Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Мерейхан Сансызбайұлы – Республикалық физика-математика мектебінің түлегі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математикалық компьютерлік пішіндеу мамандығының бакалавр және магистратура бағдарламасын тәмамдаған. Тәжірибесі мол ұстаз бүгінде екі бірдей жекеменшік мектеп ашып үлгерген. Ізденімпаз мұғалімнің алға қойған мақсаты да көп. «Кемелденген математика» сабағы сол ізденісінің алғашқы бастамасы көрінеді.
Білікті маманның айтуынша, математиканы оқыту жолын нақтылап жоспарлаған жөн. Бала мектеп жасына дейін санауды, қарапайым амал-тәсілдерді білуі керек. Өкінішке қарай, қазір балаға қарапайым математиканы игеруге арналған оқу құралдары жоқтың қасы. Себебі бұл іспен айналысатын арнайы институт жоқ. Мерейхан Сансызбайұлы осы олқылықтың орнын толтырып, үш жастағы баладан бастап, жоғары сынып оқушыларына арнайы оқу құралдарын әзірлемек. Қазірдің өзінде еңбекқор мұғалімнің бірнеше есеп жинағы мен оқу құралдары ұстаздарға пайдасын тигізіп жүр. Бастауыш сынып оқушыларына арналған логикалық тапсырмалар мен олимпиадаға дайындық кітаптарының, 5-6-сынып оқушыларына арналған есептер жинағының, сондай-ақ Назарбаев мектебі мен Республикалық физика-математика сынды дарынды балаларға арналған мектепке оқуға түсуге арналған кітаптардың авторы.
«Үш жастағы балаға математиканы қызықты етіп түсіндіру үшін 40 кітапша әзірлеу жоспарымда бар. Бала сол қырық баспалдақтан өтуі керек. Кейбір балалар өте дарынды болады. Олар әрі қарай төрт жастағы балаларға арналған кітапшаны алып, бастап кеткені жөн. Кейбір балалар бірінші сыныпты оқыса да, үшінші сыныптың есебін шығара алады. Бірінші сынып оқушысы үшін үшінші сыныптың есебін беру дегенмен күрделі болуы мүмкін. Сол себепті де оқушыға есепті деңгейге бөлу арқылы ұсыну керек. Мектеп бағдарламасының оқулықтарында есеп A, B және C деңгейлеріне бөлініп берілсе, біз дарынды балалар үшін D, E, F деңгейінің есептерін де жинақтаймыз», дейді шығармашыл ұстаз.
Мерейхан Сансызбайұлы алда бұл істі әрі қарай дамытып, балалардың математикалық қабілетін дамытуға арналған институт ашуды мақсат тұтып отыр. Сол үшін де мектеп мұғалімдерімен ақылдасып, арнайы тренингтер өткізуді бастады.
«Кез келген ұстаз баланы математика пәні бойынша қабілетін қалай дамыту керегін білмесе, институтымызға келіп, баланы тестілеуден өткізеді. Баланың деңгейін анықтаймыз, сертификат береміз. Содан соң ғана оқушыға ақыл-кеңес айтамыз. Сондай-ақ дарынды оқушыларды олимпиадаға дайындауға да мұғалімдердің білігі жетпей жатады. Ол кезде де институтқа келіп, біліктілікті арттыру курсынан өту қажет болады», дейді ұстаз жұмыс жоспарын түсіндіре отыра. Оның ойынша, мектеп мұғалімдерінің баламен жұмыс істеуде білігі жетпегендіктен, оқыту жолын білмейді. Сондықтан да жас ұрпақтың білімін жетілдіру үшін мұғалім деңгейін көтеру керек.
Мерейхан мұғалім «Кемелденген математика» сабағының алғашқы бөлімінде елдегі білім берудегі түйткілді мәселелерді қозғай отыра, оның шешімін табуға тырысып, ұстаздарды өзара талқылауға шақырады. Ал сабақтың екінші бөлімінде бастауыш сынып оқушыларына арналған есептерді шығарудың тиімді тәсілдерін көрсетеді. «Барлық бала математик болуға міндетті емес, бірақ математиканың мектеп бағдарламасында дұрыс берілуі маңызды», деген ұстаз оқытудағы бірнеше олқылықты атап өтті.
«Негізінде, баланы сыныппен бөлу дұрыс емес, жас мөлшеріне қарай бөлген жөн. Қыздар мен ұлдардың физикалық дамуы мен есеюіне де көңіл аудару керек. Қыздардың есеюі ұлдарға қарағанда екі жыл алда екенін, бірақ жетінші сыныпқа көшкен ұл баланың қыз балаға қарағанда ержетуі екі есе жылдам екенін де ескеруге тиіспіз. Сондықтан да, ұстаздар, бірінші сынып оқушысына математика пәнін оқытарда, оқушыларды қыз және ұл деп екіге бөлесіз. Мұғалім жаңа тақырыпты түсіндіргенде, қыздар түсіндік деп шулап кетеді де, ұлдарды ескермей қалады. Егер сіздің сыныбыңызда 6 және 7 жастағы ұл бала болса, екеуінің қабылдауы екі түрлі. Қыз бала ұл балаға қарағанда тез жетіледі, 6 және 7 жастағы қызға бір ақпаратты бере аласыз. Ал кейбір ата-аналар қызын 5 жастан оқуға беріп жібереді. Оған 6-7 жастағы оқушыға беретін білімді берсеңіз, игере алмай қалады. Яғни осындай ерекшелікке қарай сіз сыныпты төрт деңгейге бөліп оқытасыз. Ал 5 жастағы ұл бала оқуға келсе, тоқтату керек. Себебі ол бала әлі ойынға қанып болған жоқ. Бес жастағы ұл – ойын баласы. Бес жастағы қыз қуыршақпен ойнап өскен соң, аналық инстинкті қалыптаса бастайды, бойында қамқорлық пен мейірім сезімі пайда болады, сондықтан да тез жетіледі. Ұл балада қамқорлық сезімі 7-8-сыныпта қалыптасады», дейді Мерейхан ағай.
Білім беруде бастауыш мұғалімдерінің оқушы үшін рөлі зор екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Сонымен бір сыныпта жас ерекшелігіне қарай төрт түрлі бала оқитын болса, бір бағдарламаны бәріне бірдей қалай түсіндіруге болады? Мұғалім бұл жөнінде де нақты жауап берді.
«Бірінші сыныпты оқытуда мұғалімдердің ең үлкен қателігі – сан, санауға көп көңіл бөліп кетесіздер. Мысалы, Алина жиырмаға дейін санай алады, жаза алады, оған әрі қарай санау қызық емес. Оқушы бірінші сыныпты аяқтағанша санды ғана үйрете берсеңіз, оның қызығушылығы басылып қалады. Бірінші сынып бағдарламасы бойынша ең басты мақсат – оқушының дүниетанымын ояту», деді ол.
«Бір кітаппен шектелуге болмайды, жан-жақты ізденіс қажет. Дайын кітап, дайын тест сананы мүгедек етеді», деп Мерейхан Сансызбайұлы дайын асқа тік қасық болмауға шақырды. Ізденімпаз маман сабақ аясында ұстаздарға білген-көргенін бөлісіп, білім жолында терең ізденуге, жаңа өзгерістерге жасау үшін бірлесе жұмыс істеу керегін баса айтты. Сабақ соңында ұрпақ білімі мен ұлт болашағының ұстаздар қолында екенін ұмытпау керек деп түйдік.
Айсұлу СЪЕЗХАН,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы