
Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ол қазақ елінің кеңес одағынан бөлініп шыққаннан бастап, осы күнге дейінгі аралығын қамтыған іргелі еңбек жазды. Қазір ғалым Қазақстанның Ресей және АҚШ-пен стратегиялық саясатын сырттан бақылап, жіті зерттеп жүр. Оның Америка басылымдарында жарияланған елдің сыртқы тыныс-тіршілігі туралы сұхбаты халықаралық сарапшылар мен тілшілерге біраз «азық» болды. Әсіресе Ресей мен Украина арасында қақтығыс басталғалы Қазақстанның кімге жақтас болатыны көбін қызықтырды. Паулина Джонстың осы жылы берген сұхбатына талдау жасасақ...
Әлем сарапшылары қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан Ресейге тәуелді болып қалады деген пікірлерін алға тартты. Ғалымға қойылған алғашқы сұрақ та осы жөнінде. «Қазақстан Президенті В.Путинді қолдауға міндетті ме?». Ресей-Украина қақтығысына қатысты ұстанымы туралы зерттеуші-ғалым алғашқыда Қазақстан туралы теріс пікірде болғанын жасырмады.
«Ресей әскерлері Қазақстан аумағында шамамен бес-алты күнге аялдады, көпшілігіміз, соның ішінде мен де бұл Қазақстанның Ресейге тәуелділігін арттырады деп ойладық. Бірақ сәл қателестік. Қазақстан Үкіметі сақтық танытты. Ол Ресейді қандай да бір жолмен қолдауда өте ұстамды болды», деді Паулина Джонс.
Ғалымның пікірінше, «Ресей экономикалық және саяси тұрғыдан күрделі кезеңде тұр. Оның қалпына келуіне көп уақыт кетеді. Мәселен, Ресейден кеткен босқындардың көбі жоғары білімді. Олар енді еліне ешқашан оралмайтын шығар. Ресейлік кәсіпорындардың қаншамасы Қазақстанға және басқа елдерге кетті, олар да мүмкін қайта келмейді». Әрі қарай автор: «Қазақстан өңірде өте маңызды рөл атқарады. Мен үнемі Қазақстан Орталық Азиядағы Германияға ұқсас ел екенін айтамын. Басқа елдерге Қазақстанның Ресейден алыстауына қарсы тұру қиын болар еді. Бұрын Ресейге ақша табуға барған Қырғызстан, Тәжікстан және тіпті Өзбекстаннан келген еңбек мигранттары қазір Қазақстанды айналшықтап жүр», деді.
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтағы рөлін тиімді пайдаланып жүр ме? Паулина Джонс Қазақстанның экономикалық тұрғыдан мүмкіндігі зор екенін айтады. Алайда ол ЕЭО-ны сынға алды. «Еуразиялық экономикалық одақтың негізінен саяси сипаты басым, одан экономикалық пайда көп емес. Шындығында, бұл Кеден одағы мен еркін сауда келісімі сияқты құжаттар болуы керек», дейді ол.
Ресейге келетін болсақ, ғалым Қазақстан мен Ресей бір-біріне тәуелді болып қала береді деген пікірде. Мәселен, Қытайға жіберілетін көптеген ресейлік тауар Қазақстан арқылы өтеді. Ал Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданады, ол Еуропаға және басқа жерлерге жету үшін Ресей арқылы өтеді. Ресейге негізінен сауда жолдары қажет, ал Қазақстанға мұнай экспорты қажет. Паулина Джонстың айтуынша, екі ел саяси жағынан алшақтауы мүмкін, бірақ экономикалық қатынастарды сақтап қалуы қажет, өйткені екеуі де осы сауда қатынастарына тәуелді.
Шетел журналистері Қазақстандағы орыстілді тұрғындардың Ресеймен қарым-қатынасына қандай көзқараста екенін де сұрады. Өйткені елдегі ресми тілдің үстемдік құрғаны көпшілікке белгілі.
«1991 жылы кеңес одағынан тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның титулдық ұлты, яғни қазақтар аз болған жалғыз бұрынғы кеңестік республика болды. Халықтың басым бөлігін орыстар құрады. Бірақ бұл жағдай бірнеше себептерге байланысты күрт өзгерді. Ресейліктер Ресейге қоныс аударды, сондай-ақ Қазақстанда туу көрсеткіші салыстырмалы түрде жоғары болды. Моңғолиядан көптеген халық Қазақстанға қоныс аударды. Демографиялық өзгеріс болды. Бұрын қазақтар шамамен – 39, ал орыстар 45 пайыз болатын. Жоғарыдағы өзгерістерден соң қазақтар шамамен 75 пайыз, орыстар 30 пайызды құрады.
Алайда Солтүстікте Ресеймен шектесетін территорияларда орыстардың көбі бірнеше негізгі қалада тұрады. Қазақстан көрші мемлекетке өте қонақжай бола отырып, Ресеймен қарым-қатынасын орнатты. Мысалы, бұл елдің орыс және қазақ тілдерін мемлекеттік деп танитын стратегиясы бар. Бір қызығы, қақтығыстан кейін келген ресейлік босқындар наурыз айында келе бастады, қазан айында тіпті одан да көп болды. Осылайша, жүз мыңдаған орыс Қазақстанға қашты және бірінші кезекте негізінен ресейлік аудандарға, сондай-ақ Астана мен Алматыға ағылды», деді Паулина Джонс.
Ғалымның айтуынша, Президент Қ.Тоқаев көпвекторлық саясатын жүргізе береді. Қазіргі уақытта Қытай ең үлкен бенефициар болып саналады, дегенмен Қазақстан Оңтүстік Кавказ, Түркия және Еуропа елдерімен байланысты нығайтуға ұмтылады.