Түркістанда ұйымдастырылған конференцияның ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев аурухананың тарихына тоқталып, өңірдегі денсаулық саласының бүгінгі ахуалын баяндады. Оның айтуынша, бүгінде облыстың 2 миллионнан аса халқына 754 медициналық ұйым қызмет етіп жатыр. Облыс бойынша 25 мың медициналық қызметкер тұрғындар денсаулығын түзеу жолында еңбектеніп келеді. Өңір халқының 80 пайызға жуығы ауылда тұрады. Оларды медициналық көмекпен қамту үшін жылжымалы медициналық кешендер алынып, аурулардың алдын алу үшін профилактикалық тексеру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Кейінгі үш жылда облыста ана өлімінің көрсеткіші 70 пайызға, нәресте өлімі көрсеткіші 11 пайызға төмендеді. Биыл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық қанатқақты жобасы аясында Сарыағаш аудандық ауруханасын күрделі жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен – 1,6 млрд теңге, Жетісай аудандық ауруханасын күрделі жөндеуден өткізуге 1,3 млрд теңге бөлінді. Облыс бойынша 123 елді мекенде медициналық нысандардың тозығы жеткен. Соның 49 денсаулық сақтау нысаны келесі жылы Ұлттық жоба аясында салынатын болса, қалған 73 медициналық нысан 2025-2026 жылдары пайдалануға беріледі. Облыс халқына жедел медициналық жәрдем көмегін уақтылы көрсету мақсатында 75 жедел жәрдем көлік алуға 1,3 млрд теңге бөлінді. Өңірде дәрігерлер тапшылығы 258 бірлікті құрайды, оның барлығы – бейінді мамандықтар. Бұл орайда жергілікті бюджет есебінен биыл 60 грант бөлінген және алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант санын 70 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Ауылда жұмысқа орналасқан медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында 21 жас маманға 1,5 млн теңге көлеміндегі әлеуметтік қолдау көрсетілді. Келесі жылға бұл мақсатта 10 млн теңге көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетілмек. Сонымен қатар осы жылы облыс әкімдігінен жалпы медицина мамандығы бойынша бакалаврға 15 грант бөлінді.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында шетелдік медицина орталықтары өкілдерінің қатысуымен облыстық клиникалық ауруханасы мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы ғимараттарында хирургиялық және терапиялық бағыттар бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласына еңбегі сіңген үздік медицина қызметкерлері марапатталып, ерекше құрметке ие болды.
«Біздің қарашаңырағымыз – облыстық клиникалық ауруханасы заманауи медициналық техникалармен жабдықталып, облыс тұрғындарына сапалы, жоғары технологиялық дәрігерлік көмек көрсетіп келеді. Әріптестерімізді шетелдердегі медицинасы озық орталықтарға жіберіп, кәсіби біліктіліктерін арттырудамыз. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында айтылғандай, әр азаматқа сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатындағы жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады», деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев.
Конференцияның екінші күні облыстық клиникалық ауруханасында Германия, Ресей және Қазақстанның жетекші ғылыми-медициналық орталықтары дәрігерлерінің қатысуымен 20-ға жуық күрделі операция жасалды. Шеберлік дәрістерінде халықаралық деңгейде танылған білікті дәрігерлер түркістандық әріптестерімен бариатриялық және метаболизмдік хирургия, нейрохирургия, терапия және басқа да бағыттары бойынша тәжірибе алмасты. Шеберлік дәрістерінің барысы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі және шетелдердегі дәрігерлерге онлайн-трансляция арқылы көрсетілді. Сондай-ақ өңірге арнайы келген мамандар облыстың дәрігерлері мен медицина саласының студенттеріне бірнеше маңызды тақырыпта лекциялар оқыды.
«Мемлекет басшысы «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» деп бекер айтқан жоқ. Біздің де той тойлап жүретін уақытымыз жоқ. 155 жылдықты атап өтіп жатқан себебіміздің бірі – ауруханада жұмыс істеп жатқан ұжымның еңбегін елге танытып, абырой-мәртебесін көтерсек деген мақсат. Және жаңадан келіп жатқан жас мамандарға бұл аурухананың тарихы қаншалықты тереңде екенін, қаншалықты маңызды мекеме екенін көрсету. Мекеменің тарихында дертіне дауа іздеген мыңдаған науқасқа шипа сыйлаған ақ халатты абзал жандардың есімі алтын әріппен жазылған. Дәрігерлер қазіргі таңда ми, жүрек қан-тамырларындағы ақауларды еркін анықтап, емдей алады. Сонымен қатар адамның ағзасын ауыстырып, науқастың өмірін ұзартуға септесуге қабілетті. Ал аурухананың заманауи техникалық базасы жұмыстарымызды кедергісіз жүзеге асыруға толық мүмкіндік береді. Біз үшін адам өмірі мен оның саулығы – басты орында. Қазіргі таңда 800 төсектік орын ауруханада 1 700-ден аса қызметкер облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп жатыр. Олардың арасында республикалық деңгейде мойындалған мықты мамандар бар. Білікті дәрігерлеріміз жыл сайын 34 мыңдай пациентке стационарлық ем жүргізсе, оның ішінде 17 мыңдай науқасқа операция жасалады», дейді облыстық клиникалық ауруханасының басшысы Жанболат Ділдәбеков.
Иә, аурухана о баста әскери бөлім жанындағы шағын емхана болып ашылған. Шымкент Сырдария облысының уездік қаласы болып қайта құрылғаннан кейін лазаретке уездік дәрігер лауазымы және оған қосымша фельдшер және акушер бөлінді. 17 жылдан кейін 21 төсектік аурухана үшін жаңа ғимарат салынды. Онда жеті төсек жергілікті тұрғындарға арналған еді. 1907 жылдың жазында госпиталь ауруханаға айналған. Бірнеше бөлімше пайда болды, төсектік орын саны артты. Штатта екі дәрігер, фельдшер және фельдшерлік білімі бар акушер болды. Бірақ бұл халықты медициналық қызметпен толық қамту үшін жеткіліксіз еді. Константин Олифин бас дәрігер болып тұрған 1925 жылы бұрынғы лазареттің жөнделген ғимаратында 100 орындық губерниялық аурухана ашылды. Мәртебесі бойынша 1947 жылға дейін қалалық аурухана болса да, бүкіл облыстың пациенттерін қабылдады. Тек П.Бучацкий бас дәрігер болған 1948 жылдан бастап қалалық емханамен біріктіріліп, облыстық деп аталды. Онда 125 төсектік орын бар еді. Профессор, медицина ғылымдарының докторы Вахид Әлиев басшылық жасаған жылдары облыстық аурухана кең палаталары мен кабинеттері бар, сол кезгі заманауи құрылғылармен жабдықталған көпқабатты ғимараттар кешені болды. Мұндағы төсектік орын саны 1980 жылдары мыңнан асты. КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі Юрий Пахомов бас дәрігерлік еткен жылдары аурухана облыстың колопроктологиялық қызметін дамытудың бастауында тұрды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстандағы «алтын скальпельдің» алғашқы иегерлерінің бірі, профессор, медицина ғылымдарының докторы Дербісәлі Сексенбаев жетекшілік еткен кезеңде облыста алғаш рет лапароскопиялық операциялар енгізіле бастады. Урологиялық науқастарды емдеу үшін қашықтан литотриптор сатып алынды. Осы жылдары хирургиялық бөлімшелерде емдеудің жаңа жедел әдістері енгізіле бастады. Болатхан Сағымбеков бас дәрігерлік еткен жылдары шеберлік сабақтарын өткізу және облыс дәрігерлерін аурухана базасында оқыту үшін ғылыми-зерттеу институттарының мамандарын тарту қолға алынды. Одан әрі емдеу ісін жандандыруды бас дәрігер болған «алтын скальпель» иегері Мәди Биғалиев жалғастырды. Нұрлан Қасымов басшылық жасаған тұста дәрігерлердің кәсіби деңгейін арттыру тәжірибесі Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында, Украинаның астанасы Киевте жалғасты. Облыстық телемедицина орталығы ашылды. Денсаулық сақтау саласының үздігі және үздік менеджері, академик Мұқан Егізбаев басқарған жылдары күрделі жөндеуден өткен аурухананың материалдық-техникалық базасы жақсарып, жаңаруға бет бұрды. Марат Пашимов бас дәрігер болған кезеңде, аурухана республикада алғашқылардың бірі болып жоғары санатты тағайындаумен аккредиттелді. Елдос Сұлтановтың басшылығымен 2021 жылы аурухана өзінің жоғары санатын растады. 2022 жылы «Altyn shipager» сыйлығының номинанты болды. Облыстың бас трансплантолог-хирургі Жанболат Ділдабеков облыстық клиникалық ауруханасына басшы болып тағайындалған. Биылғы қаңтардан бастап онда түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Төсек қоры оңтайландырылды. МӘМС қатысуымен тиімсіз болып қалған ақылы бөлімшелер таратылып, олардың төсектері бейінді бөлімшелердің құрамына кірді. Сұранысқа ие бөлімшелер кеңейтілді. Нейроинсульт бөлімшесінде 6 нейрореанимация төсегі ашылды. Жалпы, реанимация бөлімшесінде трансплантологияның дамуын ескере отырып, қосымша төсектер, гинекология бөлімшесінің құрамында балалар гинекологиясының 2 төсегі орналастырылған. Асқазан-ішек жолдары және эндокриндік органдар хирургиясы бөлімшесі, хирургиялық инфекциялар бөлімшесі, нефрологиялық орталық, гепатопанкреатобилиарлы хирургия және ағзаларды трансплантациялау бөлімшесі құрылды. Бүгінгі таңда аурухана құрамында 25 клиникалық бөлімше, 3 анестезиология және реанимация бөлімшесі, 4 консультациялық-диагностикалық емхана, 16 параклиникалық және көмекші бөлімше бар. Орындалатын күрделі, қымбат операциялардың саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, жылына 15 мыңнан аса хирургиялық жедел араласулар жасалса, оның 4 мыңнан астамы қымбат операциялар.
Айта кетелік, халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында дәрігерлердің жаңа буынын қалыптастыруға көп көңіл бөліп, әрқашан озық емдеу әдістерін енгізуге ұмтылған академик Мұқан Егізбаев атындағы байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Денсаулық сақтау басқармасы мен профессор Мырзакерім Алшынбаев төрағалық ететін ұйымдастыру комитеті жариялаған Мұқан Егізбаев атындағы конкурстың бас жүлдесі – лауреат дипломы, естелік сыйлық және 1 миллион теңге жүкті әйелге жатырдың жарылуы және геморрагиялық шок аясында шұғыл кесарь тілігі операциясын жасап, ана мен баланың өмірін сақтап қалғаны үшін №1 облыстық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологтері мен анестезиолог-реаниматологтер бригадасына тапсырылды.
Түркістан облысы