Әлем • 19 Қараша, 2023

Пиреней түбегіндегі жылымық

148 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Испаниядағы бірнеше айға созылған саяси дағдарысқа нүкте қойылды. Өт­кен бейсенбіде Испания парламенті Педро Санчесті тағы бір мерзімге премьер-министр етіп тағайындауға келісім берді.

Пиреней түбегіндегі жылымық

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осылайша, шілдеде өткен сайлаудан кейінгі алауыздық аяқталды. Парламент мүшелерінің 179-ы П.Санчесті қолдаса, 171-і қарсы дауыс берді, қалыс қалған жоқ. Айта кетерлігі, шілдеде Испанияда жалпы парламент сайлауы өткен болатын. Онда халық Конгресс пен Сенат депутаттарын сайлады. Ерекшелігі сол, Пиреней түбегіндегі елде Сенатқа қарағанда Конгрестің құзыреті кең. Олар премьер-министрді тағайындайды, Сенат мақұлдамаған заңды көпшілік дауыс­пен қабылдауға құқылы.

Сол себепті төменгі палатаның сайлауы әрдайым бәсекеге толы. Жаздағы саяси дода тартысқа толы болды. Күтпеген жерден Альберто Нуньес Фейхоо бастаған «Халық партиясы» жеңіске жетіп, жалпы 137 мандат иеленді. Испания социалист жұмысшы­лар партиясы 31,68 пайыз қолдау иеленіп, 121 де­путатын ғана Конгреске өткізе алды.

Сайлау нәтижесіне байланысты Үкіметті жасақтау және министрлер кабинетінің басшысын сайлау «Халық партиясына» жүктелген. Көпшілік аталған фракцияның жетекшісі А.Фейхоо премьер-министр орын­тағын иеленеді деп есептеген-ді. Деген­мен «Халық партиясы» дауыс беру нәти­жесінде басым түскенімен, көпшілік мандатты иеленген жоқ. Сондықтан басқа партиялармен коалиция құруға тиіс болатын.

Қыркүйекте Испания парламенті үкімет басшысын тағайындау үшін бірнеше мәрте жиналды. Жалғыз үміткер А.Фейхоо еді. Дегенмен депутаттар оның кандидатурасын мақұлдамады. Алғашқы дауыс беру кезінде конгресс мүшелерінің 177-сі қарсы шықса, екіншісінде 178-і қолдау білдірмеді. Осылайша, «Халық партиясының» үкілеген үмітінің ауылы алыстай берді.

Министрлер кабинетінің бұрынғы һәм жаңа басшысы Педро Санчес әліптің артын бақты. Ол 2018 жылдан бері Үкіметті басқарып келген еді. Қарсыласы А.Фейхоо қызметке жүгіріп жүргенде, П.Санчес асықпады. Басым дауыс иелену үшін басқа партиялармен беймарал келіссөз жүргізді деп айта аламыз.

«Халық партиясының» сәтсіздігінен кейін Испания королі VI Филипп саяси көшбасшыларды жинап, Педро Санчесті премьер-министр лауазымына үміткерлікке ұсынды. Ол үкімет басшысы қызметіне қайта тағайындалу үшін парламентте көпшіліктің қолдауын иеленуі қажет еді. Яғни, Карлес Пучдемон секілді өңірлердегі көшбасшылардың қолдауына сүйенді.

Өздеріңізге мәлім, Каталонияның бұ­рын­ғы президенті К.Пучдемон 2017 жыл­ғы егемендік алу жөніндегі референдум­нан кейін қудалауға ұшыраған еді. Социалис­тік партияның көшбасшысы П.Санчес Катало­нияның 2017 жылғы тәуелсіздік жөніндегі референдумынан кейін қудалауға ұшыраған саясаткерлерге рақымшылық жасауды уәде етті. Нәти­жесінде, Социалистік партияның (PSOE) басшысы бірқатар өңірлік партия­мен келісімге келді. Сөйтіп, құрамына ката­лониялық және баск саясаткерлері кіретін «Sumar» (бірлік) деп аталатын блокпен коалиция жасасты.

Естеріңізге сала кетсек, Каталония тәуел­­сіздікке бірнеше рет талпыныс жаса­­ған. Мәселен, 2014 жылы аймақта тәуелсіз­дік алу жөнінде халықтық референдум өтті. Онда электораттың басым бөлігі Испа­ния­дан бөлінуге дауыс берді. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесуді» жөн көрді ме, бір жыл­дан кейін тағы бір мәрте референдум ұйым­дастырылып, қатысушының көбі еге­мендікті жариялауға келісімін бер­ді. Мәселе 2017 жылы ушықты. Өңірде жал­пыхалықтық референдум өтіп, дауыс бергендердің 90 пайызы азаттық алуды қолдады. Референдумға 5,3 млн электораттың 42,3 пайызы қатысып, 2,26 млн каталониялық тәуелсіздікті жақтап шықты. Сол кездегі Каталония президенті Карлес Пучдемон елдің егемендігін жариялаған. Бірақ Испания бұл шешімге қарсы келіп, референдум ұйымдастырғандарды қудалады.

Сарапшылардың пайымдауынша, Пире­ней түбегіндегі саяси дағдарыс кезінде П.Санчес әккілік таныта білді. Өйткені жаңа премьер-министрдің лауазымы бекітілмеген соң, Үкімет басшысы қызметін уақытша ат­қа­рушы ретінде мерзімінен бұрын парламент сайлауын шақырды. Бұл қадам «Ха­лық­тар партиясына» пат жасады. Яғни олар сай­­лауда жеңіске жеткенімен, министр­лер кабинетінің басшысын тағайындауға мүм­кіндігі жоқ.

А.Фейхооның жалғыз мүмкіндігі VOX партиясымен келісімге келу болатын. Алайда бұл тараппен келіссөз жүргізуге ұмтылуы көпшіліктің көңілінен шықпады. Өйткені VOX азшылық қауымның құқығын қорғау, олардың теңдігі мәселесіне қатысты заңға ашық қарсылық білдірген. Сол себепті халықтың да, мандат иеленген депутат­тардың да наразылығы көбейді.

40dB нарықты зерттеу фирмасының сая­си сарапшысы Карлос Домингестің айтуынша, Vox-тың гендерлік зорлық-зомбылық әрекеттерін айыптаудан бас тартуы социалистерді бұрыннан бері қолдайтын әйел сайлаушылардың П.Санчесті жақтауына жағдай жасады. Бірақ сайлаудағы жаңалық – социалистік блок басшысы жастардың көңілін таба білді.

Сайлау науқаны кезінде қарсыластары П.Сан­честің есімін бұзып айтып, «Perro Sanxe» (Төбет Санчес) атап кеткен. Мәселен, түрлі мем­­де оның басын иттің денесіне салып, қор­­­лай­тын сөздер жазған-ды. Үкімет басшы­сы мұн­дай мазақты кәдесіне жаратып, пайда­ла­­нып кетті. Өйткені оның жақтастары мұн­дай мемдерді жастар жиі көретінін түсінді. Сөй­­тіп, жастар көп тыңдайтын алаңдарды қол­­­данып, А.Санчес имиджін жақсартты. Атап айтқанда, «La Pija y la Quinqui» деп ата­ла­­­тын подкастқа барып, ашық әңгіме-дүкен құрды.

Оның үстіне «Халық партиясының» өкілі Альберто Нуньес Фейхоо қателік жасап алды. Ол өзін сайлауалды науқандағы деректерді бұрмалады деп айыптаған тележурналиспен сөзге келіп қалды. Сондай-ақ бірнеше жыл бұрынғы есірткі қабылдаған фотосы баспасөз бетінде таралып кетті.

Дегенмен Санчестің Каталонияның республикалық солшыл партиясын (ERC) және Каталонияның тәуелсіздігін қолдайтын орталық-оңшыл «Junts per Catalunya» партия­ларына рақымшылық жасау жөніндегі заң жобасы консерваторлардың наразылығын тудырды. Үкімет басшысының саяси көтері­ліске айыпталған каталондықтарды кешірім жасау шешімінен кейін мыңдаған адам Испания көшелеріне шығып, наразылық білдірді.

Германия канцлері Олаф Шольц X әлеу­мет­тік медиа платформасында Санчесті құт­тық­тады. «Бірге жұмыс істейтінімізді қуа­нышпен қабылдадым. Біздің әлемдегі қиын­дықтарға қатысты көзқарасымыз ұқсас», деді Шольц.

Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен Еуроодақ алдында тұрған маңызды міндеттерді шешу үшін жұмыс істеуді асыға күтетінін жеткізді. Сондай-ақ Украина президенті Владимир Зеленский де құттықтау жолдады.