Құрылыс • 14 Қараша, 2023

Премьер-министр теміржол желісінің алғашқы буынын төсеу рәсіміне қатысты

222 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысында Алматы стансасын айналып өтетін теміржол желісінің құрылысы басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуда маңызы зор инфрақұрылымдық жоба іске асырылып отыр. Премьер-министр Әлихан Смайылов теміржол желісінің алғашқы буынын төсеу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-министр теміржол желісінің алғашқы буынын төсеу рәсіміне қатысты

Фото: primeminister

2022 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол жүк тасымалы 23 млн тоннадан артып, тарихи максимумнан асты. 2023 жылдың басынан бері аталған көрсеткіш тағы 22%-ға өсті. Мұндай жағдайда негізгі халықаралық бағыттардың қиылысында орналасқан Алматы теміржол торабына жүктеме артып отыр.

Сонымен қатар жобаны іске асыру Алматы стансасын айналып өтетін Жетіген – Қазыбек бек жаңа теміржолына жүк ағынын қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Жалпы, жаңа желі Алматы торабындағы жүктемені 40%-ға азайтып, жүк жеткізу уақытын едәуір қысқартады. ҮкіметӘлихан Смайылов «Алтынкөл-Қорғас» шекаралық өткелі арқылы өтетін теміржол бағыты соңғы жылдары қарқынды өсім көрсеткенін атап өтті.

«Аталған транзиттік дәлізде Алматы теміржол торабы Шу, Ақтоғай, Алтынкөл және Алматы-2 бағыттары бойынша пойыздардың қозғалысын қамтамасыз етеді. Жобаны іске асыру жүктерді жеткізу мерзімін 2 есеге қысқартады», деді Премьер-министр.

Ол сондай-ақ жобаны жүзеге асыру барысында Қазақстанның үлесі кемінде 85% болатынын айтты. Құрылыс кезінде 1400 адам жұмыспен қамтылып, желі іске қосылғанда шамамен 500 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады.

«Шпал, рельстер мен трансформаторлар шығаруды, инертті материалдар, құм және қиыршық тастарды жеткізуді жергілікті компаниялар жүзеге асырады»,  деді Әлихан Смайылов.

Жалпы құрылыс процесінде 130 км теміржол төселеді, 3 станса, 13 көпір, 5 т/ж және 1 автокөлік өткелі салынады.