Форум • 20 Қараша, 2023

Жастар форумы: Ұрпақтар сабақтастығы

152 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қырғызстанға сапары аясында Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан Парламенті Сенаты делегациясының мүшелері Қазақ-қырғыз жастары форумының ашылуына қатысты.

Жастар форумы: Ұрпақтар сабақтастығы

Форумда сөз сөйлеген Сенат төр­ағасы бауырлас екі халықтың қа­­рым-қатынасының тарихы те­рең­­нен тамыр тартатынын атап өтті. Сондай-ақ ол өзара байланыс­ты одан әрі арттырудың және ұр­пақ­­тар сабақтастығын сақтаудың ма­­ңы­з­ды екеніне айрықша назар аударды.

«Қазақ пен қырғыз – ежелден іргесі бөлінбеген, тарихы мен тағ­ды­ры байланысты ұлттар. Қазақстан Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев Қыр­ғызстан еліміз үшін одақ­тас қана емес, бауырлас мем­лекет екенін үнемі айтып келеді. Қырғыз елінің басшысы Садыр Жапаров та қыркүйек айында «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында: «Біздің тарихымыз бір, мәдениетіміз бір, ұранымыз бір» деген еді. Екі ел басшыларының бауырластық пен сенімге негізделген қарым-қаты­насы барлық сала бойынша ын­тымақтастықты бекемдеуге үл­кен серпін беріп отыр. Бұл ретте жас буын­ның, өскелең ұрпақтың өзара дос­тығын нығайту – біздің ортақ мін­детіміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төрағасы бүгінгідей геосаяси тұрақсыздық жағ­да­йында жұдырықтай жұмы­лып, сын-қатерлерді бірлесіп еңсерудің маңызды екенін айтты. Ол үшін ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан ортақ тарихты біліп қана қоймай, оны зерделеп, одан тағылым алу керектігін тілге тиек етті.

«Біздің ортақ тарихымызда өнеге ретінде көрсетуге тұратын тұлғалық, рухани-мәдени байланыстар аз болмағаны белгілі. Шоқан Уәлиханов қырғыздың атақты «Манас» жырын алғаш рет қағазға түсіріп, оның кеңі­нен танылуына себепші болды. Сүйін­бай мен Арыстанбек, Жам­был мен Тоқтағұл, Кенен мен Осман­құлдың байланысы да көпке мәлім. Егемен елдік жолында күрескен Алаш қайраткерлері мен қырғыз халқының атақты перзенттері Ишанғали Арабаев, Қасым Тыныстановтың достығы туралы айтпай кету мүмкін емес. Осы орайда қос елдің рухани алып­тары Мұхтар Әуезов пен Шың­­ғыс Айтматовтың аға-інілік қа­рым-қатынасы бәрімізге үлгі. Сон­дық­тан бауырлас екі халықтың өзара қарым-қатынасының тарихы тереңнен бастау алады. Баба­лары­мыздың осы жолын әрі қарай жал­ғастырып, келер ұрпаққа аманат ету бүгінгі жас буынның қастерлі борышы», деген Сенат спикері жас­тарға ақыл-кеңесін айтты.

Айта кетейік, Қазақ-қырғыз жастарының форумы екі елдегі жас буынның достығы мен бірлігін арттыру, олардың танысу­ларына және идеяларымен алмасуларына мүмкіндік беру, өскелең ұрпақтың түрлі саладағы жетістіктеріне қолдау көрсету мақсатымен ұйым­дастырылған. Осы жиында жас­тарды алаңдатқан өзекті мәсе­лелерді анықтау және оларды шешу бағытына да баса мән беріл­ді. Форумға 100-ге жуық жас қатысты. Олардың қатарында қоғам бел­сен­ділері, мемлекеттік қыз­мет­ші­лер, сарапшылар, Қазақстан мен Қыр­ғызстанның жастар және студенттер ұйымдарының өкілдері бар.

Қырғызстанға сапардың екін­ші күнінде Қазақстан Парла­менті­­нің делегациясы ТМД Пар­­ламент­аралық Ассамблея­сы­ның 56-шы пленарлық оты­ры­сына қатысты. Біздің депутаттар ТМД елдерінен келген әріптестерімен парламентаралық ынтымақтастықты нығайту, Дос­тастық елдерінің тілдерін дамыту сияқты өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ ТМД ПАА-ға қатысушы елдер Парламенттері ынтымақтастығының құқықтық базасын одан әрі нығайтуға арнал­ған бірқатар маңызды модель­дік заңды қарады. Олар сақ­тандыру, денсаулық сақтау, органика­лық өндіріс, түрлі секторларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларын қамтиды.

Сондай-ақ қазақстандық парламентшілер Шыңғыс Айт­матовтың 95 жылдығына арнал­ған халықаралық конферен­ция­ға қатысты. Жиын барысында Мәулен Әшімбаев ұлы жазу­шының шығармашылығын екі халықтың «алтын көпірі» деп атады. Сенат төрағасы алып тұл­ға әлемдік әдебиет тарихын­да гу­манизмнің және адамгер­ші­­лік құндылықтардың символы ре­тінде үлкен құрметке ие екені­­не назар аударды. Ш.Айт­матов­­тың шығармалары адам­ның ізгі қа­сиеттерін және тұлға­ның бақытқа, бостандық пен әділ­ет­тілікке деген ұмтылысын дәріптейді.

«Шыңғыс Айтматов – халық­аралық ауқымдағы жазушы және әлемдік әдебиеттің феномені. Оның шығармалары гуманизмнің, адами асыл қасиеттердің және адамгершіліктің жарқын көрінісі. Шыңғыс Төреқұлұлы көпшілікті алаңдатқан іргелі мәселелерді қозғап, әрдайым назар аударып отырды. Олар қазір де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әсіресе бүгінгідей моральдық құндылықтар құнсыз­данған, популизм, фейк, жалған дүниелер белең алған кезеңде олар­дың маңызы арта түскені анық», деді Палата спикері.

Сапар кезінде Мәулен Әшім­баев Қырғыз Республикасы Жо­горку кенешінің төрағасы Нұр­лан­бек Шә­киевпен және Тәжікстан Респуб­ликасының Оли мажлиси Мил­ли мажлисинің төрағасы Рус­та­­ми Эмомалимен екіжақты кез­де­су­­лер өткізді. Сұхбат бары­сын­­да парламентаралық қарым-қа­ты­настарды нығайту перспек­ти­ва­лары талқыланды. Сондай-ақ мә­дени-гуманитарлық, сауда-эконо­микалық және ин­вестициялық са­ладағы ынты­мақ­тастықты кеңей­ту мәселелері де сөз болды.

Өз кезегінде Қырғызстан және Тәжік­стан өкілдері Қазақстан Прези­дентінің бастамасымен іске асырылып жатқан әлеуметтік-эконом­икалық және саяси өзгеріс­тердің тиімділігіне назар аударып, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамуына Парламенттер тарапынан ықпал етудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ олар Мәулен Әшімбаевқа парламентаралық ынтымақтастықты қалыптастыру жолындағы бірлескен жұмыс үшін алғыс білдіріп, барлық бағыт бойынша өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделі екендерін жеткізді.