Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, Тобыл төрінде осымен бесінші рет өтіп отырған байқауға биыл 74 адам қатысыпты. Жыл өткен сайын байқаудың географиялық ауқымы да кеңейе түскен. Мәселен, биылғы қатысушылардың ішінде Қостанай, Астана, Алматы, Ақтөбе, Көкшетау, Петропавл, Павлодар, Орал, Атырау қалаларынан келген қылқалам шеберлері бар.
«Байқау жұмыстары төрт аталым бойынша бағаланды. Олар – кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер. Әр аталым бойынша жүлделі орындар анықталып, ақшалай сыйлықтар берілді. Қазылар алқасының құрамында суретші-мүсінші Баян Баталова, кескіндемеші Сергей Луговой, осы өңірге танымал суретші Вадим Быков сынды кәсіби мамандар болды», дейді бейнелеу өнері бөлімінің меңгерушісі Сая Қаленова.
Қазылар алқасының ұйғарымымен «Кескіндеме» аталымы бойынша Лисаков қаласынан келген Мерей Төртқара, «Графика» аталымы бойынша көкшетаулық жас суретші Дәмір Мағзұмов, «Сәндік-қолданбалы өнер» аталымы бойынша Қостанай қаласында тұратын Арайлым Қайырбек жеңімпаз атанды. Ал байқаудың бас жүлдесін астаналық Рейхан Айтуарова жеңіп алды.
Қостанай облысы