Форумда бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі туралы әңгімелер мен пікірлер ортаға салынды. «Арбаның алдыңғы доңғалағы қайда жүрсе, соңғысы сонда жүреді» дегендей, әкенің мінезі, дағдысы бала бойына сіңірілетіні туралы дәлелдер айтылды.
«Егер әке мәдениетті болып, өзін рухани бай тұлға ретінде көрсете білсе, баланың бойына да сол үлгі егіледі. Сыртқы күш пен ортаның әсері қанша күшті болса да, бала алдымен өзі жақсы көретін әкенің қасиетін бойына еріксіз сіңіреді», деді форумда сөз сөйлеген байырғы ұстаз, қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Жангелді Тәжин.
Жалпы, жиынның мақсаты – қоғамда ата-ананың, әкенің беделі мен белсенділігін арттыру, бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту, отбасы құндылықтарын насихаттау, бала құқығы, білімі, денсаулығы, қауіпсіздігі сияқты өзекті мәселелерді талқылау. Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Назір Жәшібеков, «Сенімен болашақ» РҚБ құрылтайшысы Нұркен Асанов, ардагер ұстаз, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің психологиялық қызметінің басшысы Павел Моисеев, Әкелер одағы облыстық филиалының төрағасы Евгений Максимов, Ұлттық ұлан академиясының моральдық-психологиялық қамтамасыз ету циклінің бастығы, полковник Архат Тәттімбетов қатысып, сөз сөйледі. Сонымен бірге белсенді әкелер, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, облыстық білім беру ұйымдарының ата-аналар комитеті мен қамқоршылық кеңес мүшелері, психологтер мен педагогтер, заңгерлер, БАҚ өкілдері болды. Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ескендір Елеусізов те бала тәрбиесіндегі әкелер рөліне тоқталып өтті.
Былтыр «Сенімен болашақ» РҚБ облыстық білім басқармасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған еді. Форум осы ынтымақтастық жұмыстар аясында бірлесіп өткізілді. Іс-шараның екінші бөлімінде жас әкелерге арналған семинар-тренинг ұйымдастырылды. Облыстағы білікті психолог мамандар «Баланың өміріндегі – әке: оның рөлі мен әсері» атты секцияда бөлініп дәріс оқыды. Іс-шараны «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов ашып, жүргізіп отырды. Жиын барысында қаладағы Ермек Серкебаев атындағы дарынды балаларға арналған мектеп пен облыстық филармонияның өнерпаздары музыкалық қолдаулар көрсетті. Осының өзі жайшылықта тек сөз айтылатын қалыпты конференциялардан ерекше болып, тыңдармандарды шаршатпай, сергек отыруына сеп болды. Іс-шараға облыстың қоғам белсенділері, қала мектептерінің мұғалімдері, университет пен колледж оқытушылары, ата-аналар, студенттер мен оқушылар қатысты.
Петропавл