Ол әлеуметтік желідегі парақшасында осыдан екі жыл бұрын 6 қарашада 2000 адамдық үлкен мешіттің құрылысы басталғанын жариялаған.
Мешіт жанынан 2021 жылы қыздарға арналған медресенің де қазығы қағылған. Ал 2022 жылы ұлдарға арналған медресе құрылысы басталыпты. Осылайша, екі жыл өткен соң мешіт пен медресе қасынан тағы түрлі қызметтегі бірнеше ғимарат бой көтеріп отыр.
Балқия Балтабай бұған дейін тойға жиналған 20 миллион теңгені мешітке табыстайтындарын да айтқан еді. Сондай-ақ, құны 50 миллион тұратын Toyota Land Cruiser 300 көлігін де мешіт құрылысына атапты.
"Құрылысына 2,5 миллиард теңге жұмсалды. Кәсіпкерлердің, демеушілердің қолдауымен, халықтың бірлігімен қазақ еліне тағы да бір мешіт. 2000 адамдық мешіт және ұлдар медресесі, қыздар медресесі, спорт кешені, мейрамхана, ұстаздар үйі - 6 бірдей ғимараттың ашылуы болады. Бас мүфтидің өзі келіп ашады", - деп жазды ол парақшасында.
Ал бүгін сол алты ғимараттың ресми ашылу салтанаты өтті. Бір мезетте 2000 адам құлшылық жасайтын мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова, мешіт салуға атсалысқан кәсіпкерлер мен ақсақалдар және қала тұрғындары қатысқан.
Жаңа мешіттің мінәжат залы 1500 шаршы метр болады. Ал құрылыс сәулеті ұлттық нақышпен әрленген.
Жаңа мешітке діни басқарманың шешімімен "Хәзірет Әбу Бәкір әс-Сыддық" атауы беріліп, Бас мүфтидің бұйрығымен Берік Үйсінбаев имам болып тағайындалған. Мешіттің ашылуына бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келген.
"Мешіттің тағы бір ерекшелігі мұнарасы Мәдинеге, құбыласы Меккеге бағытталыпты. Үш қабаттан тұратын мешітте бір мезетте 2 мың адам құлшылық ете алады. Мұнда үлкен залға ілінген люстрада 99 жарықшам қойылған. Бұл Алланың 99 есіміне орайластырған. Бұдан бөлек, мұнда конференция залы, кітапханасы, дәрісханалар, бір үлкен әйелдер залы, неке және имамдар бөлмесі бар. Сонымен қатар, 100 автокөлікке арналған автотұраққа орын бөлінген. Мешіт аумағында 150 кісіге арналған асханасы да қарастырылған", - дейді Балқия Балтабай.
Мешіттің соғылуына демеуші болған Балқия Балтабай салмағы 9 тоннаға жуық болатын, қой жүнінен тоқылған кілемді Түркиядан арнайы алдыртқанын жеткізді.
Желі қолданушылары оның ісіне жылы лебіздерін жазған.