Өндіріс • 23 Қараша, 2023

Уран дипломатиясы: Ойын ережесінде қолтаңбамыз қала ма?

226 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Еліміздің уран өндіруде көшбасшы екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Бірақ әлемдік уран қорындағы біздің үлес қомақты болса­ да, ойын ережесін анықтайтын елдердің қатарында емеспіз. Шикізаттық бағытқа негізделген экономика­ үніміз бен мүмкіндігімізді тұншықтырып жатыр.

Уран дипломатиясы: Ойын ережесінде қолтаңбамыз қала ма?

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Уран өңделгеннен кейін ғана құнды­лыққа ие екені белгілі. Бұл шикізат байы­тыл­ғаннан кейін зымыран отынына немесе отын брикеттеріне айналады. Сол үшін де инфрақұрылым қажет, ал біз ол жағынан ұят­тымыз. Уран дип­ло­матиясының құла­­ғында отырған ел­дер­дің қатарында Қытай, Ресей және Фран­ция­ның аты ата­лады. Азияның, оның ішіндегі уран сегментіндегі жағдайдың барысын сол елдердің ұстанымдары айқындайды.

Өткен аптада табиғи уранның фью­черс­­­тік бағасы 74 АҚШ долларынан асып жығыл­ғаны айтылды. Бұл – 2008 жылдың сәуірінен бергі ең жоғары көрсеткіш. Қазіргі баға 2011 жылғы «Фукусима-1» атом электр стансасындағы апатқа дейін сақталған деңгейден асып кеткенін сарап­шы­лар бағамдап отыр.

2021-2022 жылдардан бері спот бағалары өсе бастады. Баға 2023 жылдың соңына дейін құбылмалы болатынын, ал 2024 жылы бір фунт үшін 80 долларға жетуі мүмкін. Егер АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі экономиканы ынталандыру саясатына қайта оралса, баға 120 доллардан асады, мөлшерлеме жоғары болса, баға 60-70 долларға дейін төмендеуі ықтимал. Энергетикалық дағдарыс жағ­дайында уранға деген сұраныстың өсе бере­тіні белгілі. АҚШ немесе Жапония атом электр стансаларын жабу туралы айтып жатқан жоқ. Қытай жаңа қуаттарды іске қосуды жоспарлап отыр, ал Жапонияда атом электр стансалары қайта іске қосылмақ. Олардың бәріне отын керек. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, алдағы жарты ғасырда уранға сұраныс кемінде жыл сайын 3,5%-ға өседі.

Дүниежүзілік ядролық қауымдас­тық­тың (WNA) мәліметі бойынша 2021 жылы уранға әлемдік сұраныс 62 мың тоннадан сәл ғана асты. Тіпті әдеттегі сценарий бо­йынша 2030 жылға қарай бұл көрсеткіштер жылына 80 мың тоннаға дейін жетеді. Сұраныстың қазіргі деңгейі 2040 жылға дейін жалғасады.

Қазақстан он үш жыл бойы уран өндіру және экспорттау бойынша бірінші орында. Ал экономистердің болжауынша, ел алда­ғы бірнеше жылда бұл ұстанымын сақ­тайды. Біздің уран Еуропа елдеріне, АҚШ-қа, Қытайға, Үндістанға, Ресейге жөнел­тіледі.

Жалпы, уран отынының нарығы өте ерекше және өзіндік бөлек ережелермен реттелетінін сарапшылардың бәрі айтады.

Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, уран жеткізу келісімшарттарының көпшілігі ұзақ мерзімге жасалған, басқаша айтқанда, біздің қатысуымызсыз жасалған. КСРО ыдыраған кезде Қазақстанда толық­қанды ядролық отын циклі болған жоқ: уранды өндіргенмен, конверсияның мүмкіндігін шектеп тастадық. Қысқасы, уран өндіру мен түпкілікті өнім өндіру арасында ешқандай байланыс болған жоқ. Ал қазір тек қана ресейлік компанияларды емес, Батыс елдерін де отынмен қамтамасыз ету үшін толыққанды логистикалық тізбек керек. Бұл да бізге әзірге мүмкін болмай тұр. Әзірге табиғат берген байлықты шикідей сатудың ғана тілін таптық.

Нарықтағы қазіргі баға тек түзетуші сипатқа ғана ие екен. «Тағы да қайталап айтамын. Тек ірі компаниялар ғана ұзақ­мерзімді келісімшарттар жасай алады. Олардың нарықтағы орны ерекше, сон­дық­тан олар бағаны белгілей алады», дейді сарапшы.

Сарапшылар уран тапшылығын сезетін кез жақындап қалғанын көптен айтып келеді. МАГАТЭ уран қорын жасап алу қажеттігін айта бастады. 2017 жылы біздің елде төмен байытылған уран банкін ашты. Ол Өскеменде Үлбі металлургиялық зауытында орналасқан. Сарапшы айтып өткендей, банк МАГАТЭ-нің меншігі болғанмен, резервтердің сақталуына біздің ел жауап береді. Республикада уран кені алты облыста өндіріледі. Негізгі үлес Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарына тиеді.

2021 жылы Қазақстанда уран өндіру көлемі 21,8 мың тоннаны, 2022 жылдың соңында 21,3 мың тоннаны құрады. Дүние­жүзілік ядролық қауымдастықтың мәліме­тінше, уран сатуда біз барлық бәсе­ке­­лес­і­мізден озып кетіппіз. Салыс­тыр­сақ, 2022 жылы Канадада – 7,4 мың тонна, Намибияда – 5,6 мың тонна, Аустралияда – 4,6 мың тонна, Өзбекстанда – 3,3 мың тонна, Ресейде – 2,5 мың тонна, Нигерде – 2 мың тонна, Қытайда – 1,7 мың тонна уран өндірілген.

Бұл деректер біздің өнімдеріміздің дүние жүзінде сұранысқа ие екенін көрсе­те­ді.

А.Чукиннің сөзінше, жер қойнауын­да­ғы уранның әлемдік қоры 6 миллион тонна­дан асады. Бұл көлемнің 15 пайызы – біздің үлесімізде. Елімізге уран державасы ретінде ядролық отын нарығындағы ықпалымызды күшейтуге мүмкіндік бере­тін­ кез енді келді.

Украинадағы соғыс басталғалы бері «Қазатомөнеркәсіп» Транскаспий халық­ара­лық көлік маршруты арқылы Канада мен Румынияға уран жеткізді. Бұл дәліздің АҚШ-қа уран жеткізетіні әлі нақтыланған жоқ. Ресми Вашингтонның Ресейден уран импортын қысқартуға мүдделі екені белгілі. Бірақ жақын болашақта болғандықтан, Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің мүмкіндігін АҚШ пен ЕО елдеріне бағыттауымыз әбден мүмкін. Өткен 2022 жылы «Қазатомөнеркәсіп» Қытайға теміржол арқылы 30 тонна тө­мен байы­тылған уранды ядролық отын құра­ма­­лары түрінде жібергені осыған дейін айтылған еді.

«АҚШ-тағы, ЕО елдеріндегі АЭС-тердің жартысына жуығы ТМД елдерінен импортталған уранмен жұмыс істейді. Қазір РФ санкция құрсауында. Біздің уран Ресей өнімімен салыстырғанда арзан, сапасы өте жоғары. Қазақстан уран нарығында бәсекеге түсіп, сатудан барынша пайда алу үшін түпкілікті өнімді, яғни дайын отынды жасауы керек екен», дейді А.Чукин.

Сарапшы айтып өткендей, РФ-дағы жағ­дайдың бізге әсерін түпкілікті нәтиже деп үміттеніп қалуға болмайды. «Бізге уран отынының қосалқы бөлшектерін өзімізде шығаруға мүмкіндік болмады. Тапсырыс беруші компаниялардың талғамы әртүрлі, әрбір АЭС уран отынымен бірге жылу мөлшерін қалыпты деңгейде сақтайтын технологиялық жаб­дық­қа тапсырыс береді. Жоғары сынып­­­тағы да­йын уран түйіршіктерін өзі­міз­­де дайындау мен экспорттауға енді ғана қол жеткіздік, олардың өндіріс көле­мі әлі де аз. Толық цикл үшін жаңа тех­но­логиялар, өндіріс пен мамандарды даярлауға инвес­тиция керек», дейді А.Чукин.

Ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиев бізбен әңгімесінде уран та­би­ғатта 0,7 пайыздық күйде кездесетінін, ал 95 пайызға дейін байытылса, атом бомбасы пайда болатынын айтқан болатын. Ал бізге АЭС отыны үшін 2,5-4 пайыз байы­тыл­са, жеткілікті. Одан артығына рұқсат жоқ. Отын циклі уранды өндіруден басталатынын айтқан сарапшы әлемде алдыңғы орын­­дамыз деген мақтан сөз бізге абырой әпер­­­мейтінін де қаперге салып өтті. Бас­ты­сы, уранымызды шикізат түрінде экспорт­тап жатырмыз. Қазір ядролық отынды құру­­дың толық циклін жасақтау қажет. Реак­­торға дейінгі ядролық отын циклінің бар­­лық кезеңі үшін табиғи уранды конверсиялау үшін тағы бір өндіріс орнын құрған абзал.

«Біздегі зерттеу реакторы аз байы­тыл­ған уранға көшті. Мұны да Ресей дайын­дап береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конверсия және уранды байыту ісін қолға алу керектігін айтты. Енді Үкімет уранды өз елімізде байытудың мүмкіндіктерін пысықтап жатқан шығар деп үміттенемін. Уранды өзімізде байыта алсақ, толық цикл пайда болады», дейді сарапшы.

Энергетикалық мәселелер мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастардағы сыртқы саяси стратегияларды анықтауда маңызды рөл атқарады. Мұндай стратегияларды жүзеге асырудың негізгі құралдарының бірі – энергетикалық дип­ло­матия.

Дипломат Қазбек Бейсебаев біздің ел үшін энергетикалық дипломатия ерекше маңызды екенін, отын-энергетика кешенін ре­­фор­малау мәселесін көтеріп қана қой­май, экономикамызды құрылымдық қай­та құруға мүмкіндік беретінін айтады. Сарап­­шы айтқандай, энергетикалық дип­ло­матияның мүмкіндігі шексіз. Оның әрбір сегменті дипломатиялық мүмкіндігі мен ондағы біздің үлесіміздің бізге тиімді тұс­тарын саралап жатыр. «Франция пре­зи­денті Эммануэль Макронның Астана са­пары кезінде әлем сарапшылары уран дипломатиясындағы біздің елдің мүм­кін­­дігіне назар аударды. Дәл қазір уран сегментіндегі тек шикізат бағытына ба­сым­­­дық беріп қана қоймай, уран дипло­ма­­­тиясының тілін меңгерген мамандарды даярлауға басымдық беруіміз керек.­ Бұл біздің салалық дипломатияның қа­лып­­­тасуына мүмкіндік береді», дейді сарап­шы.

Осы ретте сарапшылар 2008 жылы Франция Қазақстанды Джордж Бесс-II уран байыту зауытының құрылысына қатысуға шақырғанын, оның алдында 2005 жылы Астана кәсіпорнының 10 пайыздық үлесін сатып алу туралы өтініш жібергенін, бірақ ол қабылданбағанын жиі айтады. Біздің мемлекеттің сол кездегі «жеткіліксіз рейтингі» 10 пайызға барар жолымызды жауып тас­тады. Ал қазір басы АҚШ, Франция тәрізді алпауыт елдердің өзі қазақ уранын бірлесіп игеруге мүдделі болып отыр. Мысалы, Батыс елдерінің ядролық отын жасайтын компаниялары да біздегі уран өндіретін кәсіпорындармен бірігіп жұмыс істеп жатыр. «Енді сол компаниялардан пайыздық үлес сатып алуға басымдық берілу керек. Уранды өзгелердің ұрасына аттандыра беру немесе шетелдіктерге акция пакетін беру үшін тым ақылды болудың қажеті жоқ. Біліктілік сол пайыз­дың қомақты үлесін өзімізге елге қарай бейімдеу кезінде шыңдалады, уранға қатысты ойын ережесіне қолтаң­ба­мызды қалдыруға мүмкіндік береді. Бұл отандық дипломатияның да мүм­кін­дігін әртараптандырады. Уран дип­ло­ма­тия­сындағы үлесімізді ойын ережесіндегі қол­таң­бамызды қалдырудан бастау маңызды», дейді Қ. Бейсебаев.

 

АЛМАТЫ