Аймақтар • 22 Қараша, 2023

Бесқауғадағы қайғылы оқиға

316 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бесқауға ауылында болған сұм­дық оқиға ел-жұрттың қабыр­ға­сын қайыстырды. Өткен аптада­ із-түзсіз жоғалып кетті делінген 7 жастағы Милана Давыдованы өз ­анасы айуандықпен өлтіргені мәлім болды. Полиция бұл істің мән-жайын анықтап жатыр.

Бесқауғадағы қайғылы оқиға

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Екібастұздан 55 шақырым жерде орна­ласқан Бесқауға ауылында тұратын жеткін­шек­тің жоғалғаны туралы хабар алғаш 17 қараша күні кешкілік полицияда тіркеледі. Мила­наның анасы ішкі істер органдарына өзі хабарласып, қызын іздеп табуды өтінген. Бұл күні тек Екібастұз аумағында ғана емес, тұтас облыста дабыл қағылып, полицияның жеке құрамы мен құтқарушылар іздеуге кі­рісті. Баланың жоғалғаны туралы ақпарат жер­гі­лікті чаттар арқылы тарап, іздеуге еріктілер мен жеке азаматтар да жұмылды. Олардың саны жексенбі күні 400 адамнан асқан.

Анасы полицейлерге айт­қан­дай, ол балаларын жинап, алыс фермада мал бағып жүрген күйеуіне бармақшы болғанда Милана үйден қашып кеткен. Содан қызын жоғалтқан-мыс. Алайда тәртіп сақшылары мен еріктілер төңіректің бәрін түгел тінтіп, қарамаған жерлері жоқ. Әкесі Александр Колчин де бірдеңеден сезіктенді ме: «Қызымды жер жұтып кетпесе, осы уақытқа дейін табылатындай болды ғой. Қаншама адам көмектесуге келіп жатыр. Бәлкім әлдебіреулер ұрлап кеткен болар. Бұған дейін осындай қылық танытып, үйден кетіп қалғаны бар еді. Алайда дәл мұндай екі тәулік бойы жоғалып кетуі мүмкін емес», деген еді жексенбі күні таңертеңгілік.

Милананы іздестіру 3 тәулікке жуық жалғасты. Бірақ іздестіру топтары қызды табуға айғақ болатындай ештеңеге кезіге алмады. Ақыры полицейлер анасында бір гәптің барын сезді ме, оны қайта-қайта жауапқа тартқан. Жеткіншектің белгісіз себеппен жоғалып кетуінің мән-жайлары біртіндеп анықталып, оқиғаның желісі айқындала бастады. Нәтижесінде, анасы баласын өз қолымен өлтіргенін мойындады. Тәртіп сақшыларына берген жауабында ол қызын байқамай қатты соғып жібергенін, соның салдарынан бейкүнә жеткіншектің тіл тартпай кеткенін баяндаған. Ал ауылда тұратын танысы Милананың мүрдесін жасыруға көмектескен.

«Кәмелетке толмаған баланы өлтірді деген күдікпен полиция қызметкерлері қылмыстың ізін жасырған анасы мен оның танысын ұстады. Ұсталғандар қылмысын мойындады. Адам өлтіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі негізінде сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оқиға орнында мамандандырылған топ жұмыс істеуде. Павлодар облысы полиция департаментінің, прокуратураның және өңір әкімдігінің басшылықтары бар», деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.

Жұрт арасында қазіргі уақытта Милананың анасына қатысты түрлі әңгіме желдей есіп тұр. Танитындар оның психикасында ақау бар, ондай болмағанда өз баласын өлтіруге бармас еді деп ақтауға тырысады. Енді біреулер қызы анасының әлдебір қылықтарын әкесіне айтуға талпынғаны үшін соққы алып, жантәсілім етті деп есептейді. Бауыр еті баласын өз қолымен өлтірді дегенге көп адамдардың сенгісі жоқ. Оқиғаның шынайы себеп-салдарын алдағы уақытта полицейлер анықтай жатар.

Милананы іздестіру іс-шараларына елмен бірге жұмылған облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай: «Болған оқиға қабырғамызды қайыстырды», дейді. «Бесқауға ауылына барып, кішкентай Милананы іздеу жұмыстарына шама-шарқымызша атсалысуға тырысқан едік. Амал нешік... Соңы қайғылы аяқталарын кім білген? Өкінішке қарай, қоғамда ішкілікке салынған, тұрмысы төмен отбасылар аз емес. Біз осындай жайсыз шаңырақтардағы балалардың болашағына мұқият болуымыз керек. Жергілікті атқарушы билік, жауапты мекемелер, мектеп, қоғам өкілдері тарапынан жан-жақты бақылауды күшейткен жөн. Облыс бойынша жайсыз ортада тәрбиеленіп жатқан балаларды анықтап, арнайы мониторинг жасалуға тиіс. Тұрмысы төмен отбасылардағы балалар мен олардың ата-аналарына қатысты да психологиялық кө­мекті күшейту қажет деп есептеймін. Қо­ғам болып осындай отбасыларға қолдау көр­се­тудің жолдарын қарастырған жөн», дейді ол.

Дүйсенбі күні Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Милананың өліміне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, биыл елімізде 25 бала көз жұмса, оның 6-ауы жақын адамдарының қолынан қаза тапқан. «Кісі қолынан мерт болған 7 жасар қыз табылды. Алдын ала болжам бойынша күдікті ретінде ұсталған баланың анасы кінәсін мо­йындады. Бұл отбасының өзге балалары арнайы орта­лық­қа орналастырылады», деп мәлімдеді Д.Зәкиева. Ол мұндай ауыр зардаптар көбіне келеңсіздіктің, ішімдіктің, отбасындағы зорлық-зомбылықтың салдарынан туындап жататынын айтады.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз ауылдық аймағы