Тағзым • 19 Қараша, 2023

Кірлетпей кетті жүректі...

467 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Белгілі қаламгер, ақын Аманғали Сұлтан дүниеден озды деген қаралы хабарды естіп, көңіліміз құлазып қалды. Ол туған жерден шалғайда өмір сүрсе де, жүрегі елім деп соққан арда азамат еді…

Кірлетпей кетті жүректі...

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Аманғали Сағынұлы 1936 жыл­­дың 5 желтоқсанында Ба­тыс Қа­зақстан облысы Ақжайық ауданы Талпын ауылында туды. Оның балалық шағы күрделі кезеңмен тұспа-тұс келді. Аман­ғали 5 жас­қа қадам басқанда алапат соғыс өрті тұтанып, дүние астан-кестен болды. Әкесі Сағын Сұлтанұлы көзі ашық, сауатты кісі, колхоз бухгалтері болғанына қарамастан, қанды майданға аттанып, Отанын қорғап, ауыр жарақатпен ауылына қайтып келеді.

Зерек бала қиындықтарға қара­мастан, білім алсам деп талап қылды. Мектепте жақсы оқып, 1955 жылы Қазақ мемле­кет­тік университетінің филология фа­куль­тетіне оқуға түсті. Алматы­дағы оқуымен қатар Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтында білім алды.

Аманғали Сұлтан 1961-1975 жылдар аралығында Мәдениет министрлігінде, телевидение мен радиода аудармашы, ҚазТАГ-та редактор болып жұмыс істеді. 1975 жылдан бастап кеңес одағы ыды­рағанға дейін 16 жылдан аса уақыт КСРО Жоғарғы Ке­ңесі Төралқасының аппаратында қызмет етті.

Ол өзіне жүктелген міндеттер­ді абыроймен атқара жүріп, қолы­нан қаламын тастамады. Ақын­ның тырнақалды туындысы Ба­тыс Қазақстан облысы­ның «Екпін­ді құрылыс» газе­тін­де жариялан­ды. Ал 1961 жылы «Талтүс» атты жыр жинағы жарық көрді. Аманға­ли аға Мәскеуде жауапты қызметте болған жылдары өндіре жазып, «Кең дала» (1977), «Айдын шалқар» (1979), «Антилопья трава» (1982), «Жазғытұрым жаршысы» (1984), «Құтты мекен» (1987) сияқты жинақтардың авторы атанды. Туған жер, өскен өлке, замандастар, адамгершілік, махаббат тақырыбы ақын шығар­маларына арқау болды.

Аманғали Сағынұлы аударма­шылықпен де айналысып, белгілі фран­цуз жазушысы Виктор Гюго­ның «Тоқсан үшінші жыл» романын қазақ тіліне тәржімалады.

Қаламгердің шоқтығы биік шығармасы – «Скифиада» екі томдық тарихи дастаны. Бұл – автордың ширек ғасырға жуық тарих кітаптарының шаңына ба­тып, ыждағатты ізденісінің же­місі. Туындыда бағзы заманда Еуразия кеңістігін мекендеген сақ-скиф тайпаларының Таяу Шығысқа жасаған жорығы суреттелген. Сол арқылы ақын сақ­­тардың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәс­түрін, өзге мемлекеттермен қарым-қатынасын жырлаған. Көш­­пелі қауымнан көшпейтін ізгі қасиеттерді көркем сөзбен кес­телеген. Осы орайда бұл ең­бекті Еуразия өркениетін жан-жақты насихаттайтын шығар­ма деуге әбден болады. 2011 жылы Алматы, Астана және туған өлкесі Орал қалаларында тұсаукесер рәсімі өткен тарихи дастанды ақын­ның Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­­дығы­на жасаған тартуы деп қабыл алған жөн. «Скифиада» поэмасы көзі қарақты оқырманның және қаламгерлер қауымының, соның ішінде Қадыр Мырза Әли, Мырзатай Жолдасбеков сынды за­мандас достары әрі қаламдас әріп­тестерінің жоғары бағасын алды.

Аманғали Сағынұлы жарты ға­сырға жуық уақыт туған жер­ден жырақта өмір сүрсе де, отан­шылдық сезіміне сызат түсірмеді. Қазақстан ақын-жазушылары­мен шығар­ма­шылық байланыста болып, пікір алмасып тұрды. Туған апасы Қымбат Сағынқызы мен жездесі академик Шора Сары­баевтың шаңырағында қазақ зиялы қауымының асылдарымен кез­десулерде елдегі мәдени және әдеби жаңалықтар жайында дидарласып, туған еліне деген сағынышын басатын. Мәскеуде достасқан кеңес одағының танымал ақыны Расул Гамзатов сын­ды зиялы қауым өкілдеріне қазақ­тың мәдени болмысын танытып жүрді.

Ақын ана тілін, атамекенін, ұлт мә­дениетін, төл тарихын өмі­рі­нің соңына дейін дәріптеп өтті. Ресейдегі қазақ қоғамдық ұйымдарының қызметіне бел­се­не атсалысып, жастарға жол көр­сетті. Қазақстанның Мәскеудегі Елші­лігі ұйымдастырған түрлі ­іс-шара­ға қатысып, екі ел ынты­мақ­­тастығын нығайтуға елеулі үлес қосты.

Аманғали Сұлтан – ұлт мүд­де­сіне қызмет етіп, жұрты­ның сөзін сөйлеген арда азамат. Ал отбасында қарапайым, аяулы жары скрипкашы Рая апай екеуі төрт бала өсіріп, немере сүй­ді. Артында мол әдеби мұра қал­дырған ақынның жауһар жырлары елімен бірге мәңгі жасай бермек.

 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,  ҰҒА академигі