Аймақтар • 14 Қараша, 2023

Қос кәсіпорынға қауіп төніп тұр

160 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Павлодардың шенеуніктері Ертіс өзенінің айрықша қорғалатын аймағында мектеп салуға құмартып отыр. Құрылыс жүргізілсе, сонау 1911 жылдан бері кідіріссіз жұмыс істеп тұрған жергілікті кеме жөндеу зауытын өзге жерге көшіруге тура келеді. Алайда бизнес иелері аумақта бірегей зауытқа арналған өзге су қоймасы жоқ екенін алға тартады. Оның үстіне кәсіпорынның инфрақұрылымы өте күрделі.

Қос кәсіпорынға қауіп төніп тұр

1200 оқушыға арналған білім шаңы­ра­ғы «Жайлы мектеп» ұлттық жоба­сы аясында келер жылы басталуға тиіс. Бұл туралы жуықта қаланың бас жоспарын талқылау барысында мәлім болды. Әуелі ғимаратты қаланың түпкірдегі ша­ғын аудандардың бірінде тұрғызу жоспарланған екен. Бірақ ол жерде бос орын табылмай, әкімдіктегілер білім беру саласына жауапты ұйымдармен ақыл­даса келе Ертіс өзенінің дәл жаға­сынан саламыз деп ұйғарыпты. Жаңа мектеп үшін шамамен 3-3,5 гектар жер ке­рек. Ал әлгі жерді алып қойса, екі бір­дей кәсіпорынның жабылуына қауіп тө­ніп тұр.

Жергілікті экологтер құрылыс жобасы бірден екі бірдей заң бұзушылыққа жол береді деп отыр. Тәуелсіз эколог Марина Регутанова аумақ рекреа­ция­лық аймаққа жататынын, онда жаңа ғимараттарды салуға немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңей­туге, тұрғынжай-азаматтық мақ­сат­та­ғы құрылыстар мен нысандарды орна­лас­тыруға болмайтынын айтады. Яғни рекреациялық аймақтың жұмысына қатыссыз нысандар үшін рұқсат мүлде жоқ. Ал мектеп салу қағидаға қайшы келеді. Екіншіден, бұл жерде Ертіс өзені ағып өтетіндіктен оның жағасында құрылыс жүргізуге болмайтыны баршаға мәлім.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы ди­рек­торының орынбасары Мүбәрак Жақыповтың пайымдауынша, биліктің мек­теп салу туралы идеясы – шикі жоба. «Сол себепті оны қайтарып алу керек. Жаңа мектеп салынса, Павлодардағы өзен флотының дамуына да кедергі келеді. Бұл жерде кеме жөндейтін үлкен зауыт бар. Онда тек отандық емес, ре­сейлік кемелер де жөнделеді. Ал кә­сіпорынды өзге жерге көшіру ойға сый­май­­тын мәселе», дейді ол.

Бір қызығы, жергілікті шенділер өткен айда кеме жөндеу зауытына «аумақ­ты босатуға үш ай мерзім бере­міз» деген мазмұнда хабарлама да жі­бе­­ріп қойыпты. «Мұндай шешім біз­дің кә­сіп­орынды жауып, түбегейлі жою дегенмен пара-пар. Қазақстанда үш бір­дей өзен слипі (кемелерді судан шыға­рып, түсіруге арналған құрылыс) бар. Ең үлкені – Павлодарда, мың тоннадан астам жүк көтере алады. Ал біздің кемелерге ең жақын слип Ресейдің Омбы қаласында орналасқан. Біздің кә­сіпорында салмағы ауыр баржалар жөнделіп, тексеріледі. Ұсақ кемелерді қоспағанда, флотымызда 28 ірі кеме бар. Олардың барлығы үнемі тексеріліп тұруы керек. Жолаушылар кемелері де бізде жөнделеді. Енді келіп жергілікті билік бізге аумақты босатыңдар деген талап қойып отыр. Кәсіпорынды көшіру ақылға сыймайды, себебі су астындағы және су үстімен жүргізілген рельстердің ұзындығы 1,5 шақырымға жетеді. Ал табиғи географиялық жағдай тұрғысынан мұндай өзге затон қалада мүлде жоқ. Зауыт таратылса, 30 адам жұ­мыссыз қалады», деп қынжылады кеме жөндеу зауытын ұстап отырған «Эллинг» ЖШС-ның атқарушы директоры Николай Цепелев.

Білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин Усолка мен Затон шағын аудандарындағы оқушылар орнының жетіспеушілігі мың жарымның үстінде екенін жеткізді. «Кейінгі үш жылда оқушылар саны еселеп артып, жаңа мектеп салу жобасын тездетуді қа­жет етіп отыр. Ал Ертіс өзені балалар үшін қауіп тудырады десек, ол жерде жасөспірімдер үшін қауіпсіздік шаралары қарастырылады, білім шаңырағының өзі заманауи ғимарат болады», дейді ол.

Бұл мәселеге Мәжіліс депутаттары да маңыз бере бастады. Парламенттегі пленарлық отырыста халық қалаулысы Ирина Смирнова кеме жөндеу зауытына жасалып жатқан қысастықты доғаруды сұрады. «Павлодар қаласы әкімдігінің ойын­ша, қазіргі сәтте қалыпты жұмыс істеп тұрған әрі осы салаға маманданған жалғыз кәсіпорынды жойып, мектеп салу тиімді екен. Әрине мектеп тұрғызу керек-ақ. Алайда бизнес нысандарын зар қақсатып тартып алған жерге жаңа білім ғимаратын салу ешбір ойға сыймайды. Бұл бірегей кәсіпорынды сақтап қалу қажет. Ол жойылса, отандық кемелерге жөндеуге тұру үшін Ресейге сабылуға тура келеді. Оның үстіне кемемен жүк тасу тек Павлодар облысында ғана сақталып отырғаны баршаңызға мәлім. Сондықтан бұл экономикалық ресурсымызды дамытудың жолын іздейік», деді И.Смирнова.

Қазіргі күні қала әкімдігі жаңа мек­­тепті орналастыратын үш бірдей нұс­­­қаны қарастырып жатыр. Оның бірі – жоғарыдағы зауыт болса, қалған екеуі – 48 жер үй мен жұмыс істеп тұр­ған әлеуметтік нысанның орны. Билік өкілдері жер үйлердің иелерінің бар­лы­ғын көндіріп, қысқа уақытта жер­лерін ала алмайтынын жақсы біледі. Ал әлеуметтік нысанды өзге жерге көші­ру, жаңа ғимарат табу қаржылай шы­ғын­ды қа­жет етеді. Сондықтан кеме жөн­деу зауы­ты құрбандыққа айналуы бек мүм­кін.

Мамандар өзен арқылы жүк тасу – ең арзан әрі экологиялық тұрғыдан тиімді тасымал түрі екенін айтады. Жалпы, бү­гінде Павлодардағы өзен флоты, со­ның ішінде жүк тасымалына пайдала­ны­латын кемелер мен баржалар тозып тұр. «Павлодар өзен порты» АҚ-ның бас инженері Бауыржан Әубәкіровтің айтуынша, егер өзен бойын өрлеп кемелер жиі жүретін күн туса, Павлодар өзен портының арқасында алыс-жақын шетелдермен жақсы байланыс орнатуға болады. «Порттың порталдық крандары бойынша мәселелер бар, оларға күрделі жөндеу жүргізу қажет. Кеңес одағынан қалған техникалар ғой. Тозығы жетсе де, кейбір бөлшектерін жаңартып, мүмкіндігінше жұмыс қалпында ұстап отырмыз. Қазір бізде жеті кран бар. Олардың ішінде алтауы жұмыс істейді. Мұндай кранды толық құрастыру үшін шамамен 600-650 миллион теңге қажет», дейді маман.

Қазір компанияға жүк тиегіштер қажет екен. Ұйым оларды сатып алуды жоспарлап отыр. Мұның бәрін бір жылдың ішінде тындыру мүмкін емес. Ал техникалардың шамамен 70 пайызы тозған.

Шындап келгенде трансшекаралық өзен арқылы Қазақстан мен Ресей ара­сын­дағы жүк тасымалы қазіргі күні не­бәрі 180-200 мың тоннадан аспайды. Бұл мәселені реттеу үшін қос елдің басшылары Ертіс өзеніндегі бірқатар мә­селені реттеу бойынша шешімдер қа­был­да­уы керек. Екі ел де бұған мән бер­мей отыр­ға­ны өкінішті.

 

ПАВЛОДАР