Қоғам • 19 Қараша, 2023

Қартайғанда зейнет бер

158 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тіршіліктің қамымен өмірдің бар тауқыметін тартып, қоғамға қал-қадірінше қызмет еткен қарт кісілер көп жағдайда зейнетке шыққанда жағада қайраңдап қалған ескексіз қайықтай, ендігі өмірге бейімделе алмай жан күйзелісіне түсіп қалатын кездері болады. Егер бүкіл бейнетіңнің зейнетін көретін кезеңде бала-шаға қайырымды, қоғам ізгі, жалғызсыратпайтын дос-жараның жеткілікті болса, ол да бір ғанибет! Дегенмен өмір біз ойлағандай ертегі емес, зейнеттегі әлеуметтік жағдай, жазмыш әрқилы болғандықтан, қоғам тарапынан қарттыққа аяңдаған жандардың қалған өмірін жақсылыққа бөлейтін әлеуметтік қамқорлық қажет.

Қартайғанда зейнет бер

Мәселен, Алматы билігі биыл 26 қазан мен 8 қараша аралығында зейнеткерлер үшін қаланың көрікті жерлері мен Алматы облысында туристік нысандарға саяхат ұйымдастырған еді. Осы бастамалар арқылы қаланың бүкіл қарты қыдырды демесек те, маңызы орасан. Мегаполис басшылары қала зейнеткерлерін қандай амалдармен құлағдар еткені өздеріне аян. Сонымен, бұл саяхатты Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Алматы қаласының туризм басқармасы «Белсенді ұзақ өмір» жол картасы аясында іске асырды.

Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов: «26 қа­занда Шарын шатқалындағы саяхатқа 100 шақты зейнеткер барды», дейді. Туристік нысан қызметкерлері зейнеткерлерге шатқалдарды аралатып, шежіресін баяндап, ең көрнекті тұстарын көрсетіп шығыпты. Беймәлім алыптар қолдан құйғандай, еңселі мұнараларға ұқсайтын жартас шөгінділері аяулы жастағы жандарға естен кетпестей әсер сыйлағаны сөзсіз. Және ұзақ серуеннен кейін экскурсияға қатысқан зейнеткерлерге дәмді дастарқан даярланған. Осы сапарға қосылған зейнеткер Бақыт Омарова бұл өміріндегі ең елеулі оқиғалардың бірі екенін, ендігі экскурсияларға да қуана қатысатынын айта келе: «Табиғаттың тамаша көріністерінен ләззат алып, елмен араласу, шындығында, бақыт екен. Көңіл күйімізді көтеріп, бір серпілткен ұйымдастырушыларға осы үшін алғыс айтамын», дейді.

Замандасын қуаттаған зейнеткер Раиса Мамбетова: «Бақыт дегеннің өзі жақсы демалыстардан да құралады», дегенді қосып, шын жүректен алғыс білдіріп жатты.

Осыдан кейін зейнеткерлер Есік көлі мен өз өмірін өткізген қаланың барлық көрікті жерлерімен танысып, Алматы қаласының тарих мұражайына, Вознесен кафедралды соборына, Ықылас атын­дағы музыкалық аспаптар мұражайына, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортына қыдырды.

Осы арада айтпағымыз, мұндай бастамалар бір реттік, көз алдайтын шара­лардың қатарында қалып қоймай, зей­нет­керлер қашанда ізгі оқиғалардан құлағдар болып, қатарына ілесіп отырса. Әлбетте, қала билігі талай сауапты іске мұрындық болғанымен, миллиондаған хал­қы, мыңдаған қарты бар қаланы сая­хат­қа шығара алмайтыны анық. Дегенмен әр мекеме, байсалды ұйымдар да ара-тұра ардагерлерінің халін сұрап, осындай­ сәт­тер­ сыйлап отырса, заңға томпақ бола қой­мас.

Ал енді мұның бәрі не үшін керек екенін және жүз жасаған жапондардың құпиясына бойламас бұрын, Қарттар айлығы аясында Алматының 30 мыңнан аса ересек тұрғыны медициналық көмек­пен­ қамтылғанына тоқтала кету керек. Жыл сайын қазан айында Қарттар айлы­ғында зейнеткерлерге әлеуметтік, меди­ци­налық көмек пен қолдау көрсетіліп жатады. Дәрігерлер жолды көтере алмайтын пациенттердің үйлеріне өздері барады.

«Биыл көшпелі медициналық бригадалар 2 380 науқастың үйіне барды. Бригадаларда зертханалық талдау, глюкоза, холес­теринді анықтайтын экспресс-талдау, жалпы және биохимиялық талдау жасайтын, оған қоса электрокардиография сияқты аспаптық зерттеулер жүргізе отырып, үйде кеңейтілген медициналық тексеру жүргізе алатын бейінді мамандар болды. Көлікпен тасымалдауға шамасы келмейтін пациенттердің баршасы учаскелік дәрігерлердің немесе медбикелер бақылауына алынған. Қажет болған жағдайда психологтің кеңесімен қамтамасыз етіледі. Дәрі-дәрмектерін үйге жеткізіп беру де қарастырылған», дейді Алматы қалалық геронтологиялық қызмет жөніндегі үйлестіруші, «ҰОС ардагерлерінің қалалық емханасы» бас дәрігерінің емдеу жөніндегі орынбасары Ольга Туева.

Сонымен, Қарттар айында қаланың тәулік бойғы стационарларына 1 270 қарт пациент аттандырылып, ем-дом тағайындалса, Алматы емханаларында «Белсенді ұзақ өмір сүру мектебі», «Артериялық гипертония мектебі», «Инсульттің алдын алу мектебі», «Қант диабеті мектебі» сияқты денсаулық мектептері жұмыс істейді. Айтқандай, Қарттар айлығында кардиолог, нев­ропатолог, офтальмологтер ең үлкен сұранысқа ие болған.

«Бақылауға немесе дәрігерлер ықпал ете алатын, басқаруға болатын факторлар бар. Басқарылатын зиянды факторларды толығымен, яки ішінара жоюға болатындықтан, кеселдерді өршітпей, денсаулықты дұрыстап, өмірді ұзартуға болады. Дегенмен тұқым қуалайтын, жыныстық аурулар мен кәрілік сынды басқарылмайтын факторлар да бар. Бір қарағанда, осы мәселеде дәрменсіз сияқты көрінгенімізбен, мұны белгілі бір дәрежеде бейтараптандырып, басқарылатын факторлар көмегімен орнын толтыруға болады. Адам өмірін ұзартатын оқшау бір жайтты бөле-жарып атау мүмкін емес. Ұзақ жасау «тұқым қуалайтын және айналадағы факторлардың өзара күрделі әрекеттесуімен» құралады», дейді герантолог.

Оған қоса мамандар халықтың қар­­таюы мен өмірдің ұзаруы қымбат ем-домды қажет ететін созылмалы аурулардың көбеюіне әкелгенін айтады. Жасымызды ұрлайтын қауіпті факторлар әдетте өз қалауымызбен жасайтын әрекеттерімізге де байланысты. Сондықтан бұл факторларды өмір салты мен мінез-құлықты өзгерту арқылы жоюға немесе азайтуға болады.

О.Туева қарттыққа бой алдырмау 25-30% жағдайда қанмен берілетінін заманауи зерттеулермен дәйектей келе: «Яғни әке-шешесі, ата-бабасы ұзақ жасағандардың орта есеппен басқаларға қарағанда ғұмыры ұзақтау. Егер ата-аналары түрлі кеселдердің кесірінен орта жастан аса алмаса, онда балаларының да ұзақ жасау ықтималдығы азаяды. Бірақ бұл – тек ықтималдық. Дегенмен  әркімнің өмірі өзіне байланысты. Өйткені тұқым қуалаушылыққа қатысы жоқ басқа факторлардың үлесі – 70%. Бұл – өмір салты, күнделікті әдеттер мен тамақтану, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы. Демек, жоғарыдағы көрсеткіште генетиканың үлесі аз, бірақ адамның ұзақ жасаған туыстары неғұрлым көп болған сайын оның 80-90 жасау мүмкіндігі соғұрлым жоғары екені анықталған», дейді.

Зейнет жасынан асқан қала тұрғын­да­рының денсаулығына жауапты маман­дар адамның жасы ұлғайған сайын­ күн тәртібін денсаулығына зиян келтір­мей­тіндей құрып алуға кеңес береді.

«Кез келген адам әрбір таңын гимнастикадан бастауы керек. Жеңіл қи­мыл ағзаны оятып, барлық мүшені қимылдатып, метаболизм үдерісін іске қосады, омыртқаның икемді болуына ықпал етеді. Бірақ егде жастағыларға арналған жаттығулар буындарға зақым келтірмеу үшін жеңіл болуы керек. Таңертеңгілік жаттығуларды күнделікті әдетке айналдыру аяқ-қолдың қақсап, басқа да дімкәстікті азайтады. Күні бойы жақсы көңіл күймен жүруге көмектеседі. Таңертеңгі гимнастикадан кейін салқын су мен ыстық суды кезектестіре шайынуды әдетке айналдыру керек. Бұл керемет күш береді», дейді мамандар.

Қысқасы, мамандар осындай кеңес беруге міндетті десек те, сонда көп жасаудың құпиясы неде деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Мәселен, бүгінде жапондардан ұзақ өмір сүретін ел жоқ. Үстіне атом бомбасы түссе де, денсаулықты сақтаудың сырын меңгерген мемлекетте қазіргі таңда жасы жүзден асқандардың саны 50 мыңға жеткен және ең бастысы олар қарттықтан қаусап отырған жоқ. Белсене өмір сүре, әлемге саяхат шегеді. Тағы 15 жылдың аясында жүз жасаған жапондардың саны жарты миллионнан асып жығылады деген болжам бар. Осының мәнісін зерттеуге ұмтылған, ұзақ өмір сүрудің сырымен айналысатындар ұйымдар олар шикі балық пен теңіз өнімдерін көп тұтынатындарын алға тартқанда, Жапониядан да керемет теңіз жағалауларында, жылы жақтарда тұратын, балық, теңіз өнімдерін олардан да екі есе көп жейтін және жеміс-жидектен кенде емес елдер жапондардан екі есе аз өмір сүретіні анықталған. Сөйтсек, жапондар дидарласып отырған адамының көңіліне қаяу салмауға тырысатын жалғыз ұлт болып шықты. Бір-бірінің көңіліне қарап, жылы шырай мінез танытып, әңгімелесіп отырған жанның көңіл күйін түсірмеуге тырысатын мұндай халықтар жер бетінде некен-саяқ. Алып бара жатқан жерасты, жерүсті байлығы түгілі, үлкен аумағы, егіс алқаптары да жоқ толайым ел қалай байыды, өмірін қалай ұзартты десеңіз, олар алдымен пиғылы мен өз ойларын басқаруды меңгерген. Ал біздің мамандардың «факторлар» деп отырғаны да осы.

Жанды жаралайтын сөз, жағымсыз әңгіме айналаңыздағылардың ғана емес, өз жүйкеңізді де жұқартады, сіздің ғана емес, сізбен бір шаңырақта өмір сүру бұйырған адамдардың да ғұмырын қысқартады. Ал жақсы пиғыл, жылы сөз, керемет саяхаттар келешекте жемісін берер дән іспеттес болса, жапондар – осыны бірінші болып түсінген ұлт.

 

АЛМАТЫ