Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, Бельгия астанасында Марат Қарабаев еуропалық комиссияның вице-президенті Марош Шефчовичпен, көлік жөніндегі еурокомиссар Адина Валеанмен, ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассомен, сондай-ақ BESIX бельгиялық-француздық құрылыс компаниясының бас директоры Филипп Дессомен кездесіп, онда Қазақстан мен Еуропалық одақтың құрылыс, энергетика, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастығын тереңдету мәселелері талқыланған.
Бұлармен бірге, М.Қарабаев Hyrasia One компаниясы мен «Саржа» теңіз терминалы арасындағы Құрық портынан Еуропаға таза сутегі мен аммиакты тасымалдау жөніндегі келісімге қол қою рәсіміне қатысқан. Бұл келісімшарт тағы бір көпфункционалды «Саржа» терминалының құрылысын бастауға мүмкіндік береді.
«Біз тиімді транзиттік трансконтиненталдық дәліздер мен маршруттар желісін құрдық. Шығыс-Батыс бағыты бойынша Транскаспийлік халықаралық көлік бағдарының рөлі арта түсті. Бұған 2022 жылдың қорытындысы бойынша ЕО, ОА және ҚХР арасындағы жүк тасымалы көлемінің екі есе өсуі дәлел», деді көлік дәліздері бойынша пленарлық және панельдік сессияға қатысқан Көлік министрі.
Сонымен қатар 2017 жылдан бастап Қазақстан, Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Румыния, Польша және Болгарияның қатысуымен Халықаралық ТХКБ қауымдастығы жұмыс істейтінін атап өтті. Министрдің айтуынша, бұл күндері Аустрия, Германия, Литва, Латвия, Эстония және Мажарстан аталған көлік бағдарына кіруге қызығушылық танытып отыр.