Қоғам • 17 Қараша, 2023

Халқымыздың саны көбейе берсін - Тимур Әкімханұлы

134 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әр мемлекетті құрайтын халық. Мен ең алдымен Қазақстан халқын құттықтағым келеді, себебі бүгінде  халқымыздың саны 20 млн адамға жетті. Бұл әрине Мемлекет басшысының тапсырмасымен елдегі және әлемдегі динамикалық экономикалық жағдайды ескере отырып, ана мен баланы қолдау мақсатында отбасыларға жан-жақты жасалып жатқан қолдаудың нәтижесі.

Халқымыздың саны көбейе берсін - Тимур Әкімханұлы

Осындай қолдаулардың нәтижесінде 2021 жылғы «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске асыру нәтижесінде 5 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Сондай-ақ балалы болғысы келетін отбасыларға арналған ЭКҰ (Экстракорпоральды ұрықтандыру) бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама аясында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен ЭКҰ-ға квоталар саны 7 есеге ұлғайтылып, 20 мыңнан астам әйелді ЭКҰ рәсімдерімен қамтылып отыр. Осылайша, мыңдаған бедеу отбасы осы бағдарламаға қатысуға және ата-ана болуға мүмкіндік алады.

Бұдан басқа, бір жасқа толғанға дейін бала күтімімен айналысатын әйелдерге орташа айлық табыстың 10%-ы мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау; Көпбалалы аналарға табысына қарамастан «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға төленетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы беріліп отыр. Ал аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды қамтамасыз ету мақсатында 1 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін оқыту орны бойынша тегін тамақтануды, қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруді, мектеп киімімен және керек-жарақтарымен қамтамасыз етуді, мектеп жасына дейінгі балалар үшін – азық-түлік жиынтықтарымен және гигиеналық керек-жарақтармен қамтамасыз етуді көздейтін кепілдендірілген әлеуметтік пакетіміз бар.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылады. Бағдарлама аясында 18 жасқа дейінгі балаларға тұрғын үймен және білім берумен қамтамасыз ету үшін инвестициялық кірістің 50%-ын төлеу жөніндегі төлем тетіктері қарастырылып отыр. Бұл шаралар балалардың әл-ауқатын нығайтуға бағытталған.

Әрине бұл бағдарламалардың барлығы елдің экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып жүзеге асырылатынын ескергеніміз жөн. Қазіргі уақытта халықтың өсуі, ең алдымен, мемлекеттің қазақстандықтар үшін қолайлы жағдайлар жасауымен байланысты. Әлеуметтік жағдай дұрысталмай, демографиялық өсімнің болмайтыны да белгілі.

Сондықтан елдегі демографиялық жағдайды жақсартудың бір бағыты – бала туу деңгейін, оның ішінде көпбалалы отбасыларды материалдық немесе басқа да жәрдемақылармен ынталандыра (әртүрлі төлемдер мен бірқатар салықтардан босату) отырып әлеуметтік жағдайды көтеру;

Бұл ретте материалдық көмек көрсету, түрлі жеңілдіктер жасау, демографиялық ахуалды жақсарту бойынша түрлі институттар құру, сондай-ақ халықты қолдау жөніндегі өзге де бағдарламалар жүргізу арқылы халықтың әртүрлі топтарына жан-жақты қолдау көрсетуді бөліп көрсеткен жөн.

Екінші бағыты – тысқарыда жүрген қандастарымыздың елге оралуына мүмкіндіктер мен жеңілдіктер жасау.

Қазақстанға 1991 жылдан бері 1 миллион 103,5 мың қандас оралды. 2021 жылы 15 637 қазақ қандас мәртебесін алды. Олардың басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Ресей, Түркіменстан, Моңғолиядан келген. Олардың арасында ғылым, өнер, кәсіпкерлік, т.б. салалардан көптеген қайраткерлер шықты және олар біздің ұмытылып бара жатқан кейбір салт-дәстүрімізді жаңғыртты. Бүгінгі таңда қандастарымыз ғылымның дамуына және ұлттық рухтың жандануына зор үлес қосып отыр. Әлі де болса сыртта шамамен 5-5,5 миллион қандастарымыз бар. Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларға 2023 жылы 8 652 адамға өңірлік квота белгіленді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 566 адамға көп. Бірақ осы бөлініп жатқан квотаны тиімді пайдаланып жатырмыз ба? Осыған баса мән беруіміз қажет. Елге қоныс аударған қандастарға мемлекеттен бөлініп жатқан қаржыны ұлғайта отырып, оларға жағдай жасап, шекара аймақтарындағы ауылдарға шоғырландырылуы керек. Сондай-ақ шекаралы аймақтардан өсіп-өнген, қалалық жерде оқуларын аяқтап, тұрмыс қамымен қалып кеткен жастарды ауылдарға қайтарып, жұмыспен қамтып, жағдай жасалуы қажет. Бұл өте маңызды қадамдардың бірі болар еді. Айта кетер жайт, жұмыссыздар жөніндегі статистикаға толық сене беруге болмайды. Оны зерттеп, зерделеп  сыни көзбен қарауымыз керек.

Еліміз гүлденіп, одан әрі дами берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 

Тимур Әкімханұлы,

Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының

«Тарихи демография және ҚХА» 

бөлімінің меңгерушісі, PhD