйкес компания алдағы 10 жыл ішінде кемінде 3 миллиард доллар инвестициялауға тиіс болатын. Үш жыл ішінде уәдедегі қаржының қанша пайызының құйылғаны да ашық айтылуы керек.
«Бұл ретте қоғам Митталдың қазақ нарығына қалай келгені, оған кімдердің жол ашқаны, кімдерге преференция бергенін өз аузымен естігісі келеді. Бұл бізге орнымыздан тұрып, қайта алға жүруіміз үшін керек. Қоғамдық сананы Миттал немесе өзге шетелдік инвесторлар нарыққа енген жылдармен салыстыруға болмайды. Екі тараптың мәлімдемесі елдегі шетелдік инвесторлар тарихының жаңа парағын ашады», деп сөзін аяқтады Р. Рысмамбетов.
АЛМАТЫ