Мамандардың айтуынша, мұндай сұрапыл дауыл соңғы 20 жылда тіркелмеген. «Қазгидромет» РМК-ның жергілікті филиалы қатты желдің болатыны туралы алдын ала ескерткен. Айтса айтқандай, екпіндей соққан жел елді мекендердегі ағаштарды түбірімен құлатып, үйлер мен ғимараттардың шатырлары, төбе жабындарын ұшырып әкетті. Төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл түні 100-ден аса елді мекенде электр қуаты үзілген.
Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов атап өткендей, желдің салдарынан өңірде 83 әлеуметтік нысанға нұқсан келген. Оның 61-і – білім беру ұйымы. 63 көпқабатты үйдің төбе жабындары мен шатырлары, енді бірінің қабырға жапсырмалары зақымданған.
– Дауыл соққан түні облыстың электр жүйесінде 246 авариялық ажырату орын алды. Жалпы саны 70 мыңнан аса жеке үй, 6 мыңнан аса заңды тұлғалар қуат көзінен ажыратылды. Қалпына келтіру жұмыстары шұғыл жүргізіліп, басым бөлігінде жағдай реттелді. Қазіргі уақытта 4 аудандағы 28 ауыл әлі де жарықсыз отыр. Сұрапыл жел үлкен электр бағандарын құлатқан. Тіпті Баянауыл ауданы орталығында 50 жыл мызғымай тұрған стелланы сұлатып түсірген. 3 қала мен 6 аудан бүгін табиғи
сипаттағы төтенше жағдай режімін жариялады. Ол бір тәулік ішінде күшіне еніп, ертеңнен бастап ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары басталады. Ал мүліктік зардап шеккен азаматтардың шығыны арнайы қағида бойынша жергілікті атқарушы биліктің қарастыруымен 30 тәуілік ішінде өтелуі керек. Айтып өтейік, Ертіс, Железин, Ақтоғай, Тереңкөл аудандарының инфрақұрылымы табиғаттың бұл тосын құбылысынан аман қалды, – деді ол.
Бұл түні Павлодар қаласына қарасты ауылдардың энергиялық жүйесі көп зардап шекті. Электр жүйесінде ақау шыққандықтан облыс орталығындағы көптеген тұрғын үйде жылу біраз уақыт жоғалып кетті. Жылумен қамту мекемесінің ақпарына сенсек, қорек көзінен үзілген жылу сорғылары біраз уақытқа тоқтап қалған. Бұған қоса көшелердегі жарнамалық конструкциялар, бағдаршамдар, ондаған автобус аялдамалары желдің екпінімен қирады. Үй аулалары мен көшелерде құлаған ағаштардың салдарынан ондаған жеңіл көлік зақымданған.
Ал Екібастұз қаласында бұл түні екпіндей соққан жел жылу беру жүйесін тоқтатып тастады. Екібастұз ЖЭО-дағы электр қуатымен қамту жүйесіне зақым келіп, орталықтағы негізгі және резервтік шағын стансалар істен шыққан. ЖЭО-дағы негізгі жабдықтар электр энергиясы есебінен жұмыс істейтіндіктен мұндағы жылу қазандықтары да тоқтаған. Тек таңғы сағат бестер шамасында ғана стансадағы ақаулықтар жойылып, қазандықтар таңертең іске қосылды. Соңғы екі күнде көмірлі шаһардың жылу жүйесіндегі параметрлер реттеліп, жылумен қамту қайта тұрақтанды.
Айтып өтейік, өңірдегі дауылдың салдарын жоюға қатысты қазіргі уақытта төтенше жағдай штабы құрылып, жедел желі жұмыс істеуде. Азаматтық қорғау қызметінің күштері мен құралдарын пайдалана отырып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Павлодар облысы