Қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, сотта әлгі төрт азаматтың ісі Қылмыстық кодекстің 125-бабының 1, 2, 3-тармақтары бойынша, яғни «Алдын ала сөз байласқан адамдар тобының күш қолдана отырып адам ұрлауы, өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолдануы» және кодекстің 191, 194-баптары бойынша қаралған. Қылмыстық тергеп-тексеру іс-шараларының материалдарына сүйенсек, сотталғандар өткен жылдың қараша айында зардап шегушіні ұрлап әкетіп, көлік гаражына апарған. Ол жерде ұрып-соғып, күш көрсетіп: «Пәтеріңді, автокөлігіңді және 2 млн теңгені бізге бермесең, өміріңмен қоштасасың», деп қорқытқан. Сол күні қылмыстық оқиғаға қатысқандардың үшеуі зардап шеккен азаматтың әйеліне барып, күйеуін ұрып-соғу сәтінен түсірген бейнежазбаны көрсетеді. Сөйтеді де: «Егер пәтер мен автокөлікті, қомақты мөлшерде ақша бермесең, жазбаны таратамыз», деп қорқытқан. Адам ұрлаған топ мүшелері әлгі бейнежазба ер азаматтың абырой-беделіне зор нұқсан келтіреді деп есептесе керек, екі күннен кейін олар жазбаны таратпау үшін тіпті 7 млн теңге сұраған. Бұл іс бойынша ұрланған азаматтан бөлек тағы екі адам зардап шеккен.
Прокурор сотта барлық төрт айыпталушыны бас бостандығынан айыруды сұрады. Олар өз кінәларын толық мойындады. Қылмыстық іс ауыр қылмыстар санатына жататындықтан, Қылмыстық кодексте 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Жасалған қылмыстық әрекеттердің барлығы зардап шегушілермен, куәгер азаматтармен, сот сараптамасының қорытындыларымен, өзге де сот айғақтарымен дәлелденді. Жасалған барлық қылмысты есепке ала отырып, сот айыптаушылардың екеуін 8 жылға кесті. Үшінші айыпталушы 7 жыл 4 айға, төртіншісі 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ зардап шегуші қос азамат жалған айғақтар бергені үшін сот оларға қатысты жеке қаулы шығарып, құжат Павлодар облысының прокуратурасына жөнелтілді.
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы