Ғылым • 20 Қараша, 2023

Тіл білімінің зерделі зерттеушісі

535 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің туғанына 85 жыл толуына орай дәстүрлі «Тілтанымдық мектеп» алаңы аясында «Профессор Әлімхан Жүнісбек және қазақ фонетикасының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Тіл білімінің зерделі зерттеушісі

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жиынды ашқан институт директоры, фило­логия ғылымдарының кандидаты Анар Фазыл­жан тіл жанашырының ұстаздық ете жүріп, қазақ фонетикасы зерттеулерін жоғары дәрежеге жеткізуге арнаған еңбектеріне тоқталды. Соны­мен бірге қазақ тілінің мәртебесін арттыруға бағытталған ғылыми жобалар барысына, қазақ фонетикасы, орфография мен орфоэпия, сингармонизм теориясы саласын зерттеген профессор Әлімхан Жүнісбектің бүгінде өз мектебі қалыптасқандығын әрі осы бағытта шәкірттері ғылыми зерттеу жұмыстарын жалғастырып келетіндігі жайында айтып өтті.

Филология ғылымында іргелі зерттеулер жасаған ғалым жайында профессор Жамал Ман­кеева «Кез келген тілдің болмысын, ерек­ше­лігін танытатын, құрылымын құрайтын ды­быстық жүйесі десек, оны кәсіби қазақ тіл білі­мі қалыптасқан кезеңнен бастап дамытып, жаңа зерттеу үдерісіне сәйкес қалыптастырған көр­некті ғалымдардың бірі профессор Әлімхан Жүніс­бек болатын» деп еске алды. Ж.Манкеева атап өткендей, шын мәнісінде, ғалым осы мәсе­ле­мен біте қайнасып кеткендей. Профессор осы жү­йелі құрылымды жіктеуге байланысты сүбелі еңбек­тері, ғалымдық тұлғасын былай қойғанда, қа­рапайымдылығы, ішкі мәдениеті ғылыми зия­лылығымен астасып жататын үлкенге де, кішіге де құрметі қашанда оны ерекшелеп тұратын.

Ғылымдағы жолын өткен ғасырдың 60-жыл­дарының басында қолға алған профессор Әлімхан Жүнісбек Тіл білімі институтының сол кезеңдегі директоры, академик Ісмет Кеңес­баевтың жөн сілтеуімен А.Жданов атын­да­ғы Ленинград мемлекеттік университетіндегі фоне­тика зертханасында білім алып, профессор Зингердің жетекшілігімен эксперименттік зерттеулерге ден қояды. Осы орайда профессор Әлімхан Жүнісбек туралы естелігінде инс­титуттың бас ғылыми қызметкері, акаде­мик Зейнеп Базарбаева «Әлекеңді сингармонизм теориясының бағына жаралған зерттеуші деп түсінеміз. Ол – қазақ фонетикасына, орфография мен орфоэпия мәселелеріне, сингармонизм теориясына зор еңбек сіңірген ға­лым. Сингармониялық бағыт Ә.Жүнісбек ең­бек­терінің арқасында қалыптасып, ғылыми айна­лымға түсті. Теориялық тілтанымдағы жылдар бойы қалыптасып қалған «еуропаөзімшіл» бағытқа қарсы алғаш көтерілгендердің бірі болды. Түркі (қазақ) тілдеріне орынсыз таңылып келген жаңсақ тілдік бірліктердің басын ашып, түркі тілдеріндегі сөздік екпін мәселесін шешіп берді. Оған осы бағытта жазған еңбектері дәлел. Міне, осындай тұтасып тұрған просодикалық ұстанымды жарып шыққан Әлекең еді», деп атап өтті.

Фонетиканы эксперименттік тұрғыдан­ зерт­теуді меңгерген Әлімхан Жүнісбек 1969 жы­лы академик Зингердің жетекші­лі­гі­­­мен «Гласные казахского языка» кандидат­тық дис­­­сер­та­ция­сын қорғады. Бұл ғалымның қа­зақ фонетика ғылымы үшін қосқан үлкен жаңа­лығы болды. 1989 жылы «Түркі тілдеріндегі сөз про­содикасы және қазақ тіліндегі сингармо­низм» тақырыбындағы докторлығын жаңа ба­ғыт­т­а қорғап шығады. Профессор сингармонизм заңдылығын теориялық тұрғыдан зерттеп, не­гізін қалады. Қазақ тілі дыбыстарының арти­куляциялық қорын жасады. Оның сипатта­ма­сын түркі тілтанымында тұңғыш рет ұсын­ды. Ды­быстардың жасалым, айтылым, естіл­ім айырым белгілерін алғашқы болып ажы­ра­тып, үндесім, үйлесім құрамын анық­тап берді. Түркі әлеміне танымал зерттеуші ретін­­де фонетика саласында өзіндік орнын қалып­тастырды. Ғалымның қазақ тіл ғылымы үшін маңызды зерттеулері хақында филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли, Бішкек мемлекеттік университетінің профессоры Ташполот Садықов, академик Кәрімбек Құрманәлиев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті Нұрбол Сәдуақас естелігінде бөлісті.

«Төлтүркі деңгейаралық үйлесім жүйесі жасанды зерде сырын ашудың маңызды тетігі» тақырыбында баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажы­бек бүгінгі күні адамзатпен бетпе-бет келіп отырған жасанды зерде, GPT-4 қатысты ойларымен бөлісті. Сондай-ақ профессор Ә.Жүніс­бектің «Сингармология» еңбегіне тоқ­талып, ғалым зерттеулерінің маңызы жайында айтып берді. «Еліміз ғана емес, шетелдік алаштанушы, түркітанушы ғалымдар үлкен дарын иесінің еңбектеріне тәнті болды. Ғалым дыбыс үндестігін барша түркі тілдерінің ең басты, ең маңызды, құрылымқұраушы, грамматикада да, фонетикада да, сөзжасамда да шешуші рөл атқаратын терең және жан-жақты іргелі теорияға айналдырды. Керек болса, бұдан былайғы бүкіл тілдік компаративистік көзқарастарды мүлде жаңаша сипаттап, өз дегеніне бағындырды. Үндесу, үйлесу, гармонияда болу, бір-біріне сәйкестену, өзара икемделу, үнемі детерминацияда болу құбылысын Әлімхан Жүнісбек семасиологияға да, морфонологияға да, палео­линг­вистикаға да, тілдің құрылымы мен қолда­нылуы қатпарларына да тұтас және тікелей қаты­сы бар маңызды ерекшелік ретінде таныды. Бұл жаңа­лығы ең бастапқылардан бастап, біз біле­тін тіл білімі қағидаттарын түбегейлі өзгерт­ті. Бүкіл түркі әлемін еуропоцентристік көз­қарастан төл, өзіндік, төлтума ережелер мен пайым­дарға көшуге шақырды», деді өз сөзінде Е.Қажыбек.

Профессор Әлімхан Жүнісбек зерттеулерінің ғалымдар үшін маңыздылығына тоқталған профессор Құралай Күдерина «Қазақ және түркі тілдеріндегі үндестік заңы жойылып барады, біраз жылдардан кейін мүлде жойылатын болады деген үрдіспен келе жатқан тұста, өткен ғасырдың 60-жылдарында осыған тосқауыл қойып, үлкен зерттеулер жүргізген, қазақ тілін­дегі үндестік заңының өте маңызды екенін айт­қан алғашқы ғалым болатын. Мұнымен қоса профессордың зерттеуінен кейін әртүрлі болып келген қазақ тіліндегі дауысты дыбыстар саны дәл анықталды. Талай оқулық шыққанымен, бұған дейін осы зерттеулерге көңіл аударылмай келген болатын. Осылайша, тоғыз дауысты дыбысты санамалап айтып берген профессор Ә.Жүнісбек болатын», деді ғалым.

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Жұмағали Әбуов «Әлімхан Жүнісбектің сингармо­низм тео­рия­сының әлемдік тіл біліміндегі рөлі және қа­зақ дыбыстарын синтездеудің жаңа тәсіл­дері» баяндамасында «Ә.Жүнісбек түркі тіл білімі ғана емес, әлемдік тіл білімінде, дыбысты зерттеу саласында реформа жасады» деген ойын жеткізді. Осы орайда ғалым IREX гранты аясында Америка сапарын еске алып, Кембридж, Сорбонна универсиеттері, сонымен бірге Жапо­нияға да Әлімхан Жүнісбек теориясы­нан баяндама жасағаны, оған шетел­дік ғалым­дар тарапынан зор қызығушылық болғанын еске алды. Профессордың есімін есте қалдыру мақ­сатында мектептер мен жоғары оқу орындарын­да Ә.Жүнісбек теориясынан арнайы курс­тар ашу, жасанды зердемен байланысты фотолингвистикаға қатысты жобаларды қолға алу, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданындағы мектепке, Тіл білімі институтындағы зертханаға ғалым аты берілсе деген ұсынысын жеткізді.

 

АЛМАТЫ