18 қарашада Астанада қолайсыз ауа райы болды: желдің жылдамдығы кей уақытта секундына 23 метрге дейін жетті.
Құтқарушылар елорда тұрғындары мен қонақтарының көшеге шықпау керектігін ескертіп, мәлімдеме жасады.
"Балаларды ерекше бақылауда ұстау және оларды қараусыз қалдырмау маңызды. Көшеде қатты жел кезінде жер асты өткелдерін немесе құрылыстардың кіреберістерін паналауға кеңес береміз. Үй қабырғаларының жанына қатты желден жасырынбау керек, өйткені шатырлардан шифер мен плиталар құлап кетуі мүмкін», делінген Төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.
Астана тұрғындарына электр желілері мен жылыту пештерінің жай-күйін тексеріп, ішкі және сыртқы өртке қарсы су құбырының, телефон байланысының жарамдылығын қамтамасыз ету, өртке қарсы құралдарды дайындау ұсынылады.
Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар департаменті үйдің немесе пәтердің барлық терезелерін мықтап жабу керектігін атап өтті. Үй-жайда болған кезде терезеден алшақ тұрып, электр құралдарын пайдаланбаған дұрыс.
«Егер пәтерде электр желісінде кернеудің жоғарылауы орын алса, сіз болмаған кезде кенеттен электр жарығы қосылып кетсе, өрт шықпауы үшін барлық электрлік тұрмыстық құрылғылардың қуатын дереу өшіріңіз, ашаларды розеткадан ажыратыңыз. Құрылыс алаңдары халық пен аумақты қолайсыз ауа райының әсерінен қорғау үшін қосымша шаралар қабылдауы керек», деп қосты құтқарушылар.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне тәулік бойы хабарласуға болады.
Бұған дейін Қазақстанда қар мен боран салдарынан жолдар жабыла бастағаны болатын.