Басқосуда қаржы саласының нақты секторды дамытудағы рөлі, сондай-ақ нарық алдында тұрған сын-қатерлер мен мүмкіндіктер жайы сарапталып, осы мәселелерге басымдық берілді. Қонақтардың қатарында Қазақстан қаржы секторының барлық дерлік элитасы, оның ішінде Ұлттық банктің 1993 жылдан бергі барлық төрағалары, сондай-ақ алғашқы теңге дизайнының авторы Меңдібай Алин, мемлекет қайраткері Бақытжан Сағынтаев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, экономистер және қаржыгерлер қатысты.
Форум жұмысына қатысқан ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық банк реттеуші ортаны және қаржылық инфрақұрылымды жетілдіреді. «Сыртқы капитал нарықтарымен байланыс арналарын күшейтеміз. Қазақстанның қор биржаларының әлеуетін біріктіреміз. Біз қаржылық технологияларды жан-жақты қолдаймыз. Өңірлік қаржы орталықтары ретінде Алматы мен Астананы дамытуды жалғастырамыз», деді ол.
Конгрестің панельдік отырыстарында шетелдік орталық банктер мен қаржы институттарының басшылары, отандық мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарының өкілдері макроэкономикалық саясат пен қаржы секторының өзекті мәселелерін талқылады.
Конгресс ұлттық валюта күніне және Қазақстан қаржыгерлерінің кәсіби мерекесіне орайластырылған.