Поэзия • 17 Қараша, 2023

Қарағанды қарашығындағы қараша

243 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағандыда қала әкімдігінің қолдауымен тағы да поэтикалық кеш өтті. Бұл кеш бұрынғыдан өзгерек. Несімен десеңіз, баяғы қалыпты бұзып, жаңаша серпіліс сыйлағанымен. Өлең оқылғанымен қоса, ақындардың жартысы ән шырқады. Бір сағатқа жуық уақыт Қарағандыдағы әдеби ортаның қалыптасу кезеңін көрерменнің көз алдына әкелді.

Қарағанды қарашығындағы қараша

Сонымен, «Қарашада өмір тұр…» атты әдеби-сазды кеш поэзия бекетінен шыққан пойыздың Қарағандыға келіп тоқтауынан басталады. Осы бір мезетте С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының әртістері сахна алаңына шығып, кеш тәмамдалғанша театрланған қойылымды сәтті өрбітіп шығады. Айтпақшы, ақындардың да актерлік шеберліктеріне жұрт қайран қалысты.

Әртіс жігіттер әдеби қойылымды журналистиканың жампозы Нұрмахан Оразбековтің Қарағандыға келіп, Қарқаралыдан алапат ақын Серік Ақсұңқарұлын алдырғанынан бастайды. Сол сәтте көрерменнің арасынан Серік Ақсұңқарұлы мен Қойлыбай Асан сахнаға көтеріліп, өлеңдерін тебіреніп тұрып, оқиды. Содан соң Қара Дәулеттің «Қарағанды вальсі» әнін Медет Осатаев орындайды.

Сахнадағы әртістер әрмен қарай әдеби кешті былай өрбітеді. Ертеде «Қазақ әдебиеті» газетіне Ақсұңқарұлы Алматыға абадандарын ертіп келгені жөнінде жазылғанын айтып, сол кездегі адуынды буынды ортаға алдырады. Серік Сағынтай, Руслан Нұрбай, Қайрат Асқар жалындап тұрып, жырларын оқиды. Алдыңғы буын ағаларын іздеп, Поэзия мейрамханасына бет алады.

Қ. Ғалым

Одан кейінгі буынның өлеңі де, өнері де көрерменнің ыстық ықыласына бөленеді. Ақындар Сұлтан Дәулетханұлы, Ілияс Мұқай, Жәлел Қуандықұлы, Эльмира Сайлауқызының сыршыл өлеңдеріне кезек беріледі. Сәттібай Жүнісовтің гитарамен шырқаған, Ерқанат Кеңесбекұлының домбырамен орындаған әні әсерлі шығады.

Ал әнші Саян Бөдес ортаға суырылып шығып, ақындардың құрметіне Ерлан Төлеутайдың «Сен және Мен» әнін әуелетеді.

Қ.Ғалым

 

Бұдан кейінгі жас толқын да ортаға жарқырай шықты. Ерік Нарынұлы өзінің өлеңінен соң, гитараның сүйемелдеуімен лирикалық әнін шебер орындады. Әділет Шопеннің поэзиясына да ықылас ерекше болды. Салтанат Қайырбектің әсем әуеніне де еліттік.

Әдеби-сазды кештің қорытындысы ел жүрегін, тіпті, елжіретіп жібереді. Көрерменнің көз жанарына жас үйіртеді. Шахтерлердің жер астындағы ерен еңбегін қойылым арқылы көрсете отырып, Салтанат Қайырбектің «Кеншінің шамы», Жанат Жаңқашұлының «Құрбандардың қаны» өлеңі күңірене оқылады. Барлық ақын сахнаға шығып, бір-бір қып-қызыл гүл шоғын қойып, кеншілер рухына тағзым етеді. Көрермен тік тұрып, қошемет көрсетеді. Себебі, бұл кеш бұған әбден лайықты-ақ.

— «Қарашада өмір тұр…» атты дәстүрлі поэзия кешіміз осы жылы мюзиклға айналып, бір сағат көрерменнің көңілін теңіздің толқынындай тербеді. Бұл өзі бір жағы Серік Ақсұңқарұлы бастаған Қарағанды әдеби ортасының ғұмырына бір сағаттық шолу десек те болады. Кеш соңында шахтерлерге арналған өлеңдер оқылып, көрерменнің көзіне жас үйрілді. «Қарашада өмір тұр». Яғни, бұл жерде Қарағандының өмірі қамтылды. Қуанышы да, қайғысы да. Бір топ дүлдүл ақындардың бұлбұл әнші екеніне көз жетті. Режиссерлік жұмыста Сұлтан Серіктің шеберлігіне тәнтіміз. Шылбырымызды тартпай, шығармашылық еркіндік берген қала әкімдігіне ерекше алғыс айтамыз, — дейді Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, ақын Жанат Жаңқашұлы.

Ұтымды ұйымдастырушылардың қатарындағы белгілі продюсер Асхат Қажытайдың да қажырлы еңбегін атап өткеніміз жөн.

Түйіндей кетсек, Қарағанды қарашығындағы қараша осылай өтіп жатыр. Мұнда өлең де, өмір де бар…

Қарағанды облысы