Әдебиет • 21 Қараша, 2023

Кофе және әдебиет 11

171 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейде таңғы кофеңді ішіп отырып, әдебиетке ақын атанып келген Гогольдің алғашқы өлеңдері сынға ұшырап, оларды көз көрместей қылып отқа жаққан қаламгердің «Ревизорды» жазарына сол уақытта ешкім нанбағанына таңғаласың. Қуаты сұмдық құбылыстың алғашқы қадамы түкке тұрғысыз болғанын қазір ешкім сенбес.

Кофе және әдебиет 11

Ал Чехов ақсақалдың ерек­ше ықыласын алған («Толстойдан ғана қорқамын. Ойлап қараңыз­шы, Аннаның қараңғыда көзінің жарқылын сезіп, көргенін жазған сол емес пе?!») Лев Толстойдың алғаш жазған «Балалық шақ» повесінен оның шебер суреткер­лігі бірден сезіліп, осы қарқыннан «Соғыс және бейбітшілік» жазылары байқалғандай.

Француз әдебиетіне әлемдік шығармалар сыйлаған Оноре де Бальзактың да әдеби дебюті саналатын «Шуандар» тарихи романы айтарлықтай сынға ілікпеді. Сәтті қадамның жалғасы авторды әдеби үдеріске жаңаша қалыппен, тың серпінмен, кең тыныспен кел­ген «Адамзат комедиясы» («Че­ловеческая комедия») эпопеясына алып келді. Әйгілі «Шал мен теңіз» повесінің авторы Эрнест Хемингуэй болса, алғаш рет ерте­гі жазып, жазушылық қабілетін шыңдағанын білеміз. Ал түрік әдебиетінің классигі Орхан Памук шығармашылықтағы қадамын «Джевдет-бей мен оның балалары» («Джевдет-бей и сыновья», 1979) романымен аттап, осы күнге дейін талай сүйекті туынды жазды.

Қазақ әдебиеті қоржынына мол мұра қалдырған Мұхтар Әуезовті, әлем халқы демей-ақ қояйық, өз оқырмандарымыз «Абай жолы» роман-эпопеясымен ғана таниды. Бұл – шындық. Өйткені қазір қоғамның әдеби сауаты, тек осы деңгейде тұр. Жиырма бір жасында «Еңлік-Кебек» пьесасымен дүйім жұртты дүрліктірген жазушы қаламынан «Қорғансыз­дың күнінен» бастап қаншама көр­кем шығарма туғаны мәлім. Бірақ ­кі­тап оқудан алыс кей көз­қарастар­­ға сүйенсек, Әуезов «Абай жолы­нан» басқа ештеңе жазбаған сияқты. Халыққа Аян образы­мен жақсы таныс Сайын Мұратбе­ков оқушыларының Сайын деген­де жаңылыспай ай­тар шығарма­сы, әрине, «Жусан иісі». Ал Берді­­бек Соқпақбаев есі­мін жұрт жа­дында жаттатқыз­ған «Менің атым Қожа» екеніне ешкім дау тудыра алмас, сірә. Ал белгілі автор Баққожа Мұқай әдеби ортада «Өмірзаясымен» із қалдырды. Бұдан басқа да бар шығармашылығы бір ғана туын­дысымен танылған авторлар көп. Қаламгердің жылдар бойғы «тәтті тамұғын», төккен тері мен көрген бейнетінің өтемін бір шы­ғармасымен өлшеп жүрген оқыр­манның, тіпті қоғамның санасы саңылау ма деген ой келеді.

Иә, әдебиеттің жазылмаған ережесі әдебиетте сот жоқ. Сүбелі сөз бен жүйрік ой жарысында автор мен оның шығармасына кейде әділ, кейде асқақ билік айтып, төрелік етер күш – қоғам мен уақыт қана. Кімнің кітабы көп оқы­лып, кімнің аты аңызға айна­ларын, яки кімнің шығармасы кітапхана жертөлесінде шаң басып қаларын шешетін осы екі күш. Ол шешімнің әділ боларына да кепілдік жоқ. Әдебиетте оған да мысал жетерлік.

Адам баласының жарық дү­ниеде ешкімге ұқсамайтын өмір сүріп, игі һәм ұлы істерге барып, қай арнадан бастау алғаны белгісіз тарих көшінде өз ізін қалдырғысы келетіні қалыпты жағдай деп біле­міз. Тек әрбіріміздің бұл тілегіміз орындалмайтыны тағы аян. Осы ақиқатты әдебиетке салар болсақ, қалам ұстаған әр жазушы тарих­та қалуды мақсат тұтпаса да соған мүмкіндігі жетіп-ақ тұр. Қалам­гер есімі мен қолтаңбасын ке­лер ұрпаққа жеткізетін және жазу­шы­ның әдебиетте жүруін құқылы етер бірден-бір құжаты – біз сезі­ніп көрмеген азаптан туған шы­ғармасы. Қазақ әдебиетінің классиктері мен ағылшындағы Шекспир, француздағы Бальзак, үндідегі Тагор, орыстағы Толстой есімдерінің бүгінгі күнге жаңғыра жетуі сөзімізді растайды.

Рухани аштыққа аяқ басқан қоғам, күн мен түнді ұршықша иірген уақыт қаламгердің еңбе­гін әрқашан бағалай бермейтіні­не бүгінде көзіміз жетті. Психоло­гия­сы терең һәм динамикасы жақ­сы қандай шығарма болса да сол дәуірдің халқы, әдеби ортасы мен уақыты назарға алып, сүз­гі­ден өткізбеген соң шығарма да, оның иесі де кейінгі ұрпаққа бей­мәлім күйде қала бермек. Шын та­ланттың құм астында қалуы ғасырлық өкі­нішке пара-пар емес пе?!