Аймақтар • 21 Қараша, 2023

Ұтымды жолды таңдаған Ұлытау

178 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кеңінен баяндап, журналистер тарапынан қойылған бірнеше сұраққа жауап берді.

Ұтымды жолды таңдаған Ұлытау

Облыс экономикасының да­му векторын айқындайтын – өнер­кәсіп саласы. Оның жалпы аймақтық өнімдегі (ЖАӨ) үлесі 60%-дан асады екен. Жан басына шаққандағы ЖАӨ кө­лемі республикадағы жоға­ры көрсеткіштердің бірі және 3,4 млн теңгені құрайды. Бұл – орташа республикалық деңгейден 29,6%-ға жоғары.

 «Он ай ішінде өнеркәсіптік өндірістің 3,4%-ға төмендеуі де байқалды. Бұл тамыз айын­да Жезқазған мыс балқыту зауы­тының кен термиялық пешін күрделі жөндеуге тоқ­татуымен байланысты. Жалпы, мыс бал­қыту зауы­тының үлесі бар­лық өнді­рістің 63%-ын, ал «Қа­зақмыс компаниялар тобы» өнер­кәсіптік өндірістің 72%-ын құрайды. Қазіргі кезде мыс­тың тоннасының бағасы – 8 265 АҚШ доллары. Баға өткен жылдың сәйкес ке­зеңімен салыстырғанда 5%-ға өсті», деді Б.Әбдіғалиұлы.

Егер басқа да әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталсақ, өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру – 54%-ға, не­гіз­гі капиталға инвестиция­лар – 22%-ға, көлік пен сау­да саласындағы көрсеткіш 4%-ға өскені байқалады. Орташа айлық жалақы 471 300 теңгеге дейін өскен. Бұл орташа республикалық деңгейден 1,3 есе жоғары. Жыл қорытындысы бойынша облыста негізгі көр­сет­кіштер бойынша оң динамика күтіледі. Алға қойған мін­деттерге қол жеткізудің не­гізгі жолының бірі – өңір­дің қаржылық өзін-өзі қам­тамасыз етуі. Бүгінгі таң­да облыстық бюджет 144,5 млрд теңгені құ­райды. Са­лық базасын кеңей­ту және республикалық бюджеттен трансферттерді тарту ар­қылы көрсеткіштер бас­тап­қы бекітілген бюджетпен салыстырғанда 28%-ға өскен. Бұл ретте биыл облыс табысы өз кірістерімен 36 млрд тең­геден 46,5 млрд теңгеге де­йін ұлғайған.

«Жыл басынан бері бюджетке «Қа­зақмыс» компаниялары тобы­нан келетін түсім 116 млрд теңгеден астам соманы құрады. Жыл соңына дейін 140 млрд теңге түсім болады деген болжам бар. Осы соманың 71%-ы республикалық бюджетке жіберіледі. Облыс аумағында осы жылы 10,8 млрд, ал келесі жылы ша­­мамен 80 млрд теңге қаражатпен бірқатар жобалар (Жезқазған – Қызылорда, Жезқазған – Қарағанды жолдарын жөндеу, Үйтас – Айдос су құбырын тарту) іске асырылады. Ал 2024 жылға арналған бюджет жобасы 146 млрд теңге көлемінде қалыптастырылды, бұл осы жылға бастапқы бекі­тілген бюджеттен 1,3 есе ар­тық», деді облыс әкімі.

Инвестиция ағынын арт­ты­руға мүмкіндік беретін те­­тік­тердің бірі бесжылдық мерзімге арналған Кешенді даму жоспарын қабылдау болды. Оны іске асыру бас­талғаннан бері облыс экономикасына 247 млрд теңге тартылған. 2027 жылға қарай экономикаға 1,4 трлн теңге, оның ішінде 1,2 трлн теңге жеке инвестиция тартылады екен.

 «Егер экономиканың өнер­кәсіптік секторына тоқталсақ, тазартылған мыс өндірісінде шамалы төмендеудің болуы­на қарамастан, ағаш бұйым­дары өндірісінің – 5,5, то­қыма бұйым­дары өнді­рі­сінің – 2, сусындар өнді­рі­сінің – 2,5, электр жаб­дықтары өндірісінің 2,6 есе өсуі байқалады. Бұл өңір экономикасының біртіндеп әртараптандырылуын және өнеркәсіп өндірісінің осы салаларын дамытудың әлеуетін көрсетеді. Өздеріңізге мәлім, экономиканы әртарап­тан­дыру бағыттарының бірі – инвестициялық қызмет», деп сөзін жалғады өңір басшысы.

Негізгі капиталға инвестиция салу 1,2 есеге өсіп, 153 млрд теңгені құрапты. Қуат­тылығы жылына 20 млн дана кірпіш шығаратын кірпіш зауыты іске қосылған. Бұл әке­лінетін құрылыс өнімін 20%-ға төмендетуге мүмкіндік берген. Қазір инвестиция көлемі 10 млрд теңгеден асатын 3 жобаны іске асыру жалғасып жатыр. 2027 жылға дейін 2000 жаңа жұмыс орнын құрудың арқасында 760 млрд теңге сомасына 15 инвестициялық жобадан тұратын пул қалып­тастырылды. Ол агроөнер­кәсіптік қызмет саласында және электр энергиясының жа­ңартылатын көздерін дамыту сияқты жаңа жобалармен тартымды болады. Мәселен, өңір аумағында алдағы 2-3 жылда жел электр стан­салары мұнараларының металл конструкцияларын шығаратын зауыт салынады. Өткен айда «SinoHydro» ірі холдингімен тиісті мемо­рандумға қол қо­йылған.

«Статистикаға сүйенсек, логистика шығындары жоғары және ірі агроқұрылымдардың жоқты­ғынан еліміздегі әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларына ең жоғары баға­лардың бірі бізде. Облыс өзін тек үш өнім түрімен ғана қамтамасыз етеді (ет, ұн, нан). Қалған азық-түлік түрлері көрші өңірлерден әкелінеді. Осыған байланыс­ты агроөнеркәсіптік кешен саласында 230-дан астам жаңа жұмыс орнын құрып, жалпы құны 7 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жобаны іске асырамыз», деді Б.Әбдіғалиұлы.

Бұл жобаларды жүзеге асыру ішкі нарықты құс етімен, сүт өнімдерімен, картоппен және көкөніс өнімдерімен 30%-ға қамта­масыз етеді. Сондай-ақ өңір­дегі бағаның өсуін шектеп, өңірлік Тұрақтандыру қоры құрылып, 4,5 мың тоннадан астам өнім сатып алуға 1,6 млрд теңге бөлінген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бо­йынша жылдық 2,5% жеңіл­дікпен несие беруге 3,3 млрд теңге бөлініп, 415 өтінім қабылданыпты. Оның 1,3 млрд теңге болатын 162-сі ма­құлданды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша 802 млн теңгеге 62 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен қондырмалары сатып алын­ған.

Әкімнің айтуынша, шағын және орта бизнесті (ШОБ) да­мыту – әкімдік қызметінің басым бағыттарының бірі. Мы­са­лы, ШОБ субъектілері жыл басынан 1,4 есе өсіммен 93 млрд тең­геге өнім шығарды. Жұмыс істеп тұрған субъек­тілер саны 1,2 есеге ұлғайып, 19 мың бір­лікті құраған. Нәтижесінде, жұ­мыспен қамтылғандар саны да 15%-ға артып, 32 мың адамға жеткен. Кәсіпкерлікті дамы­ту жөніндегі ұлттық жоба аясында құны 7,4 млрд теңге болатын 250 жобаға қолдау көрсетіліпті. Бастапқы бизнесті іске асыру үшін кә­сіп­керлер жалпы сомасы 600 млн теңгеге жуық қай­тарымсыз мемлекеттік грант­­тар алыпты.

«Логистикалық пробле­ма­ларға қарамастан, 6 айда туристер санының 7%-ға өс­кенін байқадық. Өңірге келген шетелдіктер саны 2 есеге жуық артты. Қонақүйлер қызметтерінің көлемі 240 млн теңгеге дейін ұлғайды. 2024 жылы Жезқазған қаласында құны 1,5 млрд теңге болатын жалпы сыйымдылығы 100 орындық 2 қонақүйді іске қосу жоспарда тұр. Келесі жылы «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне дейінгі жаңа жолдың құрылысы аяқ­талады», деді ол.

«Жайлы мектеп» бағдар­ла­масы аясында 2 жылда 25,6 млрд теңгеге 3 600 орын­­дық 6 мектеп салынады. Жезқазған және Сәтбаев қала­­ларында 320 орындық балабақшалар құрылысы аяқ­талып жатыр. Ағымдағы жыл­дың та­мыз айында техни­калық мамандықтардағы кадр­лық әлеуетті күшейтуге мүм­кіндік беретін «Ұлытау техникалық университетін» ашу туралы Үкіметтің қаулысы қабыл­дан­ды. Ал денсаулық сақтау саласында оң динамика бар. Халықтың табиғи өсімі 1%-ды құрап, өлім-жітім 3%-ға төмендеген.

«Ауылдық денсаулық сақ­тауды жаңғырту» және «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында 2 жыл ішінде 25 ден­саулық сақтау нысаны салынады тағы 8 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2024 жылға 4 нысан қаралған. Алғаш рет жаңадан келген медицина қызметкерлеріне, әрқайсысына 5 млн теңгеден көтермеақы төлеу мәселесі шешілді», деді облыс әкімі.

Сондай-ақ әкім Жезқаз­ғанға облыс орталығы мәрте­бесін беру оның аумағын жос­парлау мен дамытуға жаңа көзқарасты талап ете­тіндігіне арнайы тоқталды. Қазір бас жоспардың жобасы әзірленген. Тұжырымдама бойынша 2037 жылға қарай қала 145 мың адамнан тұ­ратын жаңа экономикалық және туристік орталыққа ай­­на­лады деп жос­парланып отыр­­ғандығын да жария етті.