Облыс әкімінің баспасөз қызметі
20 миллионыншы сәбидің анасы мен әкесіне арнайы барған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының құттықтауын табыс етті.
«Қасиетті Түркістан өңірінде Қазақ елінің 20 миллионыншы тұрғыны туғанына өте қуаныштымыз. Біз батыр аналарымызбен мақтанамыз. Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысында дүниеге келеді. Бүгінде облыс халқының саны 2 миллионнан асты. Түркістан өңірі елімізде адам капиталын көбейтуге айрықша үлес қосып келеді. Бұл – еліміз үшін, біз үшін мақтаныш. Сіздер бүгін тарихқа еніп отырсыздар. Гүлмира Бейсенбайқызы қарындасымызды, Ерғали Асқарұлы бауырымызды шын жүректен құттықтаймын. Әлімхан батырымыздың денсаулығы мықты, өмір жасы ұзақ болсын», деді облыс әкімі. Әлімхан әкесі Ерғали Шәкенов пен анасы Ізтілеуова Гүлмираның төртінші баласы. Салмағы – 3400 грамм, бойы – 51 см.
Түркістан облысы – Қазақстанның демографиясына орасан үлес қосып келе жатқан аймақ. Былтырғы жылы бұл облыста 57 429 бала өмірге келсе, биыл жыл басынан бері 45 594 сәби жарық дүние есігін ашты, олардың бірі – 20 миллионыншы тұрғын Әлімхан Ерғалиұлы. Былтыр Түркістан облысында 15 үшем, 594, ал биыл осы уақытқа дейін 5 үшем, 500 егіз бала өмірге келген. Облыста 177 мыңнан аса тұрғын көпбалалы ана статусына ие. 15 мыңнан жоғары ананың «Алтын алқасы» бар. 43 мыңнан астам ана «Күміс алқа» иегері. 14 қараша күні Түркістан облысындағы 22 перзентханада 139 бала өмірге келген. Биылғы жылы аймақта 8 475 жұп некеге тұрған.