Еңбек • 17 Қараша, 2023

Сүт фермасындағы қызу еңбек

281 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Зоотехник – бүгін­де ауыл­да мал өсірген ша­руа­шы­­лық­тар үшін таптырмай­тын мамандық. Мал соңында тепеңдеп жүргенді кім ұнатады дерсіз? Әсі­ресе әйел адамның түлік өсі­ру­ге араласып жүргені кімге болсын қызық көрі­не­тіні рас. Светлана Бис­миль­динованың бұл ма­ман­дықтың жалынан ұстаға­нына 20 жылға жуық уақыт өтіпті.

Сүт фермасындағы қызу еңбек

Кеңес заманында зоотехник лауазымы үлкен шаруашылықтарда басшылық қызмет қатарынан саналатын. Өкінішке қарай, мал ма­мандарының маңызына соң­ғы уақытта аса көңіл бөлінбей жүр. Мал шаруашылығы маманы жануарлардың мінез-құлқын жақ­сы түсініп, денсаулығы мен азы­ғын қамтуы керек. Олардың кө­беюіне, дұрыс бағылуына да жауапты.

– Зоотехниктің негізгі міндеті – ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісінің маңызды факторы болып табылатын малдың өнімділігін арттыру. Мал шаруашылығы маманы малдан алынатын сүттің, еттің, жұмыртқаның және басқа да өнімдердің сапасы мен мөлшерін жақсарту үшін дұрыс әдіс-тәсілдер мен технологияларды таңдай білуі керек. Малдың саулығына да жа­уаптымыз, ауруды анықтап, жа­нуарларды емдейміз. Жаңа әдістер мен технологияларды әзірлеуге, сондай-ақ мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталған тәжі­рибелерді енгізуге әр­дайым ұмтылып тұрамыз. Ауыл шаруа­шылығы – ел экономика­сының маңызды саласы, білікті мамандарсыз халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мүмкін емес, – дейді С.Хазбулатқызы.

«Жаңа қала» ЖШС – Павлодар ауданында орналасқан, еліміздегі тәуелсіздік жылдары алғаш құрыл­ған шаруашылықтардың бірі. Сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырау мен жаңа замандағы да­мудың барлық кезеңін өткер­ген, талай теперішті көрген шаруашы­лық. Осы серіктестіктің оты мен суына түсіп, қажырлы еңбек етіп келе жатқан маманның бірі – Светлана апай. Қазіргі күні мұнда 40-қа жуық адам еңбек етеді. Заманға сай жабдықталған тауар­лы сүт фермаларында күніне 600-ден 800 басқа дейін сиыр сауы­лып отырған жайы бар. Ал иелі­гіндегі 10 мың гектар жердің 5 мың гектарында жыл сайын мал азығы, қалған бөлігіне дәнді дақыл өсіріледі.

– Сүт фермасындағы жұмыс күні-түні бір үзілмейді. Біздің мақсатымыз – сүтті көбірек са­уып, мемлекетке тапсыру. Шаруа­шылықта селекциямен айналы­самыз. Қазіргі уақытта маман жетіспеушілігі өте күрделі мә­селеге айналып отыр. Бізге агроном, мал дәрігері, техник-ұрық­­тандырушылар керек. Ұрық­­тан­ды­рушы маман жоқ де­се де бо­лады. Сондықтан білім беру ұйымдары осы түйткіл­ге көңіл аударып, тех­ник-ұрықтан­дырушыларды да­й­ын­дауға көп көңіл бөлсе екен, – деген тілегін жеткізді.

Айтуынша, шаруашылық мем­лекеттік көмегін молынан көріп отыр. Әр тапсырылған сүт­ке суб­сидия төленеді. Бұған дейін серік­тестік басшылығы мем­лекеттік бағдарламаларға бірнеше мәрте қатысып, шетелден асыл тұқымды мал сатып алды. Жаңадан мал кешендері тұрғызылып, заманауи ауылшаруашылық техникаларымен жарақтанды. Мұ­ның барлығы – мемлекеттің қам­қорлығы деп есептейді.

Светлана апайда демалыс күні дейтін сирек. Таңғы бестерде жұмыс орнынан табылып, кешкі сегіз-тоғыздарда үйіне қайтады. Сиырлары күн сайын 9 мың тоннаға дейін сүт береді. Сауылып алынған өнім бірден «Молком» зауытына өткізіледі екен. Осыдан екі жыл бұрын «Жаңа қалада» 500 бас сиырға арналған тауар­лы сүт фермасы, жануарлар бұ­заулауға арналған арнайы қора салынған. Жаңа технологиямен жабдықталған кешеннің қызығын молынан көріп отыр. Айтуынша, қарамағындағы 10 сауыншының жұмысы да қазір жеңілдей түскен. Барлығы аппараттың күшімен шешіліп, шаруашылықтағы нәзік жандар көп мехнаттан құтылған.

Айтып өтейік, Светлана Бис­миль­­динова бұл серіктестікте ашыл­ғаннан бері жұмыс істеп келеді. Ал­ғаш­қыда сауыншы, кейін бұзау бағушы, зертханашы болып істе­ген. Ал 2007 жылдан бастап шаруа­шы­лықтың бас зоотехнигі болып қызмет етеді. Табанды әрі еңбекқор Светлана апай отбасында жолдасымен 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Немере сүйіп отырған бақытты әже.

 

Павлодар облысы,

Павлодар ауданы

Соңғы жаңалықтар

Көлікпен дәулет құраған

Қоғам • Бүгін, 10:40

Әлжанның алтын медалі

Таным • Бүгін, 10:20

Ақылды келіншек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 10:00