Қоғам • 22 Қараша, 2023

Немересі атасын тонап кетті

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында  екі жасөспірім қарияның үйіне кіріп тонап кеткен. Ұсталған күдіктінің бірі жәбірленушінің немересі болып шықты, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Немересі атасын тонап кетті

Фото: Polisia.kz

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы, Приурал полиция бөлімінің кезекшісіне әйел адам қоңырау шалып,  қарт әкесін тонап кеткенін хабарлаған.   «Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы мен учаскелік полиция инспекторы жіберілді. Дабыл бойынша полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Оқиға орнына бара жатқан жолда учаскелік полиция инспекторы жол бойында екі жігітті байқайды, бірақ жігіттер полиция қызметкерінің оларға қарай бет алғанын байқап, қашып кетеді. Алайда полиция қызметкері біреуін танып үлгереді. Оқиға орнына жеткен полицейлер тексеру жұмыстарын жүргізу барысында белгісіз екі жігіттің егде жастағы ерлі-зайыптылар тұратын үйге кіріп, ер адамға дене жарақатын салып, оны тонап, 190 мың теңге көлеміндегі ақшасын ұрлап кеткенін анықтады. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлері 18 және 17 жастағы екі жігітті Дариян ауылында қолға түсірді. Оның бірі жәбірленушінің өз немересі болып шықты», делінген ақпаратта.

Немересі досымен бірге атасы тұрған үйге келіп терезеден ішке енген. Күдіктілер қарияны құлатып қалтасындағы қомақты қаражатын алып кеткен.  Жәбірленушінің немересіне еріп келген күдіктінің қалтасынан тапанша мен жиналмалы пышақ табылған.  Бәйтерек аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалған екеудің үстінен ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігі (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.