Қоғам • 11 Қараша, 2023

Сот Қуандық Бишімбаевтың неге мерзімінен бұрын босатылғанын түсіндірді

1723 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика экс-министрі,  жемқорлықпен 10 жылға бас бостандығынан айырылған Қуандық  Бишімбаевтың неге мерзімінен бұрын босатылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сот Қуандық Бишімбаевтың неге мерзімінен бұрын босатылғанын түсіндірді

Т.Қазанғапов

Шымкент қаласы соттарының  фейсбуктегі  парақшасында әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталған бұрынғы ұлттық экономика минстрі Қуандық Бишібаевтың  түрмеден мерзімінен бұрын босап шығуының  мән-жайы белгілі болды.

«Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2018 жылғы 14 наурыздағы үкімімен Қ. Бишімбаев мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырумен 10 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды (366-баптың 4-бөлігі, 28-баптың 3-бөлігі – 189-баптың 4-бөлігінің 2-бөлімі, ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігі бойынша).

Жаза өтеу мерзімі 2017 жылғы 10 қаңтардан ұсталған және уақытша ұстау изоляторына орналастырылған кезден бастап есептелді. Сотталушы өз кінәсін мойындады. Президенттің 2019 жылғы 13 ақпандағы Жарлығымен Қ.Бишімбаевқа рақымшылық жасалып, оның жазасы 10 жылдан 4 жылға дейін қысқартылды.

Осыған байланысты Бишімбаев сотқа жазаның өтелмеген қалған 1 жыл 3 ай 13 күн мерзімін өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхат жолдады. Оның шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы заң талаптарын толығымен қанағаттандырды: жазасын өтеу мерзімінің 2/3 бөлігін өтеген, мекеме әкімшілігімен оң сипатталған, 4 көтермелеу болған, қасақана заң бұзушылықтар болмаған, 1,5 миллионнан астам сомаға процессуалдық шығындар өтелген.

Сондықтан Шымкент қаласының Абай аудандық сотының қаулысымен 2019 жылғы 25 қыркүйектегі К.В. Бишімбаевтың өтінішхаты қанағаттандырылды.

Қ. Бишімбаев 2019 жылдың 11 қазанында босатылып, пробациялық бақылауға алынды», делінген хабарламада.

Шартты түрде  мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан Қуандық Бишімбаевқа кесілген үкім 2021 жылдың 9 қаңтарында  аяқталған болатын.